28 Қаңтар, 2014

Айнұр әлемдік сынақта жеңімпаз атанды

246 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

01-Назарбаев мектебі сурет 1Семейдегі физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі білім берудің халықаралық стандарттарына көшуде оң жетістіктерге қол жеткізуде. Талапты шәкірттер ғаламтор арқылы жаһанның әр түкпірімен байланыс орнатып, дәріс тыңдап, тіпті, емтихан да тапсыруға қол жеткізіп отыр. Айталық, жуырда ғана аталмыш білім ордасының екі оқушысы әлем бойынша өткен SAT тестілеуіне қатысып, жеңімпаз атанды.

 

Семейдегі физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі білім берудің халықаралық стандарттарына көшуде оң жетістіктерге қол жеткізуде. Талапты шәкірттер ғаламтор арқылы жаһанның әр түкпірімен байланыс орнатып, дәріс тыңдап, тіпті, емтихан да тапсыруға қол жеткізіп отыр. Айталық, жуырда ғана аталмыш білім ордасының екі оқушысы әлем бойынша өткен SAT тестілеуіне қатысып, жеңімпаз атанды.

01-Назарбаев мектебі сурет 1

Бұл сынаққа әлемнің 175 мемлекетінен бір мыңнан аса жоғары сынып оқушылары қатысыпты. Оған Семейдегі Назарбаев зияткерлік мектебінен 7 оқушы қатысып бақ сынаған еді. Олардың арасынан 12-сыныпта оқитын жас математик Айнұр Мәшпиеваның бағы жанды. Қолданбалы ғылымға жаны құштар Айнұр қойылған 50 сұраққа 100 пайыз дұрыс жауап беріп, ең жоғары көрсеткіш 800 баллды қиналмай жинады. Ал оның сыныптасы Ақгүл Кенжешева болса 710 балл алды. Бұл да жоғары көрсеткіш. Себебі, барлық қатысушылардың тек 10 пайызы ғана үздіктер қатарына ілінген. Ағылшын тілінде өткен тесті­­­­­леуге қос оқушыны математика пәні­нің мұғалімі шетелдік Майкл Малучи дайындапты. – Емтиханның сұрақ­тары дәл тестілеу өткізілетін күні АҚШ-тан электронды пошта арқылы келді. Яғни, байқау әлемнің 175 елінде бір күн, бір сағатта өткізілді, – дейді Айнұр мен Ақгүлдің бапкері. Бұл жеңістің Айнұр үшін орны ерекше. Ол енді әлемнің ең таңдаулы оқу орындары грантының иегері. Таңдауы бойынша Гарвард, Оксфорд пен Кембриджде білім ала алады. Бұл жайында пікір білдірген Айнұр: – Инженерлік саланың білгір маманы атанғым келеді. Себебі, индустриядан инновацияға көшкен елімізде инженерлік сала мамандарына сұраныс жоғары. Таңдауым біреу – Астанадағы Назарбаев Университеті. Өз елімде білім алып, Отанымның өркендеуіне үлес қоссам деймін, – дейді. Оның құрбысы Ақгүл де осы университеттің студенті атануды көздеп отыр. Себебі, «шетелдік үздік оқу орындарының айтулы профессорлары осында білім береді. Әрі халықаралық стандартқа сай, сапалы білім алуға толық мүмкіндік бар» деген пікірде. Айта кетелік, өткен жылы Семейдегі Назарбаев зияткерлік мектебінде халықаралық SAT тестілеу орталығы ашылған-ды. Бұған дейін мұндай орталық тек Астана мен Алматы қалаларында ғана болған. Енді еліміздің Шығыс өңірінің оқушылары, аудан мектеп­­­­терінің түлектері де Семейде сынақ­­­­тан өтуге мүмкіндік алды. Бұл жолғы шара тұңғыш рет өткізілді. Нәтиже ойдағыдай. Ал бүгінгі таңда қай салада болмасын шетелде жұмыс істегісі келетіндер SAT емтиханын тапсыруы міндетті. Себебі, Еуропа елдерінде жұмысқа қабылдану үшін халықаралық тестілеудің осы түрінен өту және алған баллдың жоғарылығы талап етіледі.

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,

Қуаныш ҚОЖАЕВ.

СЕМЕЙ.

–––––––––

Суретте: (солдан оңға қарай) Ақгүл Кенжешева, Майкл Малучи және әлемдік сынақ жеңімпазы Айнұр Мәшпиева.