Саясат • 13 Қыркүйек, 2021

Қазақстан елшісі Арменияның Сыртқы істер министрімен кездесті

143 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан елшісі Болат Иманбаев Армения Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоянмен кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан елшісі Арменияның Сыртқы істер министрімен кездесті

Сұхбат барысында қазақстан-армян ынтымақтастығы және екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Министр Ереванның Нұр-Сұлтанмен диалогты барлық деңгейлерде, екіжақты форматпен қоса ортақ интеграциялық бірлестіктер мен халықаралық ұйымдар шеңберінде де жандандыруға мүдделі екенін мәлімдеді. А. Мирзоян зор әлеуеті мен өсу перспективасы бар сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетудің маңыздылығын атап өтті.

Тараптар Армения Президенті Армен Саркисянның 2021 жылы маусым айындағы Қазақстанға сапарының қорытындыларын, сондай-ақ 26 мамырдағы Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-армян үкіметаралық комиссиясының 8-ші отырысының және 20 сәуірдегі сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялардың уағдаластықтарын іске асыру мәселелерін талқылады.

Елші армян тарапын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі қағидаларымен, сонымен қатар мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық жаңғыруының өзекті бағдарламалары мен халықаралық бастамалары туралы хабардар етті.