«Ең төменгі жалақы деңгейін қайта қарайтын кез келді деп санаймын. Бұл – бір жағынан аса маңызды макроиндикатор болса, екінші жағынан – әркімге түсінікті көрсеткіш. Бізде ең төменгі жалақы мөлшері 2018 жылдан бері өскен жоқ. Коронавирусқа байланысты әлемдік дағдарыс тұрғындардың табысына кері әсер етті. Оның үстіне Қазақстан ең төменгі жалақы деңгейі бойынша ТМД-ның бірқатар елінен артта қалып қойды», деді Президент.
Осылайша, Мемлекет басшысы 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеру туралы тапсырма жүктеді. Президенттің айтуынша, бұл қадам 1 млн-ға жуық отандасымызды тікелей қамтитын болса, еңбек етіп жүрген барлық азаматқа да жанама түрде әсер етеді. Мен бұл шешімді толық қолдаймын. Себебі пандемия жағдайы түрлі салаға зиянын тигізіп, көптеген адам жұмыссыз қалған болатын. Кейбір отандастарымыздың жалақысы қысқарды. Жығылғанға жұдырық болып, азық-түлік бағасы да өсіп жатыр. Сондықтан бағалай, түсіне білген адам үшін 60 мың теңге дегеніңіз әжептәуір қаражат. Аз деп те, көп деп те айтуға болмайды.
Әрине, 60 мың теңгенің өзін азсынатын адамдар да болуы мүмкін. Олай ойлау дұрыс емес дер едім. Бұл күн көру үшін көп-көрім қаражат. Мемлекет үшін ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көбейтудің өзі жетістік. COVID-19-дың кесірінен жаһандық экономика жақсармай тұрған кезде, оның Қазақстанға да әсер ететіні анық. Себебі біз де әлемнің бір бөлшегіміз. Соған қарамастан ел Президенті осындай нық қадам жасап отыр. Отандастарымыздың әл-ауқатын жақсартудың жолын ел болып түсініп, Мемлекет басшысының тапсырмасы жүйелі орындалуы үшін қолдау көрсетуіміз керек. Сонда ғана нақты нәтижеге қол жеткізе аламыз.
Тағы бір айта кетерлігі, ең төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңгеге көбейген соң, соны назарға ала отырып, өзге де жалақылар жоғарылайды деп сенемін. Себебі елімізде ең төменгі жалақы мөлшерінен бөлек, орташа жалақы, ең жоғары жалақы тағы бар. Яғни ең төменгі жалақы мөлшерінің өскені басқа да еңбекақы мөлшеріне оң әсерін тигізеді деген сөз.
Әрине, еліміздегі ең төменгі жалақы деңгейі дамыған елдердің көрсеткіштерімен терезе теңестіре алмайды. Алайда Орталық Азия елдерімен үзеңгі қағыстыра алатыны анық. Сондықтан Мемлекет басшысы бұл шешімді дұрыс әлі уақтылы қабылдады деген пікірдемін.
Еңлік НҰРҒАЛИЕВА,
«Еуразиялық құқық қорғау орталығы» қоғамдық бірлестігінің президенті, заң ғылымдарының докторы, профессор