Білім • 09 Қыркүйек, 2021

Ұлы ұстаз мектепті қалай ашты?

3146 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Ұлы ұстаз, ағартушы Ыбырай Алтынсариннің қазақ даласында мектеп ашу ісі зор ықылас, қажырлы еңбек, қайтпас жігермен, көп қиыншылықпен келді. Көшпелі халықтың тұрмысында тұрақты мектеп салу оңай емес еді.

Ұлы ұстаз мектепті қалай ашты?

Патшалық Ресейдің отары болып, қаналып отырған қырғыз-қайсақтар (қа­зақ­тар) үшін оқудың маңызы тек сол орыс билігіне, шенеуніктеріне қызмет етіп, жергілікті халықпен арадағы тіл­маш­тық, іс жүргізу қызметтерін жүргізу мақ­сатында ғана болған еді. Мұның алдын­да аш­ылған орыс-қазақ мектептерінде оқы­ған қазақ балалары осындай қызметті ат­қа­рып жатты. Ал жас Ыбырай да Орынборда аш­ыл­ған орыс-қазақ мектебін бітіріп, атасы Балқожа бидің мақсатына лайық немересінің бала оқытып, педагог болуы емес, әкімшілік орындарда жұмыс істеп, ше­неунік, орысша оқыған «төре» болып, жұрт арасындағы беделінің болғаны керек еді.

Ыбырай мұның ешқайсысын қаламады. Шамалы уақыт тиісті тілмаштық қызметін ат­қ­арды да, тиісті басқармаға арыздана жү­ріп мұғалім болуға бет бұрды. Ол елі­нің бүгіні мен ертеңін ойлады. Қайтсе де қазақ жұртының оқығанын, білім алып, өнер, білімі бар жұрттар қатарына қо­су­ды арман-мақсат етті. Жай ғана мұ­ға­лімдік қызметін атқара жүріп, өзін жан-жақты көрсете түсті. Өзін жақтайтын орыс­тың зиялы қауымын тапты. Соның ішін­де осы өңірдегі (Орынбор, Қазан губер­ния­ларындағы) оқымысты ғалымдар, бі­лім саласының қайраткерлері болған Н.Ильминский, В.Катаринский, А.Мазохин, Ф.Соколов, А.Василь­ев, А.Алекторов секілді және бас­қа да орыстың зиялы қауымымен замандас дос болды әрі олармен ақылдасып отыр­ды, олардың жоғарыдағы патша шенеу­нік­те­ріне ықпалын пайдалана білді.

«Ыбырай қашанда оқу жұмысымен ай­на­­лысуды, қазақ халқын ағарту жұмысына ат­салысуды көксейтін. Бұл оған бақыт, ра­қат сияқты көрінетін», деп жазды Н.Ильминский.

Ыбырай өз халқының арман-мақ­са­тын ойластыра жүріп, Орынбор об­лыс­тық басқармасына үзбей хат жазып, мәсе­лелерді көтере білді. Соның нәти­же­сінде 1860 жылы Орынбор облыстық басқармасы Алтынсариннің өтініштерін қанағаттандыруға мәжбүр болды, қазақ балалары үшін арнайы мектептер ашуға рұқсатын берді. Өзін келесі 1861 жылы сол Торғайға мұғалім етіп жіберді. Ыбырай Торғайға келіп, мұғалім болып, қыста өзінің шағын жер үйінде, жаз шыға киіз үйде біршама балаларды оқытып жатты. Оның үстіне бекініс комендантының аудармашы қызметін де қоса атқарып жүрді. Жергілікті билік рұқсатын бергенмен қазақтардың мектеп салып, бұл істі жалғастыра алатынына күмән келтірген еді. «Артын бағып көрейік, Алтынсарин не істей алар екен» деген де жымысқы ой жатты олардың ішінде.

Ыбырай болса, бұл іске «аш қасқыр­дай» кірісті. Жергілікті болыстар, дін­дар­лар осы маңызды іске суық қарап, ке­дер­гі жасауға тырысты. Балаларымызды шо­қындырып, діндерін бұзып, ата дәс­тү­рі­міз­ден айырмақшы деген сықылды небір қарсылық әрекеттерін де жасап бақты. Елді қарсы қойды. Биліктегі шенеуніктер болса, қазақтарды бір-біріне шағыстырып қойып, миығынан күліп тұрды. Ыбырай бәріне төтеп берді. Халықтың, ұрпақтың болашағы жайлы өзінің бар білімін, шешендігі мен көрегендігін сарп етті. Елді өзіне қаратты. Оның мақсатын түсін­ген жақтаушылар да көбейе түсті. Алған мақ­­сатынан қайтпай алдымен сонау шал­ғай­дағы Торғай кентінен жеке мектеп ғи­маратын салуды ұйғарды. Облыстық бас­қарманың рұқсаты болғанымен, мектеп салдыруға деген қаражат жоқ еді. Ыбы­рай халықты өзіне қарата отырып, өзін қолдаған елден жылу жинады. Олар­дың арасында, әрине, бай-қуат­ты­ла­ры да, орта дәулеттілері де, кедей-кепшіктері де барынша өз үлестерін қосты. Өзінің де, аға­йындарының да біраз жиған-терген қа­ражаты мен мал-мүлкін салды. Жи­нал­ған қаражатқа жан-жақтан құрылыс ма­териалдарын жинады, қаладан үй тұрғызатын ұста-шеберлерді шақырды. Сонау Наурызым орманынан шалғайдағы Тор­ғайға апталап-айлап ат арбамен сүй­ре­тіп, бір-екіден қарағай бөренелерді та­су­дың да қияметі қандай еді. Осылайша, мектеп құрылысына қызу кірісті. Басы-қа­сында өзі жүріп, мектептің сапалы салынуына, жабдықтар мен құралдарды жым­қыруға жол бермеуге дейін қатты қада­ғалап отырды.

Арада үш жылдан соң барып 1864 жылы 8 қаңтарда, қыстың ортасында салы­нып аяқталған мектепті салтанатты түрде ашудың сәті түсті. Осы сәттегі ұлы ұс­таздың қуанышын айтып жеткізу де бір ғанибет қой. Ыбырай Алтынсарин өзі­нің Н.Ильминскийге жазған хатында қуанышын былайша жеткізеді: «8 қаң­тарда көптен күткен арманым іске асып, мек­теп ашылды. Оған қырғыздың (қа­зақ­тың) 14 баласы түсті. Бәрі де жақсы, зе­рек балалар. Мен балаларды оқытуға қызу кірістім».

ч

Сол кездегі көзбен қарағанда, заманына сай зәулім мектепте оқу ісін жаңаша әдіс­те­ме бойынша оқытып-үйретуді енгі­зеді. Билік талабына сәйкес орысша оқытумен қатар, қазақша оқытуға да айрықша мән бе­реді. Қазақша оқытудың өзін жоғары об­лыстық басқармаға, билік орындарына дәлелдей отырып, рұқсатын алуға қол жеткізеді. Өз қатарына мұғалімдік учи­лищеде оқып келген жас мамандарды қабылдап отырады, оқушы балалар саны да жыл өткен сайын көбейе түседі. Осы­лай­ша, бұл мектеп қазақ мектебінің тұң­ғыш қарашаңырағына айналады.

Ыбырай мұнымен тоқтамады. Осындай мек­тептерді қазақ даласында кеңінен ашуға болатынын дәлелдеді. Ол осындай мек­тептердің стратегиясын, мақсаттарын жа­сап, мынадай түрде белгіледі:

«1. Мектеп діннің ешқандай ықпалын жүргізбей, жаңа адамдар, жаңа өмірдің күресшілерін тәрбиелеп шығару керек.

  1. Мектеп халық үшін орыс мәдениетін, ғылымын, жалпы отан тілі – орыс тілін меңгерудің бастамасы – әліппесі болу керек.
  2. Мектеп арқылы кең мағынада жаңа мәдени тіршіліктің үлгісі – жаңа әдет-ғұрыпқа, тәртіптілік, тазалық-денсаулық сақтаудың басты ережелеріне, қолөнер кәсіптерінің әртүріне қазақ халқын бастап үйрету керек.
  3. Мектеп жастарға көрнекі түрде, практика жүзінде зат туралы, айналадағы тіршілік және табиғат туралы ұғым беру керек. Тек кітап сөзін ғана пайдаланып қоймай, түрлі көрнекі құралдарды, коллекцияларды көрсетіп, демонстрация жасап отыру керек.
  4. Мектептің жанында тәжірибе егістігі – бақша, гүл егісі болу керек.
  5. Айналадағы халық үшін мектептің жақ­­сы кітапханасы болып, сауатты қазақ­тар кітапханадан көпшілік-ғылыми кітап­тар­ды пайдаланулары керек.
  6. Мектеп ашуда алдыңғы қатарлы орыс мектептерінің таңдамалы теориялық, прак­тикалық табыстарының үлгісін толық пайдаланып, мектепті неғұрлым халықтың өз ортасына ұйымдастыру керек.
  7. Қазақ мектептері үшін таңдамалы, сыналған оқу құралдары мен кітаптарды қолданып, оқушыларға системалы білім үйрету керек.
  8. Мұғалім әрі тәрбиеші болуы тиіс. Іст­ің табысты болуы мұғалімге байланыс­ты, оның педагогикалық мамандығына, да­йындығына байланысты, мұғалім өзінің қыз­метін мейлінше сүйетін адам болуы тиіс.
  9. Мектеп құру жұмысы – халықтың өз жұмысы, мектеп үшін қаражат та бере­тін халықтың өзі. Үкімет тек мектеп ашу­ға ерік берсін, мектепте ер балалар мен қыз балалар бірдей оқитын болсын».

Ы.Алтынсарин осы мақсаттарының бәрін дәлелдей отырып, жүзеге асыра бас­та­ды. Орыс-қазақ мектептерінің оқу­шы­ла­рына арнап екі оқу құралын – «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы» мен «Қырғыздарға (қазақтарға) орыс тілін үйретуге алғашқы басшылық» жазып шықты. Ыбырайдың ағар­тушылық қызметінің бастапқы бұл ке­зеңдері билікпен де, жергілікті ағайын­дар­мен де ұзақ уақыт айтыс-тартыспен, түрлі жобалар жасаумен, жоғары би­лікке ісін дәлелдеумен өтті.

Ыбырайдың 1871 жылғы 31 тамызда Н.Ильминскийге жазған хатында:
«...жаңа мектептердің қандай негізде құры­ла­тынын білу қызықты болар еді: қырғыз балалары орыс балаларымен бірге оқи ма, олардың мектеп сияқты болуы үшін қаржысы көбейтіле ме, жақсы мұғалімдер бе­ріле ме, курсты бітіргендерге және мұға­лімдерге қандай болса да артық мүм­кін­ші­лік туғызыла ма? Мұндай жағдай болмаса, әрине, мектептерден өнетін түк те жоқ. Мектеп қырғыздарға білім беретін негізгі серіппе, ал далада қалай болса солай са­лын­ған мектептер пайда келтіре алмайды, шынында барлық үміт осыларда, тек осыларда ғана, қырғыз халқының келешегі де тек осыларда. Артта қалған халықты қызықтырып, оларды мектептерге тарту үшін мектептерде жақсы білім берілетін бол­сын, курсты бітіргендерге қандай бол­са да артықшылық берілетін болсын, сон­да ғана оқушылардың саны өте тез арада өсетіні даусыз; ал Ордада мұндай оқу­шылар көбейіп, ғылымды бойға сіңір­се, затқа деген көзқарасын түзетсе, олар бүкіл халыққа да әсер етеді; сонда фана­тизм­нің күл-талқаны шығады...», деп оның қолдауына сүйенеді.

Бұдан соң Ыбырайды билік өкілдері де амалсыз мойындады, оны 1879 жылы Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметіне тағайындайды. Бұл оның ағартушылық қызметінің өріс алуына және елдің басқа да өңірлерінде мектептер ашуына кең мүмкіндіктер берді. Әрине Ы.Алтынсарин үшін мұның бәрі оңайшылықпен келмеді, билік тарапынан да, жергілікті керітартпа қазақ замандастары тарапынан да талай кедергілерге ұшырады.

Ы.Алтынсариннің осы жылдары облыс губернаторына жазған баяндау хатында да жағдайды шырылдап тұрып жеткізеді, онда «...Сөйтіп облыс губернаторының бұй­рығы бойынша болыстық мектептер салынбай қалайын деп отыр, қар­жының жоқтығынан алдағы уақытта да салынуы екіталай. Осының салдарынан болыстық мектептердің салынбауынан Орск мұғалімдер мектебін бітірген 12 қа­зақ мұғалімі жұмыссыз қалмақшы. Жалғыз бұлар ғана емес, алдағы уақытта бітірген мұғалімдер де осындай жағдайға ұшырамақ, яғни жұмыссыз болмақ. Бұлай бола берсе, мұғалімдер мектебі үкімет және облыс халқының күткен зор пайдасын тигізе алмайтын болады. Алдағы жылы мұғалімдер қатары тағы да өспек. Болыстық мектептер бұдан былай ашылмайтын болса оларды қайда жібереміз?! Орталық училищелердің құрылысынан және соған байланысты жұмсалатын қалған қаражатқа 2-3 мектеп салынғанның өзінде, ол өңірдегі халықтың мұқтажын қа­нағаттандыра ала ма?...» деп күйінеді.

Торғай облысындағы 300 мыңға жу­ық қазақтарға арналған оқу орны не­бә­рі 5 училище (екі кластық, 1 қолөнер) ғана екенін, яғни осынша халыққа арнал­ған оқу орнының өте аз екенін, бұл учи­ли­щелердегі оқушылар саны 200-ден ас­пай­ды деп атап көрсетеді. Алтынсарин болыстық мектептерді құру қажеттілігін осы түрде дәлелдей отырып, бұған керекті қаржының бар екенін, оны қалай табу керектігін де айтады. «Басқарушылар тарапынан осы жөнінде қарар бекітіп, оларды салу, мектеп жұмысын жүргізу сұралады» деп қорытады.

«Біздің заманымыз өте ауыр және жауап­тылығы күшті заман; барлық істі тыңнан бастап орнатуымыз керек, күші­міз жеткенінше аямай, осындай жаңа­лықтарды қазақ халқы ортасына қон­дырып, оның игілікті, пайдалы іс екен­ді­гін жұртқа таныстыруымыз керек. Еш кешіктірмей мектеп ашу ісін қолға алып, қазақ халқының өз ішінде – уездерде ор­талық 2 класты мектептер ұйымдастыру керек, мектепті іргелі, орнықты етіп құру керек», деп жазады.

Ақыры билікті көндіре отырып, 1879-1883 жылдар аралығында Торғай облы­сы­ның төрт уезінде (Торғай, Ырғыз, Тро­ицк, Ақтөбе) жаңа мектептер ашуға қол жеткізді. 1887 жылы Елек уезіне қарасты Бөрте болысынан, Қостанай уезінің Обаған және Жітіқара болыстарынан қазақ балалары үшін 25 орындық интернаттары бар бір сыныптық мектептер ашылады. Ырғызда қазақ қыздарына арналған интернаты бар арнайы мектеп ашылғанда оның төбесі көкке жеткендей болды. Бұдан кейін де оның ұйымдастыруымен училищелер жанынан қыз балаларға арналған бірнеше мектеп ашылды. Ол мектептердің жанында интернаты болды. 1886 жылы мектеп-интернаттарда 211 қыз бала оқыды. Қазақ тарихында қыз балалардың мектепке барып оқуы көз кө­ріп, құлақ естімеген ұлы жаңалық еді. Бұл арада Ыбырай ұстазымыздың еңбегі асқан ер­лікке пара-пар деп айтуға болады.

Ыбырайдың уездік, болыстық, ауыл мектептерінің ашылуымен бірге көптен бері армандаған мақсатының бірі 1883 жылы Орск қаласында тұңғыш қазақ мұ­ға­лімдер мектебінің ашылуына қол жет­кізуі еді. Онда қазақ мектептері үшін мұ­ғалімдер даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашылды. Мұғалімдерді даярлау қазақ даласында оқу-білімнің таралуына жол ашар қайнар көзі бола бастады. Ашқан мек­тептерінің бәрінде өзінің жоғарыда бел­гілеген стратегиялық мақсат-міндет­терін қоя білді.

Дегенмен қазақ даласында Ы.Алтын­са­рин ықпалымен білім алуға деген халық санасы өсе түсті, олардың осы талпынысы жеңіске жеткізіп отырды. Қазақ елінің осын­дай ескілік дәстүрден көз ашпаған әрі орыс отарында бұғауланған дәуірінде заманына лайықты мектеп ашу қай елде болмасын ұлағатты ұлы іс атанған. Ұлы ұстаздың мектеп ашудағы жанкешті еңбегі осынысымен құнды болып қала береді.

 

Ерлан КҮЗЕКБАЙ,

«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының аға менеджері