Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы–2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі басымдықтарын түсіндіру жөніндегі республикалық кеңестің отырысы өтті.

Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы–2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі басымдықтарын түсіндіру жөніндегі республикалық кеңестің отырысы өтті.

Оған Қазақстан Президенті Әкімшілігінің, Үкіметтің, Премьер-Министр Кеңсесінің, Парламент Сенаты мен Мәжілісі аппараттарының, «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының өкілдері, министрліктер мен ведомстволардың жауапты хатшылары мен министрлердің орынбасарлары, Астана, Алматы қалалары әкімдері мен облыстар әкімдерінің орынбасарлары мен ішкі саясат басқармаларының басшылары, ұлттық ЖОО-лар мен қоғамдық бірлестіктер, зерттеу институттарының, БАҚ-тардың басшылары қатысты.
Кеңес отырысын ашқан Қазақстан Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Б.Майлыбаев бұл жиында Елбасы Жолдауын іске асыру аясындағы республика аумағында атқарылатын ақпараттық-насихат жұмыстарының басым бағыттары талқыланатынына тоқталды. Мәселен, ол: «Осыдан 10 күн бұрын Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Жолдаудың негізгі ерекшелігі – Елбасы қазақстандықтардың ең басты сауалына жауап берді, Мәңгілік Ел – Қазақстан халқының Ұлттық идеясы екенін мәлімдеді. Халық Мәңгілік Елді жүрегіне өте жақын, жылы қабылдады. Міне, сондықтан бұл идеяны әрбір азаматтың санасына сіңіруге тиіспіз. Оны әрбір отандастың басты құндылығы етуіміз керек. Ұлттық идеяның төңірегіне топтасып, «Қазақстан-2050» Стратегиясының мақсаттарына ұмтыламыз. Елбасы айтқандай, «Қазақстан-2050» Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Биылғы Жолдау «Қазақстан-2050» Стратегиясының биік мақсаттарына бастайтын алғашқы саты», дей келе, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Қазақстанның әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына қосылу тұжырымдамасы дайындалғанын, демек, әрі қарайғы әрекеттер Жолдау мен тұжырымдама аясында өрбитінін атап өтті.
Сондай-ақ, Б.Майлыбаев Елбасының Үкіметке нақты тапсырмалар жүктегенін, ол тапсырмалар Президент Әкімшілігінің тікелей бақылауында екенін, сол себепті әрбір тапсырманың мұқият және уақтылы орындалуы маңызды екенін жеткізді. «Елбасының Жолдауын насихаттау бағытында қазір де бірқатар шаралар атқарылды. Біріншіден, Жолдауды жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспар бекітілді. Екіншіден, Жолдауды ақпараттық қолдаудың арнайы Іс-шаралар жоспары жасалды. Үшіншіден, 2014 жылға арналған ақпараттық стратегияның жобасы дайын»,– деді Бағлан Асаубайұлы.
Ол өз сөзінде бүгінде ақпараттық-насихаттық жұмыстардың ортақ алгоритмі жасалғанын, ол жұмыстарға 16 республикалық, 3 мыңнан астам өңірлік ақпараттық топ қатыстырылғанын атап өтті. «Бұған қоса, 3 ақпараттық толқын ұйымдастырылатын болады. Бірінші ақпараттық толқын биылғы жылдың 1 наурызына дейін жүзеге асырылады. Бұл жұмыстар қазірдің өзінде басталып кетті. Оның негізінде танысу жұмыстары жатыр. Екінші толқын 1 наурыз бен 1 қыркүйек аралығын қамтиды. Бұл кезең Жолдаудың әрбір басымдығын жүзеге асыру жөніндегі ақпараттық-насихаттық жұмыстарға арналуы тиіс. Ал үшінші толқын 1 қыркүйекте басталып, жылдың аяғына дейін жалғасады. Бұл кезеңде Елбасы Жолдауында айтылған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру жұмыстары қалай жүргізілгендігі туралы жылдық есеп қорытындыланады», деді Б.Майлыбаев.
Кеңес барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек, Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры Е.Бабақұмаров, Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсенова, Алматы қаласы әкімінің орынбасары З.Аманжолова сөз сөйледі.
Кеңес қорытындысы бойынша қатысушыларға нақты тапсырмалар мен ұсынымдамалар берілді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
––––––––––––––
Суретті түсірген
Игорь БУРГАНДИНОВ.