28 Қаңтар, 2014

Елім деп өткен ғұмыр

300 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

01-Баян Жангалов99 жасқа қараған шағында дүниеден озған халқымыздың қазына қарты, Социалистік Еңбек Ері Баян ЖАНҒАЛОВ өмірінің ғибраты мен ұлағаты жайлы бірер сөз

 

01-Баян Жангалов99 жасқа қараған шағында дүниеден озған халқымыздың қазына қарты, Социалистік Еңбек Ері Баян ЖАНҒАЛОВ өмірінің ғибраты мен ұлағаты жайлы бірер сөз

Кейде көңілді бір мұң басатыны бар!

Жаныңды тұмшалаған сол бір мұң тұманның арасынан күн санап, араға жылдар салып ұзап бара жатқан өз өміріңнің қилы-қилы кезеңдерінің елес болып тұрып аларын да қайтерсіз?! Әлде өзіміз өмір сүріп жүрген сол біздің өміріміздің өзі елес пе екен?! Өтіп жатыр бәрі де елес болып! Сол өмір елестің әрідегі. . . тіпті, тым-тым әрідегі тұңғиық тереңіне үңілер болсаңыз, күрсінеріңіз және де бар. Күрсінесің! Күрсінесің де кеудеңнен жалын болып шыққан сағыныштың аптабынан жаның жай таппай, шөліркегендей күйге түсесің. Шөліркей отырып, өз өміріңдегі ардақты да абзал бір жандарды ойлайсың. Қайда екен? Қайда кетті екен? Білесің оны да! Қайда екенін де, қайда кеткенін де білесің! «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы?!» деген Абай хакімнің ойымен сабақтаса отырып, сол бір жандарды өз аузыңмен «өлді» деп те айта алмайтының да болады екен.

Осы бір көңіл ауанымен мен де жаны жаз, өмірі ғибрат, жүріс-тұрысы өнеге, сөзі сали­­қалы, ойы кемел, пейілі адал, ниеті таза, әр­да­йым тілеуі де, тілегі де ел үстіндегі, айтар өсие­ті мен берер батасы да жаныңа қуат болар қа­­зына қартым, абызым, жарықтық Баян ағам Жан­­ғаловты да «өлді деуге бола ма айтың­дар­­шы?!» деп жер әлемінен іздегендей күйге түсе­мін.

Сағынып жүрмін. Еркелеп барғанымда, омырауын күміс сақалы жапқан қартымның кең құшағын жайып, «айналайын» деп бауырына басар сәттері де аңсата береді. Жанына отырғызып қойып, үй-ішіңнің, бала-шағаңның амандығын сұрап, «жарайды екен, аман жүріңдер, жақсы жүріңдер» деген бір ауыз сөзімен бойыңа қуат беретін. «Жақсы жүріңдер» деген бір ауыз сөзімен жамандыққа жоламаңдар, адал еңбек етіңдер деген ниетін танушы едім.

Жеке әңгімелескен сәттерімізде де, дастар­қан басындағы сөзі мен берер батасында да, үлкен бір жиындарда сөйлер сөзінде де «шырақтарым, сендер бір тамаша кезеңде өмір сүріп жатырсыңдар. Мына тәуелсіздік біздің маңдайымызға біткен бақ қой! Соның қадірін біліңдер! Айналайын, Нұрсұлтаным, қиыннан жол тауып, Қазақстанды әлемге танытып келе жатыр ғой. Елбасына көмектесіңдер! Елбасымен бірге болыңдар! Қазақтың бағына туған ұл ғой ол!» деп айтудан бір жаңылмай кеткен Баян ағамның осы бір сөздерін енді келіп аманат пен өсиет есебінде қабылдайтынымыз бар. «Осы шал осы бір сөзін қайда жүрсе де, қайда сөйлесе де айта беретін болды-ау», деген талай бір күңкілбайларды да естідік. Алайда, абыз қарт осы бір өсиетін айтудан жалыққан да емес, жаңылған да емес.

«Айналайын, Нұрсұлтаным!» дей отырып, Елбасының әр сөйлеген сөздерін мысалға келтіріп, не болмаса баспасөз беттеріндегі сөздерінің астын сызып қойып, сол төңіректе аталық ақылын, аталық тілеуқорлығын білдіріп отырар Баян Жанғаловтай қарттар қазақ халқының асыл қазынасы, елдің құты мен береке-бірлігін ұйыстырушы данагөйлері екен-ау! Әр әңгімесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты ең алғаш қалай жолықтырғанының өзін тамаша бір сүйіспеншілік көңілмен айтатын да, «айналайын, Нұрсұлтаным!» деп тағы да сол сүйсінісін жасыра алмайтын.

– Қазақстан Компартиясының кезекті бір съезіне Көкшетаудан шығып Алматыға бара жатқан пойыздың біз отырған вагонына «Ассалаумағалейкум, ағалар!» деп Теміртаудан мінген бір жас жігіттің осы сәлем берісінің өзінен әуелде тіксініп қалдық. Ол кезде «Ассалаумағалейкум» деп сәлем беру қайда?! Оның үстіне съезге бара жатқан өңкей коммунистерге бұлай сәлем беру дегенді қойып, бір-бірімізбен қазақшалап байқап сөйлесетін заман еді ғой ол, – деп Елбасы жайлы әңгімесін әріден таратар қартым сол сәтте қырандай сілкініп шыға келетін де, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен осы бір жол үстінде тұңғыш кездесуі мен одан кейінгі де сан мәрте жолығып, сұхбаттасқан сәттерін ерекше бір жан толғанысымен әңгімелейтін. Енді ойлап отырсам, Баян ағамның жан жүрегінде елге деген, Елбасына деген үлкен бір сүйіспеншілігі мен құрметі жатыр екен ғой. Елбасының тілекшісі болуды өз еліңнің тілекшісі мен тірекшісі болу екендігін өз басым осы Баян ағамның ғибратты өмірі мен ұлағатты сөздерінен ұғынғандаймын.

Өз кезегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың да халқымыздың осы бір қазына қартына деген көңілі мен пейілі де, ықыласы мен құрметі де айрықша болды. Осы бір ойымызды өзіміз куә болған мына жайлардан тарқатып көрейік. 2004 жылдың шілде айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев киелі Көкшенің Бурабайындағы Абылай хан алаңындағы ескерткіштің ашылу салтанатына қатысып, әрі-беріден толғай тартып, терең сөз сөйледі.

– Біз бүгін қазақ жерінің жәннаты саналатын Көкшеде, хан Абылайдың ордасы тігілген алаңда тағы бір әдемі ескерткіштің ашылуына куә болып отырмыз, – деп бастады өз сөзін Елбасы. – Бейбітшіл саясатымыздың ұрпақтан-ұрпаққа кетер белгісіндей күн арқалаған алтын қыран Көкше жерінде көкке өрлеген биік тұғырға көтерілді. Бұл ескерткіш Абылай баба­мыздың ұлт тәуелсіздігі жолындағы тынымсыз күресіне қойылған бүгінгі ұрпақтың тағзымы іспеттес. Оған келген әр адам еңселі елдігіміздің белгісіндей болған шаңыраққа, береке-бірлігімізді бейнелейтін уықтарға, ал ұшар биігіндегі ұлт символына айналған алтын қыранға қарап, біз үшін ең қымбат, ең биік ұғым елдік, тәуелсіздік, бірлік екенін ұмытпасын! – деген Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ үшін қасиетті алаңда айтылған осы бір сөзі көкейімізде күні бүгінге дейін орнығып қалды.

Елбасының осыдан он жыл бұрын, яғни 2004 жылы Көкшенің биігінде тұрып айтқан осы бір сөзін бүгінгі Мәңгілік Ел болу ұстанымымен қатар сөйлетер болсақ, біз әуелден мақсатты биіктерге бет алған ел екенімізді аңдаймыз. 2014 жылдың қаңтар айының 17-сі күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасының: «Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық!» дегені Нұрсұлтан Назарбаевтың бізді тәуелсіз елден Мәңгілік Ел болу сияқты ұлы мұратқа жетелеп те, бастап та келе жатқандығы деп бағалар едік.

Көкейіне осы бір ұлы мұраттар қонған Нұрсұлтан Назарбаевты тағы да қолдағысы келді ме екен, Абылай алаңындағы осы салтанаттағы сөзінде Баян ағам: «Сізге риза болғаннан, Сіздің саясатыңызды қолдау үшін тоқсанға келген жасымда мен де «Отан» (қазіргі «Нұр Отан» – Ж.Е.) партиясына өттім. Абылай ханға жасалған құрметіңіз кейін өзіңізге де жасалсын», – деп абыз қарт та батасын берді.

Сонан кейінгі бір сәт, 2011 жылы Астанада өткен ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына арналған салтанатқа Көкшенің Зерендісінде жатқан қарт Баян Жанғалов та шақырылған болатын, әрі сөз сөйлеуі де керек. Елбасы өз баяндамасын жасап болғаннан кейін мінберден түсті де, алқалы жиын өтіп жатқан Тәуелсіздік сарайының ең алдыңғы қатарында отырған Баян ақсақалға қарай жүрді. Тына қалдық. Баян ағам да орнынан тұрып, құшағын жайып Елбасыға қарсы аяңдады. Сол бір қос құшақ айқасқан сәтті «Ұлылықпен қауышу» деп ойға түйіп, кейін соны ел газеті «Егемен Қазақстанға» (14 шілде, 2012 жыл) жазып та, айтқан да болатынмын.

Зерендіде тұрып жатқан абыз қартқа соғып, сәлем беру дағдылы бір борышымдай болғаны бар. Сондай тағы да бір сұхбат құрғанымызда Баян ағамның: «Айналайын, Нұрсұлтаным кісі сыйлауды біледі ғой! Қай елдің патшасы мінберден түсіп, топтың ортасында отырған қартына келіп сәлем берер еді?! Бұл – бүкіл елге өнеге ғой! Бұл – ұлылық қой! Бұл – даналық қой!» – деп Елбасының сол жолғы сол бір қадамын қарттық жүрегімен тебірене айтып, толғанған Баян аға Жанғаловтың осы бір жан сыры естен кетпей, енді келіп жанымды әрдайым жылытып тұратыны да бар.

Өткен жылдың 30 қаңтарында 99-ға қараған шағында дүниеден озған Баян Жанғаловтың қазасына орай Елбасы жеделхат жолдап, қалың елге, қарттың отбасы мен ағайын-туыстарына көңіл айтып, өзінің осы бір абыз қартқа деген құрметін де білдірген болатын. Бұл сол Баян ағам айтып отыратын Елбасының бүкіл елге көрсеткен өнегесі ғой!

Әр санаға ұғарлық сөз қалдыру үшін де өзіңнің тал бойың мен ойың да, жан дүниең де таза болуы керек шығар әуелі! Сол бой мен ой тазалығы біз іздеп жүрген имандылық та болар, бәлкім! Тағы да сол бой мен ой тазалығы шығар, абыз қартым Баян аға Жанғаловтың осы бір имандылығы нарттай болып екі бетінде, шуақ шашып қос жанарында тұрушы еді.

Өткен күннің бәрі сағыныш. Бәлкім, күндегі күйбең тіршілікпен жүріп біз адам баласы дегеніңіз мына өмірге өзіміздің де сағыныш болып келіп, сағыныш болып кетерімізді де әлі толық бағамдай алмай жүрген шығармыз. Өтпелі өмірдің көш керуенімен халқымыздың қазына қарты Баян аға Жанғаловтың да мәңгілікке аттанып кете барғанына да жыл болды. Аз жасаған жоқ. Өмірінің соңғы сәтіне дейін елінің ортасында болды. Шаршы топтың алдына шығып сөз сөйлеп жүрді, елінің төрінде отырды. Енді орны ойсырап тұр. Әсіресе, жүректегі орны! Өтпелі өмірден өткендерді біз де сағынармыз, бізді де сағынар әлі талайлар!

Кейде көңілді бір мұң басатыны бар!. .

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

жазушы, Қазақстанның

еңбек сіңірген қайраткері,

Парламент Сенатының депутаты.

Соңғы жаңалықтар