Студенттер мен оқушыларға облыстық кәсіпкерлер палатасында арнайы оқу курсын тәмамдаған ұстаздар сабақ береді. Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, шілде және тамыз айларында мектеп мұғалімдері үш лек болып білім жетілдіру курстарынан өткен. Ал оқу жылының басында 81 ұстаз палата сертификаттарына ие болып, жаңа пәннен сабақ бере бастады. Мектеп мұғалімдерінің келесі легін қазан айында оқыту жоспарланған.
– «Кәсіпкерлік негіздері және бизнес» пәні мектептерге жоғары оқу орындары мен колледждерге 2019 жылдан бастап біртіндеп енгізіле бастады. Биыл менде облыстың әр өңіріндегі қазақ мектептерінен келген 22 мұғалім оқыды. Қазір олар 10-11-сынып оқушыларына бизнес негіздерін оқыта бастады. Бірақ бұл пән кейін 9-сыныптарға да жүре бастайды. Жалпы, келешекте кәсіпкерлік негіздерін 5-сыныптан бастап оқытуы мүмкін. Өйткені қазіргі жасөспірімдерді психологиялық жағынан бизнеске ерте жастан дайындау керек. Біздің курстарда оқығысы келетін ұстаздар облыстық білім басқармасына немесе кәсіпкерлер палатасына өтініш бере алады. Бізден сертификат алған мұғалімдер «Кәсіпкерлік негіздері және бизнес» пәнін 5 жыл қатарынан оқыту құқығына ие болады, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Әбутәліп Әмір.
Білім мекемелерінің көбі оқушыларға жаңа пәнді, қазірше, қосымша сабақ ретінде ұсынып отыр. Алайда 2021 жылдың тамызында жаңартылған мазмұндағы жалпы орта білім берудің типтік бағдарламасын қабылдаған білім ошақтарында кәсіпкерлік негіздері «Жаһандық құзыреттілік» курсының аясында міндетті пән ретінде аптасына бір рет оқытылатын болады.
ҚОСТАНАЙ