Кеше Астана қаласында Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Кеше Астана қаласында Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Кеңес отырысына Қазақстан Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Қайрат Қожамжаров, Үйлестіру кеңесінің мүшелері – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Қозыкөрпеш Жаңбыршин, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Рашид Түсіпбеков, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменов, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, Әділет министрі Берік Имашев, Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, т.б. қатысты. Сондай-ақ, жиналыс жұмысына Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхаметов, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, құқық қорғау органдарының жауапты қызметкерлері, бірқатар министрліктер мен ведомстволардың жетекшілері қатысып отырды.
2012-2013 жылдардағы Астана қаласы мен Ақмола облысындағы қылмысқа қарсы күресті жандандыру, қоғамдық тәртіпті күзету және қылмыстың ашылуын арттыруды мақсат тұтқан кеңесте құзырлы органдар атқарып отырған іс-шаралардың тиімділігі мен заңдылығы жайлы өткір мәселелер қаралды.
Шара шымылдығын ашқан Асхат Дауылбаев: «Қоғамдық қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету құқық қорғау органдары қызметін бағалаудың негізгі өлшемі, билік органдарына деген азаматтар сенімінің маңызды шарты болып табылады. Осыған орай, жиналыстың күн тәртібі Президенттің өткен жылғы қарашада Астана қаласын дамыту мәселелері жөніндегі жиналыста берген жеке тапсырмасына сәйкес қалыптастырылған», деп атап өтті. Естеріңізде болса, Астана қаласын дамыту мәселелері жөніндегі жиналыста Мемлекет басшысы қоғамдық тәртіпті күшейту және қылмыстың ашылуын арттыру міндетін қойған болатын.
Кеңес отырысында Бас прокуратура Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, құзырлы органдардың қылмыстың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті және қылмыстың ашылуын қамтамасыз ету бойынша жүргізіп отырған жұмыстарын талдады. «Тексеру барысында анықталғанындай, қылмыстылықтың өсім динамикасы жағдайында уәкілетті органдардың қызметінде жүйелі мәселелер мен олқылықтардың орын алғаны белгілі болып отыр, – деді Бас прокурор. – Есепке алу-тіркеу тәртібінің күшейтілуіне байланысты еліміздегі тіркелген қылмыстар санының айтарлықтай өскенін де байқауға болады».
Еліміз бойынша көші-қон ағыны ең көп орын алып отырған Астананың қауіпсіздік мәселесінің кең көлемде талқыланып, биік мінберлерде сөз болуы бекер емес. Экономикалық-саяси мәні жылдан-жылға артып келе жатқан бас қалаға өзге аймақ халқының ұмтылуы түсінікті жайт. Алайда, Астанада соңғы кездері жиі бас көтеріп отырған көптеген әлеуметтік мәселелердің денін қала халқы санының өсуі тудырып отыр. Мұны кеңес отырысы кезінде баяндама жасаған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов та жоққа шығармады.
Ішкі істер министрі, сондай-ақ, құзырлы органдардың құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша қабылдап отырған шаралары, қылмыстарды ескерту және ашу бойынша орын алып отырған проблемалар туралы баяндады.
Ведомство басшысының баяндамасын талқылау барысында Бас прокурор құқық тәртібін күшейту, қылмысты ескертудегі түбегейлі жаңа ұстанымдарды әзірлеу мәселелері бойынша құқық қорғау және атқарушы органдар арасындағы тиісті өзара іс-қимылды қамтамасыз ету қажеттілігін атап көрсетті. Профилактика жүйесінде қылмыстық әрекеттерді әлеуметтік-құқықтық ескерту шаралары басым болуы тиіс.
Кеңесте сөз алған Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов бас қалаға ағылған көші-қон мәселесіне ерекше тоқталды. Қалада тіркелетін қылмыстардың дені бұрын сотты болғандар мен өзге аймақтардан жұмыс іздеп келген еңбек мигранттарының еншісінде екенін баса айтқан ол: «Былтыр елордаға 50 мыңнан астам адам келген болса, өткен жылы бұл сан 78 мыңға жеткен. Олардың барлығы еліміздің әр аймағынан жұмыс іздеп келгендер. Алайда, Астана жыл сайын осыншама адамды жұмыспен қамтамасыз ете алмайды», деді.
Жиналыс кезінде келтірілген деректерге сүйенсек, Астанада қоғамдық орындар мен көшелерде жасалған құқық бұзушылық деректерінің саны артқан. Сондай-ақ, ауыр және аса ауыр қылмыстардың артуы байқалады. Елорда ұрлық, тонау, алаяқтық және бұзақылық тәрізді қылмыстардың өсуі бойынша да өзге аймақтардан алда келеді. Осы ретте, Астана қаласының әкімі айтылған сындарды тұтастай алғанда қабылдай отырып, жиналысқа қатысушылардың назарын қаладағы құқық тәртібін жүзеге асыруға жауапты уәкілетті бөлімшелердің қызметін жетілдіру қажеттілігіне аударды.
Жағдайды тиянақты талдау, мерзімі жеткен проблемаларды шешу жолдарын талқылау қорытындысы бойынша Үйлестіру кеңесі қоғамдық тәртіпті күзетудің тиісті жағдайын қамтамасыз етуге, елорда тұрғындарын қылмыстық қолсұғушылықтан қорғаудың тиімді жүйесін құруға, қылмыспен күресті күшейтуге бағытталған нақты ұсыныстар әзірледі.
Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Қ.Қожамжаров ұйымдасқан қылмысқа, экстремизм мен терроризм көріністеріне, заңсыз көші-қонға тосқауыл қоюдың тиісті жүйесін құрудың өзектілігін атап көрсете отырып, Үйлестіру кеңесінің мүшелері айтқан ұсыныстарды қолдады. Ал Бас прокурор прокуратура органдарына құқық қорғау органдарының қылмысқа қарсы күрес жөніндегі қызметін тиісті үйлестіруді қамтамасыз ету, қылмыс профилактикасы, оны ашу және тергеу бойынша жедел жұмыстың жағдайына қадағалауды күшейтуді тапсырды.
Бану РАХЫМБАЙҚЫЗЫ,
журналист.