Білім • 08 Қыркүйек, 2021

Қазақстанда 80 мың студентке жатақхана жетіспейді

400 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ернұр Бейсенбаев Премьер-Министрінің орынбасары Е.Л.Тоғжановқа студенттерге арналған жатақхана құрылысы туралы депутаттық сауал жолдады, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанда 80 мың студентке жатақхана жетіспейді

Елімізде 1,1 миллионнан астам студент білім алады. Оның тек 16 пайызы ғана (174 мың) жатақханамен қамтамасыз етілген. Қазірдің өзінде жатақхана жетіспеушілігі 80 мың орынды құрап отыр.

«Бұл мәселені уақытында шешу үшін Елбасы 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырған.

Бірақ, аймақтарға келетін болсақ, бастама әркелкі жүзеге асуда», деді депутат сауалында.

Әсіресе, cтуденттер жатақханасының ең үлкен жетіспеушілігі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына тиесілі. Мысалы, Алматы қаласында 170 мыңға жуық студент білім алса, оның тек 31 мыңы ғана жатақханамен қамтылған. Дәл қазірдің өзінде Алматы қаласы бойынша жатақхана жетіспеушілігі 35 мың орынды құрап отыр.

«Жоғарыда берілген тапсырмаға сәйкес, Алматы қаласында 2022 жылдың соңына дейін университеттерде 16 мың орындық 38 жатақхана құрылысы аяқталуы қажет.

Бірақ, соңғы үш жылдың өзінде 1600 орынға жуық тек 6 студенттік жатақхана бой көтерді. Бұл көрсеткіш тиісті мемлекеттік органдардың жүйелі жұмысында олқылықтардың бар екендігін аңғартады», деді депутат.