01 Мамыр, 2010

НЕСИЕ ҚАЙТАРА АЛАТЫНҒА БЕРІЛЕДІ

533 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Елімізде азық-түлік қауіпсіздігі мен агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетінің дамуы қалай қамтамасыз етілуде? Осыны білу мақсатында Сенат депутаттары “ҚазАгро” Ұлттық басқарушы холдингі” АҚ басқарма төрағасы Асылжан Мамытбековпен кездесіп, бұл саладағы жүргізіліп жатқан жұмыстармен жан-жақты танысты. Белгілі болғандай, 2009 жылы агроөнеркәсіп кешенін қаржы­лан­дыру көлемі 458,5 миллиард теңгеге жеткен. Былтыр “Қаз­Агро” Ұлттық басқарушы хол­дингі” АҚ Ұлттық қордан 120 мил­лиард теңге алған екен. 2009 жылы соның 17,6 миллиарды инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталса, биыл және келесі жылдары бұл мақсатқа 50 және 52,4 миллиард теңге жұмсау көзделіп отыр. Жалпы, былтыр егін егу және жинау науқанына 68,8 миллиард теңге бөлініпті. 2010 жылы АӨК субъектілерін қаржыландырудың шарттарына сәйкес, тиімді ставка 12 пайыз. Несие банк кепілдігін немесе “ҚазАгроКепіл” АҚ кепілдігін ұсынған жағдайда жылдық 8 пайыздық (4 пайыз – банк кепіл­дігінің құны) ставкамен беріледі. Бюджет несиесінің мерзімі 1 жылға дейін, яғни өтеу мерзімі 30 жел­тоқсанға дейін деп белгілен­ген. Онда да несие тек соны қай­тара алатын субъектілерге ғана беріледі. Осы ретте депутаттар несие мерзімінің қысқалығына және оны қарау барысындағы процедуралар­дың барысына назар аударды. Холдинг басшысы астық мә­се­лесін де айналып өтпеді. Оның айтуынша, “Азық-түлік корпо­рациясы” ҰК” АҚ 5 миллион тонна астықты сатып алған. Оны шетел рыногына шығару мақса­тын­да Ресей Федерациясы мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдері бағытындағы астық транзитінің көлік қызметі арзандатылыпты. Қытай аумағы арқылы Жапония, Корея және басқа Тынық мұхиты аймағы елдеріне 3 миллион тонна астық транзитіне қол жеткізілген. Бұдан басқа Түркіменстан, Өзбек­стан және Иран бағыттары да бар. Сондай-ақ мақта өсіруші­лерді шағын несиелік қауымдас­тықтар арқылы қаржыландыру қолға алынып, өндірілген өнімнің мақта өңдеу зауытына тапсыры­луы да депутаттар назарына салынды. Сондай-ақ “ҚазАгроҚаржы” АҚ есебі де алға тартылды. Биыл республикалық қаражат есебінен отандық өндірушілерден жалпы сомасы 5 миллиард теңгеге 605 бір­лік ауыл шаруашылығы техни­ка­лары сатып алынатыны белгілі болып отыр. 45 трактор “Агро­техмаш” ЖШС-інен, 300 астық жинайтын комбайн “Агромаш­холдинг” АҚ-тан және тағысын тағылар. 2000 жылдан бастап 2009 жылға дейінгі кезең ішінде АӨК-ті дамытуға барлығы 167 мил­лиард теңге инвестицияланған, оның 65 миллиард теңгесі бюджет есебінен қаржыландырылса, 14 миллиард теңгесі Ұлттық қор есебінен жүзеге асырылыпты. Депутаттар алдында, сонымен қатар, “Мал өнімдері корпора­циясы” АҚ басшысы да есеп берді. Александр Солюлевтің мәліметіне қарағанда, жалпы мал басы ішіндегі етті мал үлесі Қа­зақ­станда 6-8 пайыз болса, АҚШ-та – 75-80, ал Канадада 65 пайыз. Мақтанышымыз саналатын “Қа­зақ­тың ақ бас” тұқымы өзінің гене­ти­калық шамасын 44 пайызға дейін жоғалтқаны анықталыпты. Мал өнімі 1990 жылмен салыс­тыр­ғанда шамамен 110 кг.-ға төмен­деген. 1990-2008 жылдары сиыр еті өндірісі 2 есеге дейін азайған. Жалпы, 2009-2011 жыл­дардың қорытындысы бойынша Ұлттық қордың қаражаты есебінен 283 миллиард теңгеден аса сомаға іс-шаралар қаржылан­дыру көзделген. Әрбір бөлінген теңгенің айналымы 2,4 еседен асады деп күтілуде. Кездесу нәтижесінде депутат­тар бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын бағамдауға, бұл салада нендей қолдаулардың қажеттігін саралауға мүмкіндік алды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.