– Бұл кімнің пәтері екен? Маған Дүйсебай керек еді, – деп қоңыр үн иесі өзін сұрағанда бұл тосылыңқырап барып:
– Мен Дүйсебаймын ғой, – деп жауап қатқан.
– Пәлі, Дүйсеш, бұл сенбісің? Бар екенсің ғой, жарқыным. Мен сенің жазықсыз сотты болып, алыс сапарға кеткеніңді естігенмін. Сені, сірә, сол жақтан қайтпай қалған шығар деп жүруші едім. Енді, міне, амандығыңды естіп, біліп, қуанып қалдым ғой...

– Бұл кімнің пәтері екен? Маған Дүйсебай керек еді, – деп қоңыр үн иесі өзін сұрағанда бұл тосылыңқырап барып:
– Мен Дүйсебаймын ғой, – деп жауап қатқан.
– Пәлі, Дүйсеш, бұл сенбісің? Бар екенсің ғой, жарқыным. Мен сенің жазықсыз сотты болып, алыс сапарға кеткеніңді естігенмін. Сені, сірә, сол жақтан қайтпай қалған шығар деп жүруші едім. Енді, міне, амандығыңды естіп, біліп, қуанып қалдым ғой...
Жаңағы жаңағы ма, Дүйсекең тіптен де абдырап, асып-сасып, ойы сан-саққа жүгірген. Апырм-ау, Алматыға көшіп келгендері жаңа. Соған қарамастан өзін жақсы біліп тұрған кім екен? Сонсоң сөздің турасына көшіп:
– Сіз өзі менің өткен өмір тарихымды жатқа біліп тұрсыз ғой. Ал мен... – дей бергенде трубканың ар жағындағы қоңыр үн иесі енді өзін кінәлі сезінгендей булыға күлген. Сонан соң:
– Пәлі, мен өз жөнімді айтпаппын ғой. Мен Мұхтармын, Әуезов. Сенің барлық жағдайыңды күйеу балаң Балташ Ысқақовтан естіп, біліп отырмын. Ол екеуміз әдебиет институтында бірге қызмет атқарып жатырмыз. Оны саған Балташ айтып үлгермеген болар. Қысқасы, басқа әңгімені ертең біздің үйде жалғастырайық. Бала-шағаларыңмен ертең біздікіне ерулікке келіңдер.
Бұл шақта аты айдай әлемге танылып қалған Мұхаңның өзіне телефон шалып, отбасымен түгел қонаққа шақырғанына таңданып әрі абдырап қалған Дүйсебай ертесінде ғұлама жазушының үйінен де зор әсермен оралды. Иә, мұндай әсерлі отырыстан соң қайтіп толқымасын! Мұхаңның өзінің қолқалап «Қаракөздегі» Наршаның монологын, «сенің қоңырлатып салатын әніңді сағындым ғой» деп ән айтқызғаны жүрек қылын тербеген. Содан үйге келген соң ұйықтай алсашы! Сөйтіп, бұған дейінгі өткен өмірі бейне кино таспасындай айнала берген.

...Мұхтармен екеуі бір жылдың төлі болатын. Мұхтар Шыңғыстау өңіріндегі Бөрлі елді мекенінде өмірге келсе, өзі Қарқаралы уезіндегі Бөрлі болысының жетінші ауылында дүние есігін ашыпты. Туған жылы ғана емес, туған жерлерінің аты да сәйкес болғандықтан ба, әйтеуір, ертеректе Мұхтар екеуінің өмір жолы көп қиылысқан екен.
Өмір жолы демекші, ата-анасы тұрмыстың қиыншылығымен сонау Қарқаралыдан Семейге арып-ашып көшіп келгенде мұның жасы онға енді ғана толған болатын. Татар байына жалданып, бала баға жүріп, хат танитыны осы кез. Ал одан сәл кейініректе Құнанбай қажының құдасы Тінібай медресесінде оқыды. Талапты жас мұнымен де қанағаттанбай, 1917 жылдың дүрбелең шағында Семейде ашылған екі жылдық мұғалімдер курсына түседі. Әлгі курс сол жылғы ақпан төңкерісінен кейін қазақ жастары үшін Жер басқармасының қаражатымен ашылған-ды. Курс меңгерушісі Абыралы өңірінің тумасы Мәннан Тұрғанбаев болса, оқу ісін болашақ сөз зергері Жүсіпбек Аймауытов басқарыпты. Жаратылыстанудан Қаныш Сәтбаев сабақ беріпті. Мәннанның кейінде «Қазақ тілі» газетін, ал Жүсіпбектің Мұхтармен бірге «Абай» журналын басқарғаны белгілі. Арада екі жылдан соң оны бітірген Дүйсебай Семей қаласындағы оқытушылар ұйымының шешімімен Шаған болысында ашылған шаруа жастар мектебінің мұғалімі болып ұстаздық жолын бастайды. Сол тұста бұл ұйымның басшысы Әлихан Бөкейханов болса, хатшысы – Мұхтар Әуезов. Тегінде көзі қарақты оқырман Семейдегі әлгіндей оқу орнын бітірген жас Мұхтардың да мұның алдында Шаған болысында бала оқытқанынан хабардар болса керек.
Алайда, Дүйсебай бұл болыста көп тұрақтап қала алмады. Ескіліктің шырмауымен өзді-өзі қырқысып, ерегескен ру басылары жылдың аяғына қарай мектепті өртеп тынады. Сонан соң бұл туған жері Бөрлі болысында губононың рұқсатымен мұғалімдер даярлайтын үш айлық курс ашып, сонда сабақ береді. Артынан сол жерде мектеп салуды қолға алады. Ал арада екі жылдан соң Семейге оралып, сондағы коммуна, соңынан кеңес партия мектебінде ұстаздықпен айналысады. Мұның сыртында «Ес-аймақ» деген атпен құрылған жергілікті өнерпаздар ұйымының жұмысына белсене қатысып, жас драматург Мұхтар Әуезовтің пьесаларында басты рөлдерде ойнайды.
1934 жылы Семейде осы «Ес-аймақ» ұйымының негізінде кәсіби театр ашылады. Оның тізгінін алғашқы қазақ режиссері Жұмат Шанин өз қолына алады. Дүйсекең 1938 жылдың басында жазықсыз ұсталып Колымаға айдалып кеткенше жаңадан ашылған театр жұмысынан да сырт қалмайды. Және онда атақты Иса Байзақов, жас пері Шахан Мусинмен бірге басты рөлдерде ойнайды.
Сонда жаңа заманның талабына орай елдің сауатын ашумен ғана шектелмей, өнерін дамытуға өз үлесін қосып жүрген бұған қандай кінә тағылған дейсіз ғой? Кінәсі сол, байдың қызына үйленген, бай балаларын оқытқан, байлардың рөлін соншалықты беріліп ойнаған. Мұндай сорақы жаладан оның шынайы өнеріне орай Мәскеуден Луначарскийдің қолы қойылған грамота алғандығы да құтқара алмаған. Сол шақтағы сұм заманның көзімен үңіліп қарағанда, бұған тағылған айып «орынды» да секілді. Яғни, Семейдің атақты көпесі Әкімбайдың Майнұр деген қызымен бас қосқаны рас. Сонда атақты әнші Әміре араағайындық жасап, бас құда ретінде бар шаруаны ретіне келтіріп еді-ау! Текті әулет те сен кедейсің демей, мұның басын сыйлаған. Ал Шаған болысындағы алғашқы мектеп сол елдің байларының демеушілігімен ашылса, бұл олардың балаларын қалайша оқытпаймын деп айта алады. Сондай-ақ, Әуезов драмаларындағы байлардың рөлдерін сомдағанда қолынан келіп тұрып, олардың бейнелерін тағы да қалайша солғын шығарсын. Сондай зорлық-зомбылыққа қолдан келер дәрмені болмай іштен тынған қайран Мұхтардың арада пәлен жыл өткенмен өзіне деген ыстық ықыласы еш суымапты-ау!
Бұл жазықсыз сотты болып, Семей түрмесіне қамалғанда балалардың үлкені Роза оң мен солын танып есейіп қалса, ал Кларасы әлі жас еді. Майнұры сол тұста өмірге келген ұлдарының есімін бұл қайраттансын, өмір соққысынан сынбасын деп Қайрат атапты. Содан Дүйсебай бір қиырдағы Колымаға аттанып кете барған. Сонда тағдырдың тәлкегіне ұшыраған отбасына ағайын-туыстарының, әсіресе, Семей обкомының екінші хатшысы Рымбек Ильяшевтің әйелі Сара екеуі түнделетіп тамақ тасып жәрдемдескенін бұл қайтіп ұмытсын!
Колыманың қысқы 40-50 градус аязында күніне 15 сағаттан жұмыс істеп, қыстан әбден титықтап шыққан 1945 жылдың көктемінде көптен күткен Жеңіс күні де келіп жеткен-ді. Сол жылдың жазында түскі тамақ кезінде бір ұшқыш мұнымен «Аға, қазақсыз ба?» деп жөн сұрасады. Сөйтсе, өзі де қазақ екен. Дүйсекең елден ұзағалы отбасымен хабарласа алмай жүргенін айтып, мұңын шағады. Әлгі ұшқыш елге хабарыңызды мен жеткіземін, көп ұзамай өзіңіз де елге қайтасыз деп көңілін көтеріп кетеді. Айтқандай-ақ, ұшқыш жігіт сөзінде тұрып, елдегі отбасына тілдей хатын, амандық хабарын жеткізеді. Арада біраз уақыт өткен соң Дүйсекеңнің өзі де он екі жылға созылған тозақтан босап елге қайтады. Сонда Сібірде іссапармен жүрген тағы бір қазақ азаматы негізгі жұмысын доғара тұрып, мұны елге жеткізіп салғаны тағы бар. Заман тарылып тұрғанмен, сол кездегі адамдардың көңілі кең еді ғой.
Соғыстың соңғы жылдары он алты жасынан бастап, облыстық «Екпінді» газетіне әдеби қызметкер ретінде жұмысқа тұрып, тігін фабрикасында жұмысшы болып істейтін шешесіне қолғанат бола білген тұңғышы Розаның өзінен кейінгі сіңлісі мен бауырына қамқор бола білгені дәтке қуат. Сөйте жүріп педагогика институтында сырттай оқиды екен. Өзі де жасы алпысқа тақаған шағында педагогика институтын сырттай оқып бітірген. Содан қашан еңбек демалысына шыққанша жас ұрпақ тәрбиесімен айналысқан. Тұңғыш күйеу баласы Балташ та әдебиетші ұстаз болатын.
Сөйтіп, бірде бетін, бірде сыртын беретін өмір бұлар үшін өз арнасына түскен. Мұғалімдіктен партия жұмысына ауысып, Тарбағатай аудандық партия комитетінде қызмет атқарған Розасы Семейге мектеп-интернаттың директоры болып қайта оралған. Онда да жемісті еңбек етіп жүрген 32 жасында республика Оқу министрінің орынбасары болып Алматыдан бір-ақ шықты емес пе! Іле-шала әке-шешесін де Алматыға көшіріп алған. Сондағы Әдебиет институтына қызметке орналасқан Балташ кейінде ғылым кандидаты атанды. Осы тұста Кларасы ҚазПИ-де оқып жатты. Кенжелері Сәуле де бой түзеп қалған. Өзінің әншілік дарыны Розасы, Кларасы мен кенжесі Сәулеге дарығанына да тәубе дейтін іштей. Мұхаңның үйінен ерекше әсермен оралған Дүйсебай аға осылайша тәубе деп жатып әзер дегенде көзі ілінген.
***
Дүйсебай Есенжолов жасы сексеннің ортасынан асқан шағында, 1983 жылдың мамыр айында өмірден озған. Сондағы қаралы жиында сол шақта Қазақстан Тұтынушылар одағы басқармасының төрағасы болып қызмет істейтін баяғы Рымбек Ильяшев, жерлес інісі, республика Қаржы министрі Рымбек Байсейітов, Қазақстанның халық әртісі Шахан Мусин және тағы басқалар өмірден озған жақсы аға туралы жүрекжарды жылы лебіздерін білдірген.
Марқұмның аруағы сол шақта балаларымен бірге, күйеу балаларының қай-қайсысына болсын дән риза еді. Соның бірі белгілі жазушы Медеу Сәрсеке ана бір жылы ата-енесіне тосын сый жасаған. Яғни, үйінде қонақтап жатқан үлкендерге жаңада ғана шыққан бір грампластинкадан ән тыңдатқан. Сөйтсе, ол Әміренің күйтабағы екен ғой. Бұлар пәлен жылдан кейін аға достарының даусын жазбай таныған. Сонда өшкендері жанып, өлгендері тірілгендей болған. Өздеріне осылайша күтпеген жерден сый жасаған Медеуден қайтіп айналмасын!
Қай балалары болмасын, жаман болған жоқ. Десе де, бұл әулет үшін алдыңғы жылы өмірден озған Роза Дүйсебайқызының жөні бөлек еді. Ол кісінің он бес жыл министрдің орынбасары, одан кейінгі жерде он жыл бойы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтының директоры болғандығы өз алдына, бұған қосымша ол кісі көрнекті қоғам қайраткері, артында ізі қалған ұлағатты ұстаз еді. Соның айғағындай, Роза апай әйелдер жөніндегі әлемдік комиссияның тұрақты мүшесі болғандығын, 1968 жылы Әйелдердің бүкіләлемдік конгресін ұйымдастыру жұмысына қатысқанын, мұның сыртында осындай келелі мәселелермен әлемнің 22 елінде болғандығын айта кеткеніміз жөн болар. Сөйте жүріп, кандидаттық диссертациясын қорғап, бірнеше оқулықтың авторы атанған.
Сөз соңында бүгінде біз тілге тиек еткен әке туралы әңгіме Роза апайдың жеке мұрағатынан табылғанын айтпасқа болмас. Жақсылар мен жайсаңдардың қатарынан табылған Дүйсебай ата туралы сөз қозғай отырып, әкенің балаға, баланың әкеге деген ыстық ықыласын айта кетуді жөн көргенбіз. Өкінішке қарай, алдыңғы жылы Клара апай да мәңгілік сапарға аттанып кете барды. Қалай десек те, үлгілі отбасындағы мұндай өнеге-үлгі өткен шаққа айналғанмен, ешқашан ұмытылмақ емес!
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,
журналист.
СЕМЕЙ.
––––––––––––––––
Суреттерде: Дүйсебай Есенжолов пен Майнұр Әкімбайқызы; «Ес-аймақ» үйірмесіне белсене қатысқан семейлік «қаратаяқ» оқығандардың бір тобы.