Театр • 13 Қыркүйек, 2021

«Астана Опера» театрының Камералық залы Күләш Бәйсейітованың есімімен аталады

616 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Астана Опера» Камералық залы Күләш Бәйсейітованың есімімен аталады. Айтулы оқиғаның құрметіне театрда 13 қыркүйекте «Қазақтың бұлбұлы» атты концерт өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Астана Опера» театрының Камералық залы Күләш Бәйсейітованың есімімен аталады

Бүгінде «Астана Опера» Камералық залы – көптеген музыканттар өнер көрсетуге ұмтылатын еліміздің беделді концерттік алаңы. Бұл зал классикалық мұраны сақтайтын және жаңарған қазақстандық қоғамның рухани сұраныстарын іске асыратын қазақ және әлемдік музыка мәдениеті дәстүрлерінің тасымалдаушысы болып табылады.

«Бұл сахнада Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің атақты әртістері өнер көрсетуде. Камералық залдың Күләш Бәйсейітова залы деп аталуы біз үшін үлкен құрмет. Ол «КСРО Халық әртісі» жоғары атағының алғашқы иегерлерінің бірі. Біз оның табиғи музыкалық талантын және әлемдік мәдениеттің қазынасында қалдырған бейнелердің бай галактикасын есімізде сақтаймыз. Ал Е.Г.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Жібек партиясы әншіге классикалық опера өнерінің биіктеріне көтерілуге мүмкіндік берді», деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» директоры Ғалым Ахмедяров.

Оқиға қарсаңында Күләш Бәйсейітованың қызы Қарлығаш Бәйсейітова өзінің балалық шағы туралы жылы естеліктерімен бөлісті. Ол елорданың мәдени өмірі үшін «Астана Опера» Камералық залының аты аңызға айналған тұлға Күләш Бәйсейітованың есімімен аталуы үлкен қуаныш екенін атап өтті. Қызы анасына алғыс хаттарының бірнеше көшірмесін, сондай-ақ ұлы әншінің жеке мұрағатынан алынған фотосуретті театрдың арт-галереясына тапсырды. 13 қыркүйекте театр фойесінде айтулы оқиғаға орай көрме өтеді.