28 Қаңтар, 2014

Қазақстанның тәжірибесімен танысты

199 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов 2012 жылғы 9 тамызда қол қойылған екі елдің Орталық сайлау комиссиялары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды іске асыру шеңберінде Қырғыз Республикасының Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясының төрағасы Туйгунаалы Абдраимовпен кездесті.

 

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов 2012 жылғы 9 тамызда қол қойылған екі елдің Орталық сайлау комиссиялары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды іске асыру шеңберінде Қырғыз Республикасының Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясының төрағасы Туйгунаалы Абдраимовпен кездесті.

Кездесуге, сондай-ақ, Қырғыз­стан­ның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Эсенгұл Өмірәлиев те қатысты. Сапардың мақсаты сайлау комиссияларын құру және жергілікті атқарушы билік органдарының басшыларын сайлау бойынша Қазақстан тәжірибесімен танысу болды.

«Тәуелсіз Қырғызстан мен Қазақстан арасында көп бағыттар бойынша тиімді қарым-қатынас жасауға мүмкіндік беретін тату көршілік, достық қарым-қатынас қалыптасқан. Сайлау жүйесін дамыту және жетілдіру саласындағы тәжірибе алмасу осы бағыттардың бірі болып табылады», – деп атап өтті Қуандық Тұрғанқұлов кездесуде. Сонымен қатар, ол өзі­нің әріптесін Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі қағидалары туралы, Қазақстанда өткен жылғы жазда өткен ауыл әкімдерін сайлау жөнінде, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының жаңа құрамдарын құру жөніндегі қызметі туралы, сондай-ақ, Комиссияның ағымдағы жылғы жоспарлары туралы ақпараттандырды.

Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында қойған міндеттері туралы, сондай-ақ, Президент бас­тама еткен инновациялар жайлы Ортсайлауком мүшесі Ләззат Сүлеймен толығырақ айтып берді. Ал жергілікті атқарушы органдардың басшыларын сайлауды ұйымдастыру және өткізу бойынша Қырғызстан мен Қазақстан тәжірибесін талқылау шеңберінде Ортсайлауком хатшы­сы Бақыт Мелдешов Қазақстан Республикасының аудандық ма­ңызы бар қалалары, ауылдық округ­тері, ауылдық округтің құрамы­на кірмейтін кенттері мен ауыл­дары әкімдерін сайлау­ ерек­шеліктеріне толығырақ тоқталып өтті. Ортсайлауком мүшесі Татья­­на Охлопкова аумақтық, округ­тік және учаскелік сайлау комиссияларының жаңа құрам­да­рын құру бойынша жүргізіліп жатқан ағымдағы істер жайлы хабардар етті.

Қырғыз Республикасы Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссияның төрағасы өз кезегінде Қырғызстандағы мэрлер мен жергілікті өзін-өзі басқарудың атқарушы органдарының басшыларын сайлауды өткізу тәжіри­бе­сімен бөлісті. Ол 2014 жылғы 15 қаңтарда өткен елдегі екі ірі қала – Бішкек пен Оштың мэр­лерін сайлау, сондай-ақ, Қырғыз­стан­ның сайлау органдарын құру ерек­шеліктері жөнінде айтып берді.

Тараптар кездесуде екіжақты байланыстардың бұдан әрі кеңейіп, нығаятынына сенімді екендіктерін білдірді. «Біздің ынтымақтастығымыз алдағы уақытта да осындай жемісті және сындарлы сипатта жалғасатынына сенім білдіремін. Өңірлер бойынша сапар барысында біздің еліміздің сайлау органдарының нақты жұмысымен алдағы танысу сізге ол туралы неғұрлым толық және шынайы пікір қалыптастырып, Қазақстан мен Қырғызстан сайлау комиссияларының арасында тәжірибе алмасу үдерісінің тағы да бір кезеңі болатынына сенімдімін», – деді Қ. Тұрғанқұлов кездесу соңында.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан».