Экономика • 09 Қыркүйек, 2021

«Көлеңкеден» шығудың қамы

369 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауда бюджет кірісін ұлғайтуды тапсырды. Енді мемлекеттік кірістер комитеті осы бағыттағы жұмыстарды жандандыра түспек. Атап айтқанда, шағын және орта бизнестегі жосықсыз кәсіпкерлерді «көлеңкеден» шығару, қолма-қол ақшасыз айналымдарды әкімшілендіру және фискалдық заңнаманы сақтау күшейтіледі. Процестерді цифрландыруға да ерекше назар аударылмақ.

«Көлеңкеден» шығудың қамы

Қазақстан 2025 жылға дейін «көлеңкелі экономиканың» үлесін 40 пайызға дейін төмен­детуді көздеп отыр. Бұл ретте Мем­лекеттік кірістер комитеті Қаржылық мониторинг агент­тігімен бірлесіп экономиканың барлық саласы мен бағыттарында «Көлеңкелі экономикаға» қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспарын өзектендіруде.

Мәселен, Ұлт жоспарының 42-ші қадамын орындау үшін 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялау кезең-кезеңімен енгізілді. Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаевтың айтуынша, жалпыға бірдей декларациялауға көшу «көлеңкелі» айналымды, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетеді және мемлекеттік бюджетке қосымша түсімдер түсіреді. Бұл ретте, халықаралық мәліметтерді электронды түрде алмасу шеңберінде көп­жақ­ты конвенцияға қол қойылға­нын атап өткен жөн. Ел азамат­тары­ның қаржылық шоттары бойын­ша 100-ден астам юрисдикция­да ақпарат алмасуды бас­тау жос­пар­ланған.

Қаржы министрлігінің мәлі­метінше, бүгінде декларацияны 476 мың адам ұсынған. Өтініш берушілер негізінен e-Salyq Azamat мобильді қосымшасын пай­даланған. Бұл арқылы декла­рацияның 52 пайызы ұсынылған.

Ж.Іңкәрбаевтың пікіріне сүйенсек, цифрлы салықтық әкімшілендіруде «Электронды шот-фактуралар» ақпараттық жүйесін енгізу тиімді болмақ. Өйткені онда тауарларға құ­жат­тамалық қадағалау жүргізіледі.

– Тауарларды толыққанды режімде қадағалап отырудың Ұлттық жүйесін іске қосу жос­пар­ланған. Тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалану ар­қы­лы салық төлеушілер санаттарға бөлінеді. Тексеру жоспарлары жасалып, камералдық бақылау үшін салықтық және кедендік бақылау анықталады. Сондай-ақ ауқымды деректерді талдау және зияткерлік талдау жолымен «бір күндік» фирмалар әшекере болады. Олардың жалған шот-фактуралары бұғат­талады. Осы­лайша, бизнеске қатысты тексеру түріндегі әкім­шілік жүк­теме төмендетілді. Мәсе­лен, бұзу­шылықтар қашық­тан анық­талады және хабарламалар нақ­ты жолданады. Осы жы­лы 40 мыңға жуық электрон­ды хабарлама жолданды. Олар бойынша қо­сымша 132 млрд теңгеге салық есеп­­телді, – деп нақтылады Ж.Ің­кәр­­баев Ор­та­лық коммуника­ция­лар қызме­тінде өткен брифингте.

Төраға орынбасарының айтуынша, Мемлекеттік кірістер комитетінде Электронды декла­ра­циялау орталығы мен Ахуал­дық орталық жұмыс істейді. Олардың жұмысында контра­бан­далық схемалар есебінен бюджетке толық түспеу тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік беретін электронды құралдар іске қосылған.

Кедендік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да жүр­гі­зілуде. Атап айтқанда, көлік қоз­ғалысын 2 жолақтан 6 жолаққа дейін кеңейту көзделген. Осы­ның нәтижесінде өткізу қабілеті тәулігіне 8 есе артады. Ал шека­радан өту уақыты 30 минутқа дейін қысқарады.

– Көлік құралдарының тоқ­тау­сыз қозғалысы үшін тех­ни­калық бақылаудың бірыңғай то­лас­сыз автоматтандырылған дәліз­дерін пайдалану есебінен көлік құралы қозғалысының бүкіл циклі автоматтандырылады. Бүгінде нақты уақыт режі­мінде маршрутты қадағалау үшін навигациялық пломбалар қол­данылуда. Электронды кезек жүйесінің тәжірибесі «Нұр жолы» бекетінде қолданылатын бо­лады, – деді комитет төр­ағасының орынбасары.

Оның айтуынша, шара­лар­дың тиімділігін жалған транзит үлесінің 2019 жылғы 28 па­йыздан биыл 1,3 пайызға дейін төмендегенінен-ақ аңға­руға болады. 2021 жылы жал­ған импорттың 177 фактісі анық­талды. 2019-2020 жылдары дәл осындай 11 мың факті анықтал­ған екен. Қабылданып жатқан ша­ралар импортталатын тауарлар бойынша қосылған құн са­лығы түсімдерінің өсу қарқынын өткен жылмен салыстырғанда 136 пайызға немесе 149 млрд теңгеге артық қамтамасыз еткен.

Сондай-ақ электронды шот-фактуралар базасында пира­ми­дадағы байланыстарды тұтас талдау іске асырылады. Ол салық салудан жалтару схемаларында үлестес компаниялар мен бенефициарлар тобын да анықтауға мүмкіндік береді.

Осы орайда, бизнесті тексеруге жарияланған мораторийді уақытынан бұрын алып тастау туралы бастама көтерілуде. Жай­дар Іңкәрбаев бұған қатысты да пікір білдірді. Оның айтуын­ша, мұндай ұсыныс бірнеше фак­торға байланысты жасалған.

– Біздің елде орта және ірі биз­нестен бөлек, шағын кәсіп­керлік субъектілері мен жеке кә­сіпкерліктің салықтық мөлшер­лемелері өте төмен. Олар жеңілдетілген декларация бойын­ша 3 пайыз, патент бойын­ша 1 пайыз салық төлейді. Сон­дай-ақ көп жерде кассалық чектердің берілмейтінін байқап жүрміз. Оның үстіне арнайы режімдерді қолданатын жеке кәсіпкерлер толық босатылады. Мұндай шаралар қарастырылған кезде кәсіпкерлер «көлеңкеден» шығып, нақты кірістерін көрсетеді деп ойладық. Қалай болса да, олар салық салудан босатылады. Бірақ біз күткендей «көлеңкеден» жаппай шығу орын алмады. Сондықтан біз салықтан жалтарушыларды тексеру мүмкіндігін қарастырып отырмыз. Біз ұсыныс ретінде айттық. Қандай шешім қабылданатыны әлі белгісіз. Жалпы алғанда, салықтан жал­таруға қарсы күреске бағытталған шаралар кешені оң нәтиже беруі тиіс деп санаймыз, – деп түсіндірді Ж.Іңкәрбаев.