Әр тарауда ел экономикасының пандемия жылдарындағы жағдайы мен жұртымыздың әлеуметтік өміріндегі күрделі мәселелер сараланып, халықтың әл-ауқатын арттыруға байланысты басым бағыттар анықталған. Солардың ішінде біздің кәсіби бағдарымызға қатысты бірер мәселені бөліп айтқанды жөн көріп отырмын.
Қай заманда болмасын қоғамды алдыға сүйрейтін құдіретті күш – білім мен ғылым. Еліміздегі бұл саланың ахуалына айтылатын сын да, мін де толастаған емес. Сондықтан Мемлекет басшысы білім мен ғылым саласына арнайы тоқталып, өзінің сындарлы көзқарасын ашық білдірді. Ең алдымен, білім саласы қызметкерлерінің жалақысы келесі жыл басынан бастап тағы да 25 пайызға өсетін болды. Алдағы үш жылға осы мақсатқа 1,2 триллион теңге жұмсалады екен. Тағы да деп отырғанымыз ұстаздардың әл-ауқатын жақсартуға арналған бұған дейін де біршама шаралар қабылданған болатын. Демек ұстаздар мәртебесін көтеруге байланысты басталған игі бастамалар іс жүзінде жүйелі жолға қойылды деп айтуға болады. Соның нәтижесі болар, педагогикалық мамандықты таңдаушы жастардың қарасы жыл сайын көбейіп келеді екен. Мұғалімдердің жалақысының көтерілуіне байланысты, тіпті жоғары оқу орындарында ұстаздық етіп жүрген магистрлер мектепке қарай бет түзей бастағанын көріп те отырмыз.
Республика мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесін жою үшін Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін өңірлерде 800 мектеп салу жөніндегі бұрынғы тапсырмасын 1000-ға жеткізуді міндеттеді. Бұл дегеніңіз аталған мерзімде еліміздегі апатты жағдайда тұрған мектептерді жаңа мектептермен ауыстырып, үш ауысымды оқыту жүйесін түбірінен жоюға қол жеткізеді деген сөз. Ауыл мектептерін бала санына қарай қаржыландыруға көшіру де оң нәтижеге жеткізетін бастама.
Президент оқушыларды кәсіби мамандыққа баулу мәселесіне де жіті көңіл бөліп, «Тегін техникалық және кәсіби білім беру» жобасын жүзеге асыруды тапсырды. Қазір республика көлемінде 237 мың жас қыз-жігіттердің кәсіп те игермей, оқу да оқымай бос жүргендігі мәлім болды. Олардың басым көпшілігі шалғайдағы ауылдардың тұрмысы төмен отбасыларынан. Міне, осы келеңсіздікті жою үшін Президент «сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілуі керек» екендігін міндеттеді. Бұл шара негізінен елімізде күнделікті тіршілікке қажетті мамандықты игеруге деген ықыласты түбірінен өзгертеді деуге болады.
Пандемия кезінде қашықтан оқытуды ұйымдастыруда телекоммуникация желілерінің әлсіздігін сынға алып, Үкіметке қашықтан білім беруге қажетті ақпараттық жүйенің сапасын жақсартумен мықтап айналысуды тапсырды.
Ұстаздардың да білім-білігін заман талабына лайық оқтын-оқтын жоғарылатып отыру үшін оларды бұрынғыдай 5 жылда емес, 3 жыл сайын қайта даярлаудан өткізіп отырудың дұрыстығын меңзеді. Бұл – мұғалімдердің жаңа білім мазмұнын, оқытудың тың технологияларын игеруіне серпін әкелуі тиіс.
Қоғамдық ортада соңғы жылдары көп талқыланып жүрген өзекті мәселенің бірі – ғылымды дамыту екендігі белгілі. Мемлекет басшысы өзінің бұл мәселеден толық хабардар екендігін білдіріп, оны оңтайлы шешудің жолдарын нақтылады.
«Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз» дей отырып, бұл саланы реттейтін заңдар мен заңнамалық құжаттарға жыл соңына дейін өзгерістер енгізу қажет екендігін баса көрсетті. Ол өзгерістер мынандай маңызды мәселелерді қамтуы тиіс: Бірінші кезекте, ғылыми-зерттеумен айналысатын жетекші ғалымдардың тұрақты және еңбегіне лайықты жалақы алу мәселесін шешу. Ол үшін ғылыми-зерттеу институттарын базалық қаржыландыру есебінен тікелей қаржыландыруды тапсырды.
Осы уақытқа дейін ғылыми-зерттеу институттары үш қаржылық көзден – базалық, гранттық, нысаналы түрде – қаржыландырылатын. Базалық қаржыландыруға мекемені басқарушылар мен әртүрлі қызмет көрсетушілер ғана енгізілетін. Оның құрамына жетекші ғылыми қызметкерлер енбейтін. Ал гранттық, нысаналық жобалар бойынша ғылымның өзекті мәселелері бойынша 2-3 жылға конкурс жариялау арқылы жүзеге асырылатын. Гранттық және нысаналы жобаларды ұта алмаған ғылыми қызметкерлер екі-үш жылға қаржысыз қалатын. Мұның салдары ғалым-мамандардың тұрақсыздығына, ғылыми-зерттеулердің үзіліп қалуына апарып соқтыратын. Бұл үрдіс, әсіресе, іргелі ғылыми-зерттеулерге орасан зардап келтірді. Міне, Президент тапсырмасы осы мәселені оңтайлы шешуді қарастырады. Бұл тапсырма жүзеге асатын болса, Білім және ғылым министрлігінің белгілеген ережесі бойынша іріктелген ғылыми-зерттеу институттары базалық тұрғыдан тікелей қаржыландырылатын болады.
Екінші мәселе, гранттық қаржыландырудың тым қысқа мерзімге белгіленуі іргелі ғылымның дамуына кең өріс жасай алмайтын. Оның үстіне аз уақыттың ішінде күрделі тақырыптарға кешенді, іргелі зерттеулер жүргізу де мүмкін емес еді. Осы мәселені ретке келтіру мақсатында, Президент гранттық жобалар мерзімін бес жылға дейін ұзартуды ұсынды.
Үшінші мәселе, Ұлттық ғылыми кеңес шешімдеріне ғалымдар көп жағдайда наразы болып жатады. Бірақ сол наразылықты дәлелді түрде негіздеп, өз шағымдарын айтатын өкілетті орын жоқ еді. Қандай жағдайда болмасын Ұлттық ғылыми кеңес шешімі талқылауға, шағым жасауға болмайтын ақтық шешім болып қалатын. Міне, осындай оралымсыздық та, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай оңтайлы шешілетін сияқты. Егер осындай өзекті мәселелер ретімен заңдылық жолымен жүзеге асатын болса, Қазақстан ғылымы заман талабына лайық тағы бір қарышты қадам жасайтыны сөзсіз.
Халқымыздың әл-ауқатын арттыру жолында осындай көкейкесті мәселелерді қозғай отырып, Президент бес бастаманы ел назарына ұсынды.
Бірінші бастама, келесі жылдың қаңтар айынан бастап, ең төменгі жалақыны 42 мың 500-ден 60 мың теңгеге дейін көтеру жөнінде болды. Бұл қарапайым халықтың күнкөріс тіршілігінің барлық буынына жүйелі түрде әсер ететін ауқымды шара болмақ.
Екінші бастама, Үкіметке жұмыс берушілердің, соның ішінде кәсіпкерлердің өз жұмысшыларының жалақысын көтеруін ынталандыру үшін «ұтымды» шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды. Енді жұмыскерлерінің жалақысын көтерген кәсіпкерлерге реттелмелі сатып алу жүйесі аясында мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін болады. Бұл шешім кәсіпкерліктің көптеген көлеңкелі тұстарына жарық түсіріп, жұмысшылардың жалақылары мен зейнетақы төлемдерінің ашық жүргізілуіне ықпал етеді.
Үшінші бастама бойынша микро және шағын кәсіпкерліктің еңбекақы төлеу қорына түсетін салмақты жеңілдету мақсатында олардың салық мөлшерін 34 пайыздан 25 пайызға төмендете отырып, еңбекақы қорынан бірыңғай төлем енгізу ұсынылды. Бұл жүйе 2023 жылдан бастап жұмыс істей бастайды.
Төртінші бастама 2022 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта осы уақытқа дейін мардымсыз жалақы алып келген азаматтық қызметкерлердің (мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер, т.б.) жыл сайын 20 пайызға көтеруді көздейді. Бұл бастаманың шарапаты шамамен 600 мыңнан астам адамға тиеді екен. Бұл да қоғамдық ортада көптен наразылық туғызып келе жатқан қарапайым қызметкерлердің жан жарасы болатын.
Бесінші бастама жұртшылықтың ең жанды жері – баспана мәселесіне арналған. Бұл саланы оңтайландыру үшін Мемлекет басшысы жаңа тұрғынүй бағдарламасын әзірлеуді тапсырып, оның әкімшісі ретінде «Отбасы банкін» құруды міндеттеді. Бұл банк «бір терезе қағидаты» бойынша есеп жүргізіп, ашық жұмыс жүргізетін болады. Зейнетақы қорының басы артық қаражатын да тұрғын үй сатып алуға осы банкке аударуға рұқсат беру қажеттігін ескертті.
Тұтастай алғанда, Қазақстан Республикасы Президентінің жаңа Жолдауы бүкіл әлемдік пандемия жылдары қоғамда қордаланып қалған көкейкесті мәселелерді көтерген және оны шешудің нақты жолдарын көрсеткен бағдарламалық құжат болды деуге толық негіз бар. Қазіргі қыл арқандай ширатылып, дүниенің апшысы қуырылып тұрған қиын заманда біздің елімізге ең керегі – құрыштай берік ынтымақ пен бірлік, сол ынтымақтан нәр алатын халықтың ырыс-берекесі екендігін Мемлекет басшысы дөп басып көрсете білген. Ендігі үлкен мақсат осы Жолдауда айтылған ізгі ниетті игілікті іске айналдыра білуде болса керек.
Кенжехан Матыжанов,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері