Өнер • 09 Қыркүйек, 2021

«Самалтауды» салғанда...

585 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

«Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі» дегендей, көзін ашып көрген шоқысы мен тауы қай адамның болсын Самалтауы емей немене? Қолатынан самал еспесе, сайынан жұпар аңқымаса, оның тау аты қайсы?! Жазы-қысы желі бір тынбайтын ауылдар да болады. «Бораны он күн соққан естен кетпес, үйренген ауылыма ештеңе етпес» деген жолдар да атақты «Самалтау» әні шыққан атыраптан алыс жерде тумаған.

«Самалтауды» салғанда...

Бұрын алты қырдың астынан естіледі дейтін ән мен ән­ші­ні әспеттегенде. Ән төре­сі «Са­мал­тауды» Димаш Құдай­бер­ген орындағалы алты құр­лық­­қа бір-ақ тарады. Сөйткен күні қазақ – Димаш орындағанға де­йін Бекболат Тілеуханның шыр­қауында халық әні аталып кел­­ген туындының шығу тарихы мен авторына сұрау салып, Алаш дала­сынан Самалтау атты жер іздеп кетті. Өнертанушылар мен өлкетанушылар әртүрлі пікірде. Көбісі ондай жер аты жоғын айтады. Серікбол Хасанның осы ән туралы зерттеу мақаласында Берік Жүсіп «Самалтау» – жер атауы емес, әндегі типтендірілген бейненің «самал таулы, шалқар көлді қайран елі» еді ғой» дейді. Иә, самал тауды іздейтін болсақ, сағым бел, шалқар көлді де іздеуге тура келмей ме?

Ертедегі әндердің есерінен естісі көп. Оның бір дәлелі «Елім-ай» болса, бірі – осы «Самалтау». Екеуі де халықтың зары. Бірі жоңғар шапқыншылығы, екін­ші­сі орыс отаршылдығы тұ­сын­дағы заманның запыраны. Димаш қалай орындаған және бұл шығарманы зар күйіне кел­тірген! Ықылас Дүкенұлы кү­­йі­мен тұздықтағанда, нағыз түр­кі­л­ік көне сарын мен қазақы мәнер жымдасып шыға келген. Біздің кейбір тыңдармансымақтар ұлттық дүниеден безіп жүргенде, АҚШ оны президентін ұлықтау рәсіміндегі шарада төріне шыға­рып, төбесіне көтеріп қойды. Сол Джо Байденнің инагурация­сы­на орай өткізілген кештің ұйымдастырушысы Sister Cities International компаниясының өкілі Dean Suozzi-Auberry өзінің InfoArtis JK (АҚШ) арнасына берген сұхбатында айтқан пікірі қайран қалдырды бізді.

– Неге Димаш Құдайберген, ол кісіні қандай қасиеттеріне байланысты таңдадыңыздар? – деген сұраққа:

 – Әлемге белгілі әншілердің ара­сынан жан-жақты зерттей келе таңдауымыз Димаш Құдай­бер­­генге түсті. Себебі Димаш – ұл­тын сүйетін азамат, бойында адам­дық құндылықтың қазы­на­сы бар тұлға. Ол – әлемдік бей­­бітшіліктің символы іспетті. Оны әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдар жақсы көреді. Біздің ойымызша ол – саясаттан биік тұлға. Өзінің әнімен, тамаша дау­сымен тілі бөлек, танымы бөлек миллиардтаған жандардың жүре­гіне жол тапқан нағыз өнерпаз, әлем елшісі деуге болады.

Екіншіден Орта Азиядағы мемлекеттермен қарым-қатынасымыз жақсы, Қазақстанмен де тығыз бай­ланыстамыз. Бұл жақын­ды­ғымызды одан әрі жақындата түс­кі­міз келеді.

«Самалтау» әні – ұлтын сүй­ген, тыныштықты аңсаған, отба­сының бақытты ғұмыр кеш­кенін армандаған, құлдық кісенінен босанғысы келген кеудесіне шер толған азаматтың әні. Тарихи ән! Біз сондықтан осы әнді таңдадық, – деген екен.

Біздіңше, бұл – кімді болсын қайран қалдыратын сөз. Аме­ри­ка­да әнші немесе ән құрып қалған жоқ. Димашты «саясаттан биік» деп парасатқа жуық әңгіме айтады. Димаш саясаттан биік болса, Тәңірінің берген өнерімен, әнімен биік. Өнер де, әдебиет те ұлтын сүйген жүректен ғана шығады. «Самалтау» әні – ұлтын сүйген, тыныштықты аңсаған, отбасының бақытты ғұмыр кешкенін арман­даған, құлдық кісенінен босан­ғысы келген кеудесіне шер толған азаматтың әні» болып тұр өйткені.

Осы «Самалтау» әніне байланысты жақында бір дерек кездестірдік. Өлке тарихына жетік жаңаарқалық ақсақал, марқұм Әліп Жайлыбайдың кітабын құрастырып отырып, «Елу жылдан кейінгі жарты сағаттық кездесу» атты мақаласынан ұшырас­тыр­дық. Әліп Жайлыбай 1972 жылы Жаңаарқа ауданына облыс орталығынан Қарағанды педагогикалық институтында партия тарихы кафедрасының меңгерушісі, ғылым кандидаты, доцент Шәйзарат Хасенов атты лектор келіп, Сұлтан деген ақ­сақалмен кездес­ке­нін есіне алады да, әң­гі­мені былай өрбі­те­ді:

«Сұлтекең дегені – Түйтебайдың Сұлтаны. Естуімше, кезінде Омбыда мұға­лім­дер семинариясында оқыған. Содан республикалық, облыстық мекемелерде жұмыс істеп, 1934-1937 жылдары Жаңаарқа ауданында жер бөлімінің бастығы қызметін атқарған. 1937 жылы «халық жауы» ретінде сотталып, 1948 жылы босап келген. Сол кел­геннен бері қызмет істеуге ұм­тылмаған. Жылқы баққан, он жылдай бұрын зейнеткерлікке шықса да, Бетпақтың шетінен кетпейді, көпшілік ішіне кірмейді. Сірә, сонау он жылдағы көрген құқайы жанына қатты батқан бо­лу керек. Әңгімені жақсы айтатын, білетіні көп адам. Бірақ анау он жыл туралы әңгіме айтқанын естімедім. Үйдің сыртынан тоқ­тай қалдық. Есік алдында үй ие­ле­рімен кездесіп, амандастық.

– Үйге кіріңіздер, – деді. Шәкең (Шәйзарат Хасенов) алда, үйге бет алдық. Мен «мына кісі лектор, мына кісі сыйлы ақсақалымыз» деп бір-бі­ріне та­ныс­тырдым. Сөзді Сұлтекең бас­та­ды. Қымызды бір жұ­тып, мұртын бір сипап қойып: – Қай жердің тумасы­сыз? – деді.

– Омбының Шарбақкөл ауда­ны­нанмын.

– Ол еліңе барып тұрасың ба?

– Иә, екі-үш жылда барып тұра­мын.

Сонан соң Сұлтекең лектор­дың бетіне тағы бір зер сала қарап алды да, сұқ саусағын кезеп: – 1923 жылы 19 тамызда егінді өртеп қашып кеткен, болыстық ко­митеттің төрағасы болған бала бар еді ғой, содан хабарың бар ма? – деді.

Шәкең сәл ғана жымиып: – Ақсақал шырамытып отырсыз ба? Ол мен ғой, – деді. Сұлтекең де түсі жылып: – Ол қалай болды? – деді.

Ол кезде біздің Шарбақкөл Петропавлға қарайтын. Облыста бір жиналыс болып, біздің ауданды мақтады, биылғы егін­нің шы­ғы­мын да атап өтті. Жина­лыс­тан көңілді шықтым. Бір ат жеккен тарантаспен егіннің ортасымен салынған жолмен қайтып келе жатқанбыз. Жан-жағыма қарап көңілім тасып отырып, бір темекі тұтатып шырпыны лақтырып жібергенімді байқамай қалдым. Қурап тұрған егін лап ете қалды. Жазғы жеңіл киім ғой, пиджакты шешіп біраз сaбaлaдық, дес беретін емес. Енді кешігуге болмайды, атты доғарып, көшір балаға «сау бол!» деп жайдақ атпен тартып отырдым. Содан сол елге 1954 жылы ғана бардым, – деп Шәкең тоқтады. Қымыздан тағы бір жұтып алды да:

– Ал біздің елді өте жақсы біліп отырсыз. Қалай таныс бол­ға­ныңызды айтсаңыз?

– Бұл былай – деп бастады Сұлтекең: – Менің әкем Түйтебай, оның әкесі Қасқыр. Әлсен деген кісі Қасқырмен бірге туысады. Қасқыр шаруа адам еді. Елден аспаса да біраз малы болған. Ал Әлсен би болған, болыс болған, қажыға барған. Қажы атамның болыс кезі. Патшаның «Июнь жарлығы» туралы циркулярды қолына алғанда, шабарманның көзінше жыртып: – Менің кәрі басымды қағып алса да қазақтың өрімдей жастарын көгендеп бере алмаймын – деп қағазды шашып жіберіпті. Осы оқиғаға байланысты қажы ата тұтқындалып, Ақмоладағы абақтыда еді, «енді Омбыға жібереді екен» деген хабар дүңк ете қалды. Мені әкемнің ағасы Жылтыр шақырып алып:

– Сен Омбымен арадағы елге мына хабарды жеткіз, – деді. Ол кезде мен Омбыдағы семинария­да оқитын кезім, жолдағы елді жақсы білем, ел иесі адамдарға түгел­дей хабарды жеткіз­дім. Ом­быға жетіп бірер күн тыны­ғып, кейін қайтар жолда қажы­ларға кездесіп, солармен бірге қозғалдым. Шарбақкөлге келсек, жол үстіне қонған ауыл бірың­ғай керейдің есіктен төрге дейін он қадам үйлері. Қаптаған көп адамдардың ішінен ауыл иелері үлкендер келіп, қажыға сәлемдесті. Сол кезде ауыл иесі (аты жадымда сақталмады – Ә.Ж.) Омбы басшыларымен жақсы екен, осы тұтқындарға екі күнге ке­пілдік алыпты. Айдаушы орыс­тар­ға қағазын көрсетіп, оларды қайтарып жіберді. Ол елмен таныстығым содан басталды.

– Осы оқиғаның ішінде мен де болдым, – деді Шәкең. Сонда тұтқынның бірі ән салды ғой.

«Атты емеспіз жаяумыз,

Жаяудан да баяумыз.

Он бес сөтке жүргенде,

Омскіге таяумыз» деп.

– А, ол Шоңның Ахметжаны ғой!

– Сол ән соныкi ме?

– Ол әнді бұл өңірге әкелген мен едім. Оны біз Әлібектің әні дейтін едік. Әлібекті Шыңғыс төре итжеккенге жібермек болып Омбыға жаяу айдатқан ғой. Сонда шығарған деуші еді. Ал, 16-шы жылмен байланыстырылуы Ахметжаннан болса керек. Ол да қара жаяу емес. Жұрт қолқалаған соң, ән салды ғой, әйтпесе елде айтылатын сөз бар еді, әкесі бірде «нар баласы бақырмас болар» деп, тыйып тастапты.

Әлібектің Ақан серімен дос­ты­ғы, Қараторғайды сыйлауы, әкесі Зілқарадан сөз қалғаны – «мүмкін-ау» дегiзгендей екен. Қа­зір осы ән осы елде айтыла ма?

– Айтқандарын естімедім, сірә менің ұсталуым осы әнді «бұқ­тырған» болу керек. Шəкең са­ғатына қарап:

– Ал енді біз кетейік, – деді. Орнымыздан тұрып, шығуға ыңғай­ландық. Сұлтекең: – Қона­ғым, қайтып кел, кешке қон. Еліңнің қадірін білгем, құрметін көргем. Қонақасыңа тай соям, айналадағы елді шақырып той қылам, – деді.

Шәкең:

«Ертең бір жиналыс бар еді, онан қалуға болмайды, рахмет, сау болыңыз, – деді де, жүріп кет­тік» депті Әліп Жайлыбай.

Біздікі ән тарихына қатысты аз-кем пікір, қолға түскен дерек. Кәдеге жарап жатса, ләзім. Арғы жағын өнертанушы халық өзі біледі.