Қазақстан • 09 Қыркүйек, 2021

Сенаторлар ерекше қажеттілігі бар балалардың жағдайына қатысты мәселе көтерді

149 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенаторлар ерекше қажеттілігі бар балалардың жағдайына қатысты мәселе көтерді

Онда депутаттар басқа жұмысқа ауысуына байланысты Талғат Жақанның өкілеттігін тоқтату және оны лауазымнан босату туралы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Төрайымының ұсынысын қарады. Талқылау нәтижесінде сенаторлар Талғат Жақанның өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдады.

Сонымен қатар Сенат отырысында «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Армения Республикасының қосылуына байланысты оған өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралып, қабылданды. Бұл құжат ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес Армения, Беларусь, Қазақстан және Ресей Федерациясының аумағында электр энергиясын мемлекетаралық беруді шарттық ресімдеуге қойылатын талаптарды белгілейді.

«Қазіргі таңда электр энергиясын тиімді пайдалану экономиканы дамыту үшін маңызды. Осы тұрғыдан келгенде, бұл заң Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің энергетика саласындағы ынтымақтастығын арттыруға оң әсерін тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Палата отырысы кезінде сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Депутат Бекболат Орынбеков Жамбыл облысындағы төтенше жағдайлар қызметінің штаттық санын көбейту және техникалық жабдықталуын жақсарту мәселесін көтерді. Сенатор Динар Нөкетаева ерекше қажеттілігі бар балалардың мәселелесіне назар аударды. Ал, Ақылбек Күрішбаев ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту үшін жаңа жүйені енгізу қажеттігін айтты. Одан бөлек, сенаторлар экология және экологиялық бақылау мәселелерін сөз етті. Депутат Сүйіндік Алдашев Маңғыстау облысындағы «Қошқар Ата» радиоактивті қалдықтар қоймасына қатысты проблемаға алаңдаушылық білдірсе, Андрей Лукин ауаның жай-күйіне экологиялық бақылау жүргізуді күшейтуді талап етті.