1996 жылы Президент Жарлығымен 1 Мамыр елімізде Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі деп аталатын болды. Көктем мерекесін ерекше атап өту, жылы жүзбен көшеде кездесу, достарыңмен бірге болу сияқты кеңестік кезеңнен бастау алатын игі дәстүр тәуелсіздігін алған еліміз үшін де өзінің маңызын жойған жоқ.
Біз көпэтносты болсақ та, жер мен ел ортақ, ойымыз бір жерден шығып отыр. Мереке кезінде ел тұрғындары кездескен кезде олар бір-бірін құттықтап қана қоймай, отбасына, еліне және жеріне деген сүйіспеншілігін де паш етеді. Қысқасы, 1 Мамыр – халықтың басын қосатын, әр түрлі фестивальдермен, ән және бимен көмкерілген ерекше мереке. Өскемен қаласы әкімінің орынбасары болған кезімде ерекше тебіреніспен осы мерекені атап өтуге дайындалатынмын. Өйткені, бұл – елдің ерекше әспеттейтін мерекесі. Еліміздегі әр этностың әні мен сазы, мың бұралған биі үйлесімділік тауып, келісім мен бейбіт өмірге үндейді. Осы жерде Елбасының ел халқының жай-күйін сезіне алатын ерекше қасиеті барлығын да тілге тиек еткім келеді. Мерекенің Қазақстан халқының бірлігі мерекесі күні деп аталуының өзі халықтың көңіл-күйін дөп сезіне білу деп түсінген жөн. Мемлекет өзара сенім мен құрметке лайық өмір сүруді қамтамасыз ете білсе, сол сенімнен шығуды сенен де күтеді.
Елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысының көрегендігінің, алысты болжай алатынының арқасында жүзеге асты. Ассамблея барлық этностың философиялық өмірінің ағысы іспетті. Этносаралық қарым-қатынастар институты бір-біріңді сыйлауға, өзара түсінісуге ғана емес, сонымен қатар, әрбір этнос пен жеке адамның ішкі жандүниесін тануға да үйретеді. Ортақ істе бір-бірімізге кешіріммен қарауға, әрі-беріден соң бір-бірімізді құрметтеуге шақырады. Яғни, қоғамдағы адамдар қарым-қатынасының үйлесімділігіне үндейді. Олай болса, Ассамблея этносаралық қарым-қатынастардың дамуына, халықтың бірлігін сақтауға ерекше үлес қосып келеді деп толық сеніммен айтуға болады. Этносаралық қарым-қатынастарды тереңдету тек киім киіп, ән айту ғана емес, ол қазіргі заманғы мемлекеттілікті құру да болып табылады. Мемлекеттілікті қалыптастыру жастардың аға ұрпаққа қалай қарайтындығымен де анықталады. Жастар отбасылық, мемлекеттік дәстүрлер арқылы Қазақстанда өзінің орнын табуға ұмтылуы тиіс. Бұл – өте маңызды.
Жүргізіліп жатқан реформалардың жетістігі туралы көп айтамыз. Былай қарасаңыз, сол реформалар халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған. Әл-ауқаттың жақсаруы маған бере қал емес, мен мемлекеттің өркендеуіне нендей үлес қоса аламын деген пайымнан туындағаны жөн. Тағы бір айта кетерлігі, Мемлекет басшысы мемлекеттік тілдің маңызын ашып көрсетті. Мемлекеттік Әнұран мен Мемлекеттік Ту сияқты мемлекеттік тілде еліміздің символы болып табылады. Тілдердің “үштұғырлығын” ұстанып келе жатқан біздерді әлемде өркениет көшіндегі елдер санатында қабылдайды. Жастардың көп тіл білуі мені қуантатыны да рас. Мемлекеттік тіл керек пе деп қазір ешкім талқыламайды, өйткені, ол біздің өміріміздің мәніне айналып үлгерді. Өмірдің өзі біздің осы тілді ұстанатынымызды айқындап берді. Кез келген тілді білу – үлкен байлық.
Светлана ФЕРХО, Мәжіліс депутаты.