Қоғам • 10 Қыркүйек, 2021

Маңғыстауда «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды

343 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін, 10 қыркүйек күні «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Онлайн өткен салтанатты шараға еліміздің барлық өңірінен облыстық кезең жеңімпаздары қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Маңғыстауда «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды

​96 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Алуадин Орақовтың әулетін облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтап, Президенттің атынан арнайы диплом табыстады.

​Ғасырға жуықтаған Алуадин Орақов бүгінде 8 бала өсіріп, олардан 33 немере мен 48 шөбере сүйіп отыр. Басым бөлігі білім саласында еңбек етуде.

​Облыс әкімі Н.Ноғаев байқауға қатысушы әрбір отбасының тарихы, бұл – Қазақстан тұрмысының энциклопедиясы екенін атап өтті.

«Мерейлі отбасы» жай ғана айтылатын сөз емес. Ол ананың аялы алақаны, әкенің ыстық мейірімі, туған-туысқанның жүрек жылуы. Әрбір шаңырақтағы береке түптеп келгенде тұтас елдің берекесі. Адамға еңбекқорлық, отансүйгіштік, жасампаздық пен мейірімділік сияқты асыл қасиеттер отбасы арқылы дариды. Өнегелі отбасының тірегі Алуадин ақсақал ұрпағымен мың жасасын, өсіп-өркендей беріңіздер!», деді өңір басшысы.

​Маңғыстау облысы бала туу көрсеткіші бойынша елімізде үздік үштікте. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш 30 пайызға өскен. Бүгінде аймақта 41 мыңнан астам көпбалалы ана бар. Оның 11 мыңнан астамы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері.

​Ал Тәуелсіздік алғалы Маңғыстау облысы халқының саны 2,5 есе артты.