«Көз қорқақ, қол батыр» дегендей, «Жаңа Жібек жолы» аталған ғасыр жобасы жүзеге асырылады дегенде, енді-енді бауырын көтеріп келе жатқан ел экономикасының бұған шамасы жете ме деп бір бармағын бүгіп қалғандар да болды. Бұрын-соңды мұндай ұзын жолды салып көрмеген егемен еліміздің осыншалықты батыл қадамға баруының да өзіндік сыры бар болатын. Жүк тасымалына кететін уақытты анағұрлым қысқартып қана қоймай, ел экономикасының тамырына қан жүгіртіп, елімізді көктей өтетін күрежолдың бойында шағын және орта кәсіпкерлік жанданып, халыққа жаңа жұмыс орындары ашылатыны да көп нәрседен үміттендіретін-ді.
«Көз қорқақ, қол батыр» дегендей, «Жаңа Жібек жолы» аталған ғасыр жобасы жүзеге асырылады дегенде, енді-енді бауырын көтеріп келе жатқан ел экономикасының бұған шамасы жете ме деп бір бармағын бүгіп қалғандар да болды. Бұрын-соңды мұндай ұзын жолды салып көрмеген егемен еліміздің осыншалықты батыл қадамға баруының да өзіндік сыры бар болатын. Жүк тасымалына кететін уақытты анағұрлым қысқартып қана қоймай, ел экономикасының тамырына қан жүгіртіп, елімізді көктей өтетін күрежолдың бойында шағын және орта кәсіпкерлік жанданып, халыққа жаңа жұмыс орындары ашылатыны да көп нәрседен үміттендіретін-ді.
Бастапқыда еліміздің өзі өз болғалы мұндай күре жол салудағы тәжірибесінің жетімсіздігі де әлде қайтеді деген екіұдай ойға итермелегені шындық. Алайда, қаржы көзін тауып, жол салуға төселіп қалған шетелдік мамандарды тарта отырып, облыс бұл іске білек сыбана кірісті. Сондықтан да болар, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің 628 шақырымы өтетін облыста бұл бағыттағы жұмыстар бірден қарқын алып кетті десек, артық айтқандық бола қоймас. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзитті көлік дәлізінің Ақтөбе теліміне барлығы 47,1 млрд. теңге инвестиция салыныпты. 2011 жылдың қазан айында Ақтөбе облысында ұзындығы 215 шақырым болатын «Қарабұтақ – Қызылорда облысының шекарасы» автожолының телімі республика бойынша бірінші болып пайдалануға тапсырылғаны да күні кеше болатын. Шапқан аттай шапшаң уақыттың еншісіндегі қыруар шаруаның бас-аяғын жинақтайтын да кез қашық емес. 2010 жылдан бастап, сметалық құны 13,9 миллиард теңге болатын ұзындығы 102 шақырым «Ақтөбе – Мәртөк – Ресей Федерациясы шекарасы» автомобиль жолын қайта құрылымдау қолға алынған. 2011 жылдың желтоқсанында ұзындығы 40 шақырым және түрлі деңгейдегі байламдарымен қарастырылған 1 көпірлі және 3 жол өткелі бар «Ақтөбе қаласының солтүстік айналымы» автомобиль жолы құрылысы басталған-ды. Бұл жол 2013 жылы толықтай пайдалануға берілді. Біз осы кезге дейін қандай шаруалар тындырылды деген сауалмен «Қазавтожол» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Бағлан Баймағамбетовті сөзге тартқанбыз.
– Бұл жоба құрылысы ең бірінші біздің облыстың аумағында басталғанын мақтанышпен айта аламыз. Дегенмен,Ұлғайсын елді мекенінен Ырғыздың үстімен Қызылорда облысының шекарасына дейінгі 215 шақырым жолға асфальт төсеуде біраз қиындықтар кездесті. Бұл жерлерде сорлар, барқан құмдар көп. Сондай-ақ, қиыршық тас, басқа да материалдар жеткізуге шалғайлау еді. Қиыршық тас Қарабұтақ өңірінен жеткізілді. Жоғарыдағыдай қиындықтарға қарамастан, жұмыс белгіленген мерзімде атқарылды. Миялыда екі және Қияқтыда екі, небәрі төрт қиыршық тас шығаратын зауыт жұмыс істеді, төрт асфальт зауыты орнатылды. Ырғыздың құмы пайдаланылды. 2011 жылы күрежолдың 215 шақырымы пайдалануға берілді. 215 шақырым жол телімі екінші дәрежелі жол санатында. Ені 9 метр, екі жолақты, автомобильдің белтеміріне түсетін салмақ 13 тоннаға дейін. Жолға жердің ыңғайына қарай қалыңдығы 60-80 сантиметр қатты жамылғы төселген. Бұл жобаны жүзеге асыруда халықаралық тәжірибе пайдаланылды, сондықтан сапасына сын жоқ. Сөйтіп, қиындықтарды жеңе отырып, алған бағыттан ауытқымаудың алғышартын жасадық, – дейді Бағлан Әуелбекұлы.
Оның айтуынша, өткен жылдың аяғына қарай ұзындығы 102 километр «Ақтөбе – Мәртөк – Ресей шекарасы» телімінде қатты жамылғы төсеу жұмыстары аяқталған. Осы жолдың 23 шақырымы жарықтандырылған. Қазірдің өзінде түнгі кезеңде қаладан шыққан, қалаға кіретін автокөліктер осыншама қашықтықта самаладай жарқыраған электр шамдарының жарығының астында жүреді. Жол салуда Түркияның «Джингиз Иншат» компаниясы және қосалқы мердігер «Иврус» компаниясы қарқынды жұмыс істеді. Осы жолдың бойында 46 су құбыры салынды, соның ішінде 14 көпір бар. Мәртөкке кіреберістегі Елек өзенінен өтетін үлкен жаңа көпір құрылысы да пайдалануға берілді. Қазір жол белгілері, аялдамалар, демалыс орындары және басқа инфрақұрылымдар салу толықтай аяқталды. Сөйтіп, ақтөбелік жолшылар өңірлер арасында бірінші болып «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің өздеріне тиесілі телімін толықтай пайдалануға беріп, ширақтық танытты.
Сонымен бірге, қаланың солтүстік айналма жолы құрылысы да іске қосылды. Бұл арада осы айналма жол бойындағы жерлердің иелерінің шаруа қожалықтарының жетекшілерінің мемлекеттік маңызды іске түсіністікпен қарағанын атап өткен жөн. Соның нәтижесінде ғана осы жерлерге төленетін өтемақыдан мемлекеттің 75 миллион теңге қаржысын үнемдеуге қол жеткізілді. Мұнда облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің жер иелерімен ортақ тіл табысуының да қайтарымды болғанын айтқан жөн.
– Айналма жол салуға 6 миллиард теңге қаржы игерілді. 40 шақырымға белгіленген қалыңдықта қатты жамылғы төселді. Солтүстік айналма жолдағы төрт көпір, үш өткел құрылысы да аяқталды. Көпірлерді жарықтандыру, сырлау, белгілерін орнату жұмыстары жүргізілді. Айналма жолды салған «КДС «Қазавтодор» компаниясы жұмыс қарқынын бәсеңдетпей өзіне бекітілген жұмысты уақытында бітірді. Бұл айналма жол қаланы көктей өтетін көліктерге де ыңғайлы және қаладағы көлік кептелістерін жеңілдетуге де ықпал етеді, – дейді Бағлан Баймағамбетов.
Жалпы, «Ақтөбе – Мәртөк – Ресей шекарасы» жол телімінде және қаланың солтүстік айналма жолы құрылысында 1400-ге жуық адам жұмыс істеді. Оның 50-і ғана шетелдің мамандары болды. Күрежолды салу жұмыстарына 400-ге жуық техника жұмылдырылды. Салынған жолдың, көпірлер мен өткелдердің сапасы жоғары.
– Біздің облыста «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокеруеніне қатысушылар болып, жаңадан салынған жол былай тұрсын, осыдан он жыл бұрын салынған жолдардың сапасын жоғары бағалап кетті. Ал, жаңадан салынған жол да халықаралық стандарттарға толық жауап береді. Тек шөл және шөлейт аймақта орналасқандықтан, кейбір тұрмыстық игіліктер кенже қалып отырғаны шындық. Осы автокеруен құрамында болған ТМД жолшылары үкіметаралық кеңесі хатшылығының жетекшісі, техника ғылымдарының докторы Бури Каримов Бресттен бері қарайғы сапарында мұндай сапалы жолды кездестірмегенін айтқанда кеудемізді мақтаныш кернеді. Мұны біздің еңбегімізге берілген әділ баға ретінде қабылдағанымыз рас, – дейді ол.
Жол бойында жұмыс істейтіндер вахталық поселкелерде тұрды. Оларда жұмысшылардың еңбек етуі, тынығуы үшін барлық жағдайлар жасалды. Асхана, кір жуатын орын, монша жұмыс істейді, жұмысшылар үш мезгіл тамақтандырылды, жұмыс киімімен қамтамасыз етілді.
Ақтөбелік жолшылардың қарқынды жұмысы ғасыр жобасын белгіленген мерзімде пайдалануға беруге берік негіз қалады. Қазір осы күрежолдың үстімен өтетін автомобиль жүргізушілері де, жолаушылар да дән риза. Ендігі мәселе осы көлік дәлізі бойында сервистік қызмет нысандарын салу, туристік инфрақұрылымды дамыту болып отыр. Облыста оның да ізі ашылып, бұл бағыттағы жұмыс басталып кетті. Бұл жол бізді өркениетке бір қадам жақындата түсетініне сенім мол.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.