Жаңа ескерткіш қоладан жасалған, оның биіктігі тұғырымен бірге 7,5 метр. Мүсіннің авторы – Бейбіт Мұстафин.
Ескерткіштің орнатылуына Орталық Қазақстан Академиясының ректоры Бақтыбай Жүнісов бастамашы болды.
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек ескерткіштің ашылуында Қарқабат ана – халық бірлігін, патриотизмді және парасаттылықты білдіретін нышандарының бірі екенін атап өтті.
«Қарқабат ана барлық аналардың ұлы анасы деп есептеледі. Ол қазақ даласындағы аналардың барлық жақсы қасиеттерін, бүкіл халықтың анасын бейнелейді. Қарқабат ананың даналығы, өмір жолы мен бейнесі өскелең ұрпақ үшін үлгі болады деп сенеміз», деді Жеңіс Қасымбек ашылу салтанатында.
Аңызға сүйенсек, Қарқабат ананың кенже ұлы Болатқожа Қаракесек деп аталып кеткен.
«Қазақ халқының тарихында із қалдырған ұлдардың (ұлы Қазыбек биден бастап батыр-ғарышкер Тоқтар Әубәкіровке дейін) анасының есімі ешқашан ұмытылмайды. Бұл ескерткіш болашақ ұрпақты тәрбиелеу үшін қажет», деді ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.