Қоғам • 10 Қыркүйек, 2021

Косолаповтар көш бастады

245 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Мерейлі отбасы» байқауының Қарағанды облысы бойынша өткен аймақтық кезеңінде Шахтинск қаласынан қатысқан Косолаповтар отбасы жеңімпаз атанды. Жалпы, аталған байқаудың аудандық, қалалық және облыстық кезеңдеріне қатысуға 200-ден астам отбасынан өтінім түскен екен. Ал осылардың ішінен аймақтық турға тек 36 отбасы ғана өткен.

Косолаповтар  көш бастады

Жеңімпаз атанған Косолаповтар отбасын кеншілер әулеті деп құр­метпен айтуға болады. Егер санама­лап берсе, әулеттің жер астын­дағы еңбек өтілі 370 жылға жуық уақыт­­ты құ­райды. Ал қазіргі таңда Косо­лапов­тар отбасының 12 мүшесі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Көмір департаментіне қарасты кәсіп­орындарда абыроймен еңбек етіп жүр.

– Бізді кеншілер әулетінің өкілдері ретінде кәсіпорын басшылығы ұсынды. Біз төртінші буындағы кеншілерміз. Біздің жалпы жұмыс өтіліміз 365 жылдан асады. Қазіргі уақытта Шахтинск қаласының көмір өнеркәсібі кәсіпорындарында біздің отбасымыздың 10 мүшесі еңбек етеді. Біреуі зейнеткерлікке шықса, енді біреуі оның ісін одан әрі жалғастырып әкетеді. Байқау жеңімпазы атану үлкен мәртебе, өте қуаныштымыз, – деп ағынан жарылады Косолаповтар отбасының мүшесі Людмила.

Бұл отбасындағы отағасы мен отанасы да Ленин атындағы шахтада жұмыс істейді. Олардың шаңырақ көтергендеріне 18 жылдан асқан. Екі ұлды тәрбиелеп өсірген үлгілі ата-ана. Отағасы Валерий Косолапов 2019 жылы өткен «Жыл адамы» байқауының «Жыл шахтері» аталымы бойынша жеңімпаз болған екен.

Жалпы, аталған отбасы «Мерейлі отбасы» байқауына 2017 жылы да қатысып, бақ сынапты. Сонда олар қалалық турда жеңіске жеткен екен.

– Біздің отбасы үлкен және көп ұлттан құралған. Біз Қазақстан­дағы барлық мерекелерді, соның ішінде православ және мұсылман мейрамдарын да атап өтіп отырамыз. Үйде қазақша ет пісіріп, славян тағамдарын да дәмді етіп даярлаймыз. Осы дәстүр біздің ынтымағымызды берік қыла түседі. Біздің үйге қонақ жиі келеді. Ағайын-туыспен жиылып, сая­хаттарға да шығып тұрамыз. Отба­сымыздағы бір-бірімізге деген құрмет біздің бақытты өміріміздің кепілі, – дейді отанасы Людмила.

Енді Косолаповтар отбасы Қа­ра­­ғанды облысының намысын «Ме­рейлі отбасы» Ұлттық конкурсы­ның республикалық кезеңінде қорғай­тын болады.

«Мерейлі отбасы» байқауында конкурс ережесі бойынша төрт орын тағайындалған болатын. Жүлделі екінші орынды Шет ауданынан қатыс­қан Ыдырысовтар отбасы иелен­ді. Ал үшінші орынды Саран қаласы­ның атынан бақ сынаған Қуат және Приозерск қаласынан қатысқан Қоныс­паевтар отбасылары өзара бөлісті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге грамоталар, естелік сыйлықтар мен сертификаттар табыс етілді. Бұдан бөлек, конкурсты ұйымдастыру­шы­лар үздік шыққан отбасыларға тұр­мыс­тық техникаларды сыйға тартты.

Марапаттау рәсіміне облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын, белгілі меценат, облыстық мәслихаттың депутаты, «Алтын жүрек» Ұлттық сыйлығының иегері Бекзат Алтынбеков, облыс­тық аналар кеңесінің мүшесі, білім саласының ардагері Күліш Төлеу­ханова және басқа да құрметті қонақтар қатысып, «Мерейлі отбасы-2021» байқауының жеңімпаз отбасыларына жылы лебіздерін білдірді.

 

Қарағанды облысы