Президент • 09 Қыркүйек, 2021

Жолдау өзегі – ел үшін еңбек ету

369 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында, ең алдымен, Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне тоқталып, береке-бірлік пен тату тірлік арқылы қол жеткізген ең қастерлі құндылығымызға айрықша мән берді.

Жолдау өзегі – ел үшін еңбек ету

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың көреген саясаты мен көш­бас­шылық қасиетінің арқасында бүкіл әлемге танымал, іргесі біртұтас, жаңа мемлекет құрылғанын тілге тиек ете келе, «Егемендік дегеніміз – жа­лаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуел­сіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қо­ғам­­дағы тұрақтылық пен тыныштық. Сон­дай-ақ халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы», деп, алдағы уа­қытта да барлық бастаманың осы ба­ғыт­та жалғасатынын атап өтті.

Әр азамат Тәуелсіздік игілігін сезінуі үшін біздің мемлекетіміз үш онжылдық белес­те егемендіктің әр сәтін қалт жібер­мей, әр қадамын мұқият ойластырып әрекет етті. Елбасының көреген саясатымен әр жылға, әр мақсатқа нақты жос­парлар құрылып, даму бағдарламалары жасалды. Көзделген меженің барлығы уақы­тынан бұрын еңсеріліп, азғана уақыт ішінде Қазақстан әлемдегі орнық­ты, беделді мемлекетке айналды.

Бүгінгі таңда ел билігін қолына алған Қасым-Жомарт Кемелұлы стратегиялық жобалар мен жүйелі реформаларды жаңа саяси бағытта лайықты жалғастырып келеді. Демек, біздің елдегі табыс пен жетістік кілті – Елбасының келешекті көре білген кемеңгерлігінен және Мем­лекет басшысы жүргізіп отырған саяси сабақ­тастықтың беріктігінен деп тұжы­рым­дауға болады.

Тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығында баршамызға жүктелген жауапкершілік пен көтерілген мәселелер Мемлекет басшысының жыл басындағы «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» атты мақаласымен  үндесіп жатқаны да көңіл қуантады.

Президент: «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргета­сын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мем­лекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетін­де сақталамыз. Осы айнымас ақи­қат­ты берік ұстануымыз қажет. «Тәуел­сіз­дік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс», деген еді. 

Әр қазақстандық үшін Тәуелсіздік жолындағы күрес – өз қызмет орнында, қоршаған ортасында, отбасында адал еңбек етіп, өзі жауапты саланың дамуы­­на аянбай үлес қосуы деп білемін. Пре­­зи­дент айтқандай, жалаң ұран мен жалын­ды сөз емес, нақты іспен нәтиже көр­сету. Ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұ­мылу арқылы пандемиядан ке­йін­гі ке­зеңдегі экономикалық және әлеу­­мет­тік ахуалды заман талабына сай жан­­дан­дырып, Орталық Азиядағы, әлем­дік аре­на­дағы көшбасшылық рөліміз­­ді нығай­туға күш салу. Қасым-Жомарт Кемел­­ұлы  өз сөзінде «Қарапайым зат­тар эко­­­но­микасы», «Бизнестің жол кар­та­­сы» бағ­­­дарламасының мерзімін 2022 жыл­­­ға ұзар­тып, Ұлттық банк пен Қаржы нары­­­ғын реттеу мен дамыту агентті­гі­нен атал­­ған мәселе бойынша нақты ше­шім­дер кү­тетінін жеткізді. Сонымен қатар азық-тү­лік бағасы, мал шаруашылығы, ауыл ша­руа­шылығын технологиямен жабдық­тау мәселесін де айналып өтпеді. Соның ішінде цифрландыру жүйесін жолға қо­йып, ІТ-секторды дамытуды тапсырды.

Осы орайда қазақ білімі мен ғылы­мы­­ның қарашаңырағы – Әл-Фараби аты­ндағы Қазақ ұлттық университеті Пре­зи­дент тапсырмаларын кезең-ке­зеңі­мен жүзеге асыруға әзір. Мәселен, 100 мың жоғары білікті ІТ-маманын даярлау үшін ақпараттық технология­лар фа­куль­­тетінде жаңа оқу бағдар­ла­ма­лары қа­рас­тырылып, студенттер саны жыл са­йын көбейтіледі. Биыл жеті мамандық ашылып, 400 студент, 200-ге жуық магистрант, 34 докто­рант қабылданды. Алдағы жылы 900-ге жуық бакалавр, 150-ден астам магистр, 35 докто­рант – барлығы мыңнан астам ІТ-маманы қолына диплом алады. Жаңа технологияларды меңгерген, бәсекеге қабі­летті, білікті ІТ-мамандарын оқыту аясын кеңейту Президент талабына сай күшейтілетін болады.

Президент Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру, ін­дет­пен күрес шараларын күшейту, ме­ди­­­цина өнімдерін зертханалық және тех­­­ни­калық сынақтан өткізетін орта­лық құру, елі­міздің биологиялық қауіп­сізді­гін бол­­жау­­мен айналысатын Ұлттық жүйе жасақ­тау мәселесі де күн тәртібіне қойылды.

Осыған сәйкес, ҚазҰУ-дың медицина, биология және химия факультеттері мен кафедралары бірлесе отырып жаңа ғылыми әзірлемелер дайындап, ірге­лі зерттеулер жүргізіп, талдамалар жа­сауға, аталған саладағы білікті маман­дар­дың тәжірибесін жетілдіруге басты назар аудармақ.

ҚазҰУ мамандары мен ғалымдары­ның БҒМ комитетінің жұмыс тобының құрамында ДДҰ-ның QazCovid-19 вакцинасын сертификаттауға құжаттарды дайындауға сарапшы ретінде қатысқанын атап өткім келеді.

Сонымен қатар ҚазҰУ мен Биоло­гиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты (БҚПҒЗИ) вирусолог-мамандарды бірлесе даярлау туралы келісімге келді. Елімізде ал­ғаш рет ҚазҰУ биотехнология кафед­расы­ның, биология және биотехнология факультетінің және биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ BSL-2 және BSL-3 зертханаларының базасында вирусолог-мамандарды даярлап шығарады. Алдағы жылы биотехнология кафедрасының меңгерушісі Аида Қыстаубаева вирусология бойынша қос диплом бағдарламасын ашуды жоспарлап отыр. Paris Saclay университетімен алдын ала келісім бар, студенттер екі семестр бойы Париж университетінің үздік зертханаларында білім алады. Биология факультетінде биоэнергетика лабораториясын ашу көзделуде.

Мемлекет басшысы жаңа оқу жылы­ның басында педагогика саласы қыз­меткерлерінің айлығын өсіру үшін алдағы үш жылда 1,2 триллион теңге жұмсалатынын жариялап, ұстаздар қауымын ерекше қуантты. Соның ішінде жетекші ғалымдарымызға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешуді міндеттеді.

1 қыркүйектен бастап ҚазҰУ-да оқытушылардың жалақысы ұлттық оқу орындары арасындағы ең төменгі деңгейден алдыңғы қатарға шықты. Ендігі жерде оқытушы – 285 мың теңге, аға оқытушы – 312 мың теңге, қауым­дас­ты­рылған профессор – 389 мың теңге, профессор – 500 мың теңге алады. Бұ­дан басқа, философия докторы (PhD), ғы­лым кандидаты, ғылым докторы дәре­жесі, біліктілік деңгейі үшін қосым­ша ақы белгіленді. Сондай-ақ жоға­ры рей­тингті шетелдік басылымдарда ғы­лыми мақалалар жариялаған оқыту­шылар мен профессорларға жылына екі рет сыйақы төлеу қарастырылды. Жақында Scopus деректер базасында мақала жария­ла­ған 234 ғалым 74,8 млн теңге қаржылай сыйақымен марапатталды. 

Қазақстан Президентінің іргелі ғы­лым­ды дамыту үшін грант мерзімін қазір­­гідей үш жылмен шектемей, бес жыл­ға дейін қарастыру ұсынысын да ғалым­дарымыз қуана қабыл алды. Сөз­сіз, бұл бірінші кезекте ғылыми ізденіс­тердің нәтижелі болуына үлкен септігін тигізеді.

Жерасты қазба байлықтарын игеріп, өнеркәсіпте жарату мақсатында Прези­дент елімізде Бірыңғай ұлттық геоло­гия­лық қызметі құрылатынын айтты. Бұл экономика мен ғылымды бірікті­ретін үлкен құрылым болмақ. Біз универ­ситетіміздегі география және табиғатты пайдалану факультеті базасында осы бағытта терең ғылыми талдамалар мен зерттеулер жүргізуге дайынбыз.

Жолдауда жұрт көңілінен шыққан тағы бір тақырып – мемлекеттік тіл. Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ата Заң бо­йынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі.  Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады», деді.

Мемлекет басшысы бұған дейін де қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейтіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру қажеттігін мәлімдеген. Сондай-ақ «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Қазақ тілінің жағдайы туралы айтқанда, мемлекетіміздің негізін қалаған Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айрықша еңбегін атап өтуге тиіспіз. Ол елімізде мемлекетқұрушы ұлттың саны едәуір аз болғанына қарамастан, Қазақстанның Тәуелсіздігін жариялады. Сондай аумалы-төкпелі кезеңнің өзінде Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей ықпал етуімен Парламент қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялады.

Мемлекеттік қызметке, оның ішінде халықпен тығыз жұмыс істейтін лауа­зым­ға тағайындау кезінде кәсіби білік­тілігіне қоса, қазақ тілін жақсы біле­­тін аза­маттарға басымдық беру керек. Пар­ламентте немесе баспасөз мәсли­хат­тарында мемлекеттік тілде сөй­леп, пікір алмаса алмайтын мемлекет­тік қыз­­меткер ұғымы, ең алдымен, қазақ аза­­мат­­тарының арасында анахронизмге ай­налуға тиіс», деп нақтылап өткен.

Бұл тапсырмаларды бұлжытпай орын­дау және айтпай-ақ түсініп жасау – біз­дің міндетіміз. Өйткені мемлекеттік тіл – Тәуелсіздіктің басты белгісі. Талай тарих­ты бастан кешірсек те, ана тіліміз өзінің қадір-қасиетін жоғалтпай келеді. Дегенмен қазақ тілі жазба әдебиетте көрініс тауып қана қоймай, толыққанды ғылым тіліне айналуы тиіс. Ол деңгей­ге жету үшін ұлттық намыспен, жігер­мен қоса, ғалымдарымыздың ізденіске толы ерен еңбегі мен терең білімі керек. ҚазҰУ ғалымдары мемлекеттік тілді ғы­­лым тіліне айналдыруды қолға алып, ғы­лы­­ми жаңалықтардың қазақ тілінде жа­зы­луына басымдық береді.

Қазақстан Президенті сөз соңын: «Мық­ты мемлекет болу үшін ұлттың ұйыса білуі айрықша маңызды. Шын мәнін­де ұйымдасқан ұтады. «Ынтымақ жүр­ген жерде ырыс бірге жүреді» деп халқы­мыз бекер айтпаған. Біздің күш-қуаты­мыз – берекелі бірлікте. Ендеше бірлігі­мізді бекемдеп, ел үшін еңбек етейік! Қасиетті Отанымыз мәңгі жасай берсін!» деп аяқтады.

Ендігі жерде әрқайсымыз Мемлекет басшысы жүктеген жауапкершіліктер­ді сезініп, барлық бастамаларды лайық­ты жүзеге асыруға міндеттіміз! Өйт­кені Жол­­дау тұжырымы – Тәуелсіздікті сақ­тау, ел үшін еселі еңбек ету.

 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректоры