Экономика • 08 Қыркүйек, 2021

«Қазақстан - Әзірбайжан Іскерлік кеңесі» құрылады

437 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп  хабарлайды Egemen.kz.

 

«Қазақстан - Әзірбайжан Іскерлік кеңесі» құрылады

«Үлкен делегациямен Бакуге келдік. Мұнда сауда-экономикалық миссия өтеді, оған тамақ өнеркәсібі, машина жасау, IT, медицина, металл илегі, мұнай химиясы, құрылыс материалдары мен жабдықтарын өндірумен айналысатын компанияларымыз қатысады», деп жазды Сұлтанов.

Министр IT-шешімдер саласында жұмыс істейтін жергілікті, әзірбайжандық компания Қазақстанда бизнес-серіктестер мен өндірушілер іздеп жатқанын мәлімдеді.

«Біздің компанияларымыз өз өнімдерін және экспорттық мүмкіндіктерін түркі әлемінің барлық елдеріне ұсынады.  Миссиямыз Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің экономика және сауда министрлерінің 10-шы отырысы күндері өтуде.

Жақында мен сауда-экономикалық миссиялардың жұмысына сыни баға бергенін оқыдым, олардың нәтижесі мен әсері жоқ деген секілді ой шығады екен. Мен бұған келіспеймін», деді ол.

Министрдің жазуынша, өткізілген алты сауда-экономикалық миссия арқасында жыл басынан бері 163 миллионға 40 келісімшарт жасалған. Сонымен қатар бір жүз миллиондық жаңа келісімшарттар жасау жоспарланған. Қазір олар қол қоюға дайындық кезеңінде.

«Сауда-экономикалық миссияға қатысу 100% келісім-шарт жасасуға кепілдік бермейтінімен келісемін, бірақ әртүрлі елдер бизнесінің жеке байланыстары нығайып келеді.

Бизнес бір-бірімен танысып жатқанда, біз әзербайжандық әріптестерімізбен үкіметаралық комиссияның кезекті 11 отырысын өткіземіз.

Күн тәртібінде сауда-экономикалық ынтымақтастықтың барлық салаларын қамтитын мәселелер бар. Оның ішінде, екі ел бизнес орталарының диалогы үшін «Қазақстан - Әзірбайжан Іскерлік кеңесі» платформасын құру да бар.

Бүгін біз Әзірбайжан экономика, қорғаныс өнеркәсібі, көлік, байланыс және жоғары технологиялар министрліктерінің басшыларымен екіжақты кездесулер өткіземіз.

Қолдан келгенше келіссөздер барысы туралы сіздерге хабарлайтын боламын», деп қорытындылады Сұлтанов.