Саясат • 13 Қыркүйек, 2021

Экономикалық дамудың басты тетігі

380 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қаржыны бақылайтын жоғары орган – Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осыған орай Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Жаңа тарихи шындық жағдайындағы мемлекеттік аудит жүйесі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Экономикалық дамудың басты тетігі

Конституцияда атап көрсетілгендей, Қазақстан – әлеуметтік мемлекет, бұл дегеніңіз қазынаға жиналған қаржының басым бөлігі халықтың әл-ауқатын көтеруге, дұрыс білім алуына, денсаулық саласын жақсартуға арналады деген сөз. Шынында да, біздің елдің жыл сайын­ғы шығыстарының жартысына жуығы азаматтардың құқықтары мен мүдде­лерін қорғауға, әлеуметтік дамуы­на бағыт­талады. Ал ел қазынасынан бөлінетін бұл қыруар қаржының дұрыс жұмсалуын, талан-таражға салынбай мақсатты пайдала­нуын бақылайтын орган – осы Есеп ко­митеті. Мемлекеттік аудит және қаржы­лық бақылаудың жоғары органы тікелей ел Президентіне бағынады, тек Мем­лекет басшысына есеп береді.

Халықаралық конференцияда сөз алған Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төр­айымы Наталья Годунова Комитеттің құры­лымы мен мәртебесі алғаш рет 1995 жыл­дың тамызындағы референдумда қабыл­данған Конституцияда бекітілгенін, бұдан кейін Қазақстан Республикасы Пре­зи­дентінің 1996 жылғы 19 сәуірдегі Жар­лы­ғымен Есеп комитетінің құрамы айқын­далып, ережесі нақтыланғанын атап өтті.

«Міне, ширек ғасыр бойы біз бұл күнді өзіміздің кәсіби мерекеміз ретінде атап өтіп келеміз. Биылғы мереке біз үшін ерекше маңызға ие, өйткені мерейтойымыз ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бүгінге дейін Қазақстан ірге­сін берік орнықтырып, дамудың даң­ғыл жолына түсті. Әрбір азаматтың бос­тан­дығы, оның бейбіт өмірі, қоғамдық келісім, халықтың әл-ауқатын арттыру, жастардың дамуына мүмкіндіктер жасау – тәуелсіздіктің негізгі жетістіктері. Біз кез келген сын-тегеурінге дайын болып, мемлекеттік басқарудың барлық саласын үздіксіз жетілдіріп отыруға үлес қосуға тиіспіз. Біздің конференциямыздың мақсаты да сол – мемлекеттік аудит жүйесін жетілдіру, әлемдік талапқа сай дамыту», деді Н.Годунова.

Алқалы жиында әлеуметтік-эконо­ми­калық қатынастарды реттеудің тиімді құралы – әлеуметтік аудит тақырыбына ерекше басымдық берілді. Мамандардың ай­туынша, бұл – әлеуметтік шығындар мен әсерлерді сыртқы бақылау мен тексерудің бір түрі және ол әлеуметтік мемлекет ре­тін­де қарастырылатын Қазақстан үшін маңызды.

«Мемлекеттік әлеуметтік аудит жүр­гізу жоспарлы индикаторлар мен нақ­ты нәтиже арасындағы, мемлекеттік орган­дар қызметінің нәтижелері мен қоғам­ның әлеуметтік деңгейі арасындағы алшақ­тықты азайтуға ықпал етеді. Мыса­лы, әлеуметтік аудитті заңнамалық тұр­ғы­дан бекітіп алған Үндістан бұл жүйені Ке­дей­лікпен күрес бағдарламасын бағалауға қол­данды. Сонда бағдарламаның тиімді­лігі артқаны байқалып, оның жүзеге асы­ры­луы бірден 60-тан 97%-ға дейін көте­рілген», дейді Н.Годунова.

Қазіргі пандемия жағдайында әлеуметтік аудиттің маңызы тіптен арта түскен көрінеді. Себебі коронавирустың жап­пай таралуына байланысты халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, денсау­лық сақтау саласының жұмысын жақ­сар­ту, мемлекеттік қызметтерді қашықтан көрсету сынды маңызды салаларға бұрын-соңды болмаған қаражат бөлінген. Ал бұл қаржының мақсатына сай тиімді жұмсалуын бақылау – күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе. Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес Есеп комитеті де осы іске белсене кірісті. Мәселен, Үкі­мет бөлген дағдарысқа қарсы қара­жат­тың үштен бір бөлігі сыртқы аудитпен қам­тылған. Аудиторлар негізінен жұмыс­пен қамтудың және бизнестің жол карта­лары, Нәтижелі жұмыспен қамтуды жә­не жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек», «Нұрлы жер» сынды мемлекеттік бағ­дар­ламаларға бөлінген қаражатты қайта тек­серіп, босаған қаражаттың кемінде 20%-ын неғұрлым шұғыл шешуді талап ететін салаларға қайта бөлу жөнінде Үкіметке ұсынымдар әзірледі.

Комитет халыққа көрсетілетін мемле­кеттік қызмет көрсету сапасын баға­лауға да ерекше ден қойған. Мәселен, еліміздің электронды үкіметі даму деңгейі бойынша әлемдік рейтингтерде жақсы бағаланғанымен, ел тұрғындарына көр­сеткен қызмет сапасы былтырғы әлеу­меттік пікіртерім бойынша нашар болған. «Қазақстан 2025 жылға дейін халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 100%-ын цифрлы, мобильді форматқа көшіруге талаптанып отыр. Сондықтан мемлекеттік аудит органдары тарапынан жүргізілетін мемлекеттік қызмет көрсету сапасын мониторингілеу жұмысын ма­ңызды деп санаймыз», дейді аудиторлар.

Алайда мемлекеттік әлеуметтік аудит жүргізу жөніндегі қолданыстағы тәжі­рибенің аздығы мен оны ұйымдастыруға қойылатын бірыңғай талаптар мен әдіснамалық тәсілдердің жоқтығы көпте­ген мәселеге қолбайлау болып отыр екен. Осы жайтты көтерген жиын қатысу­шылары әлеуметтік аудитті мемлекеттік қыз­меттер сапасын арттыратын мемле­кеттік аудит жүйесінің пәрменді тетігі ретінде қарастыруды ұсынды. Жиында айтылған осындай ұсыныс-пікірлердің бәрі топтастырылып, жақын арада жинақ болып шықпақ.

Халықаралық конференцияға Пре­зи­дент Әкімшілігінің, Үкіметтің өкілдері қатысты. Оларға Есеп комитетінің төр­айымы Н.Годунова «Комитеттің бастамаларын үнемі қолдайтыны үшін» алғысын білдірді.

Сондай-ақ алқалы жиынға 27 шетелдің Жоғары аудит органдарының (ЖАО) өкілдері, соның ішінде Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Қырғызстан, Пор­тугалия, Эстония ЖАО-ның бірінші басшылары, БҰҰДБ, Азия даму банкі сияқты халықаралық ұйымдар, «Deloitte, KPMG, Ernst&Young» үлкен төрттіктің өкілдері, сондай-ақ 11 жоғары оқу орны мен 17 тексеру комиссиясының өкілдері қатысты.

Қатысушылар 25 жылдығын атап өткен Есеп комитетінің бүгінге дейін қол жеткізген табыстарын айта келе, аудиторлар Қазақстанның қаржылық тұрақ­тылығын нығайтуға елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті. Бұған қоса қаржы­лық тұрақтылық экономиканың тұрақ­ты дамуының басты факторы екенін, сон­дықтан мемлекет қазынасын тиімді пайдалану ісіндегі есеп комитетінің бастамаларын барынша қолдауға дайын екендерін жеткізді.