Аймақтар • 09 Қыркүйек, 2021

Астықты өңірдегі арпалыс

238 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Көктемгі егіс уақтылы аяқталған. Үміт мол еді. Диқан қауым 5 047 мың гектар жерге дән сіңірді. Бұрыннан тусырап жатқан бос жерлер игеріліп, алқап көлемі 178,7 мың гектарға кеңейді.

Астықты өңірдегі арпалыс

Әйтсе де, көктем мен жаздың ал­ғаш­қы айларында көктен иімей, ылғал мүлде түскен жоқ. Алқапқа сіңірілген дән қыл­тиып шыққанымен, бойындағы қуаты тау­сылған соң одан әрі көктемей қалды. Жаз ортасы ауа егіннің сабағы қатайып, масағы да бүрісе бітіп, дән кішірейді. Соңғы жылдары дәл мұндай ауыл шаруа­шылығы үшін қолайсыз жыл болмаған шығар. Ел байлығы есебіндегі алқапқа көзі түскен сайын диқанның да, ырыстан дәмелі болып отырған өзге жұрттың да бойын биыл қалай болар екен деген күдік биледі. Кенезесі кепкен далаға қарап алаңкөңіл болған диқан қауым бүгінде егіннің жалғыз дәнін ысырап қылмай жинап алмақ болып жанталасып жатыр.

Дән қылтиып шығысымен дәрілеу жұмыстары жүргізілді. Алқаптарда арагідік кездесетін арамшөптер отал­ды. Көк егінге өш зиянкестермен кү­рес жүргізілді. Құрғашқылықтың сал­дарынан пайда болатын әрқилы ау­ру­дың алдын алуға тырысты.

Көңілді күдік билеген жазды өткеріп, алтын астық піскен күз де келіп жетті. Күзгі дала жұмыстарына 8,5 мың астық комбайны жұмылдырылды. Бір айта кетерлігі, облыс диқандары жыл сайын машина-трактор паркін жаңартып, өнімділігі жоғары техника сатып алуда. Бұл астықты өңір үшін өте маңызды жайт. Таяуда Солтүстік Қазақстан облысының егістік алқаптарын аралап көрген кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркəсіп кешенін озық техникамен қамтамасыз ету қажет екендігіне айрықша назар аударған болатын.

Осы орайда Мемлекет басшысы «Үкімет ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін осындай техникалармен қамтамасыз етуге көмек беруі керек. Егер заманауи техника болмаса, біздің ауыл шаруашылығымыз дамымайды. Бұл – анық дүние. Сондықтан Үкімет менің тапсырмам бойынша тиісті жұмыстарды жалғастырады. Екіншіден, бұл техникалар ауыл шаруашылығы еңбек­керлеріне қолжетімді болуы керек. Несиеге қатысты саясат жалғаса береді. Несие мөлшері төмен болуы тиіс. Мен бұл мəселеге баса мəн беремін», деп атап өткен болатын.

Ақмолалық диқандардың қолда бар астық комбайндарының 3,5 мыңы жоғары өнімді техника. Сөз арасында биыл алғашқы жеті айда жалпы құны 43,7 млрд теңге болатын 208 астық комбайны, 349 трактор, 83 егіс кешені алынғанын айта кетелік. Қаражатын тірнектеп жинап, болашағын ойлаған ауыл шаруашылығы ұжымдары қажетті техниканың қымбаттығына қара­мастан, қауқарын арттыра түсуде. Материалдық-тех­ни­ка­лық ба­заның нығаюы ауыл ша­руашы­лығы құрылым­дарының алдынан кең жол ашпақ. Техниканың жыл сайын жаңарып отыруы ди­қан­дардың қолын ұзартады. Тә­жіри­белі диқандардың айтуына қара­ғанда, ең керектісі де осы. Олай болатындығы, сол­түстік өңір­­дің күзі құбылмалы. Ыр­ға­лып-жырғалып жүріп алса, сүм­біле де басталып кетуі ғажап емес. Ондай­да бар еңбек ысырап бол­мақ. Сон­дықтан бар дәнді уақ­ты­лы жинап алған жөн. Астық тасы­­­ма­­­­лында қазір 14,5 мың трак­тор мен 5 мыңға таяу жүк көлік­тері жүр.

Ауыл шаруашылығы құры­лым­дарының алдында тұрған бас­ты мәселе – механизаторлардың жетіспеушілігі. Бұрынғы техника құлағында ойнаған майталман механизаторлар легі әлдеқашан зейнет демалысына шығып кеткен. Кейінгі жас толқын көктемде бір, күзде бір сұраныс болатын мамандыққа онша құштар емес. Оның үстіне өтпелі кезеңнің өкпек желі де дала тарландарының қатарын селдіретіп жіберді. Еңбегі еш болып тұрған сол кезде механизаторлардың қолына нақты еңбекақы тимеді. Бір қолын екі ете алмай отырған серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының басшылары механизаторлардың еңбекақысын астық қалдығымен, шөп, сабанмен төлеп құтылды. Осыдан кейін жастардың бейнеті көп мамандықты игеруге ынтасы кеміді. Екінші бір жайт – ауыл шаруашылығы колледждеріндегі механизатор мамандарын даярлау мәселесі. Қазір олардың басым көпшілігінде бағзы заманның астық комбайндары мен трактор­лары оқытылуда. Жыл сайын техника жаңарып жатқан уақытта бұл өте жаңсақ үдеріс. Мұндай көнерген техника қазір алқаптарда жоқ. Қазіргі техниканы меңгеру үшін өзгені былай қойғанда, компьютерді меңгеру керек. Демек дәл осы салада соны серпіліс болмаса, ауыл шаруашылығының кадр мәселесі қожырай бермек.

Астық қабылдау кәсіпорын­дары күні бұрын әзір болған. Ара-жігін ажыратып айтқанда, бұл тарапта өткен жылдардағыдай қарбалас жоқ. Жаздың ыстық бо­луы себепті дәндегі ылғал көп емес. Сондықтан кептіру, құр­ғату жұмыстары қолбайлау болып тұрған жоқ. Есесіне би­дай­дың қамырлылығы өте жоға­ры. Демек бағасы да құнды бол­мақ. Ауыл шаруашылығының ең­бек­керлері астық бағасы жоғары болса, еңбектерінің өтеуі бо­ла­тындығынан дәмелі. Күзгі егін орағы кезінде алқаптан қырманға жеткізілген дәнді ысырап қылмай сақтау да аса маңызды мәселенің бірі. Ақмолалық диқандар бұл жайды ертерек ескеріп, 6,5 млн тонна астық сақтайтын қосымша мүмкіндік қарастырған. Оның 3,2 млн тоннасы элеваторларға тиесілі болса, 1,3 млн тоннасы қоймаларға құйылмақ. Ал ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында 2 млн тонна астықты ысырапсыз сақтауға толық мүмкіндік бар.

Жыл сайын астықты өңірдегі қарбалас кезінде жанар-жа­ғар­майдың жетіспей, ілгері басқан қадамның кейін кетуі кездесіп тұратын. Уақытпен санаспай жұ­мыс істейтін диқандар үшін ашық күннің қас қағым сәті қымбат. Биыл орақ науқанына қа­пысыз қам­данған ауыл шаруа­шылығы құры­лымдарына әр литрі 184 теңге­ден 77 мың тонна жанармай жет­кізілді. Ораққа қажетті барлық техника тегіс жөнделіп, дала тө­сіндегі ұлы жорыққа дайын тұрды.

Егіннің ерте пісуіне байланыс­ты астық үшін арпалыс жылдағы мерзімнен сәл ертерек басталды. Бүгінге дейін 2 982,5 мың гектар алқаптың астығы орылды.

– Гектар берекесі әзірге 8 цент­нерден айналуда, – дейді об­лыстық ауыл шаруашылығы бас­қармасы басшысының міндетін атқарушы Еркеш Әленов, – соңғы тәуліктерде жауын бүркіп, аздап қолбайлау болып тұр. Бірақ жұ­мыс барысында ешбір кедергі жоқ. Егін орағын күні бұрын жос­­парланғандай, 26 тәуліктің ішін­де толық аяқтау межеленіп отыр.

Жаңа астықтың 227,9 мың тоннасы элеваторларға жеткізілген. Құт қамбасына құйылған 207 мың тонна бидайдың 1,6 мың тоннасы немесе 0,8 пайызы екінші сыныпты. Диқандардың айтуына қарағанда, дән көлемі сәл аздау болғанымен, сапа жағынан ұта­тын түрі бар. Жауын-шашын мол жылдары көптеген жерде егін уақ­тылы піспей, қамырлылығы аз болып, құны кетіп жататын. Биыл­­ғы жылдың ерекшелігі, кө­лем көп болмағанымен, сапа жо­ғары. Элеваторға жеткізілген жоға­­­ры­да көрсетілген көлемнің 196,9 мың тоннасы – үшінші сынып­­ты бидай. Бұл – 95,1 пайыз деген сөз.

Астық шығымы әрқилы. Дала­лы жерлерде күннің ыстығы­нан күйіп кетсе, орманды алқап­тардағы шығым тәубе дерлік. Қазір Зеренді ауданындағы егістік алқаптарының гектар берекесі 10 центнерден айналса, Сандықтау 9,9 центнерден өнім жинауда.

– Аудан диқандары биыл 306 400 гектар жерге дәнді дақылдар сіңірген болатын, – дейді аудан әкімі Ербол Жүсіпбеков, – бүгінге дейін 208 588 гектар алқаптың астығы жиналып алынды. Ауа райы­ның аса қолайсыздығына қара­­мастан агротехникалық ша­ра­­лар­ды уақтылы жүргізген «Бел­город­с­кое», «US Agro» серік­тестік­­тері мен «Любимовы» шаруа қо­жа­лығы тәрізді ұжымдар бітік егін өсіріп, егін орағын уақы­тын­да аяқ­­тап шықты. Аудандағы мол өнім ал­ған шаруашылықтар да осылар.

Айтса айтқандай, қуаңшылық жылдың өзінде «Белгородское» серіктестігі гектар берекесін 17,5 центнерге жеткізсе, «Свободное» серіктестігі 17,1 центнерден өнім жинаған. Берекенің бел буған ең­бек­ке байланысты еке­нін таныт­қан тыңғылықты шаруа­шы­лықтар қатарында әр гектардан 16,3 цент­нерден дән жинаған «Мак­симовка», «Балкашинский» серік­тестіктерін де атай кетуге болады.

Келер жылдың қамы да ойлас­тырылуда. Диқан қауым сапалы астықтан тұқым қорын қалып­тас­тыруда. Бұл орайда әзірге Атбасар, Егіндікөл, Астрахан аудандары алда келеді.

 

Ақмола облысы