Коронавирус • 13 Қыркүйек, 2021

Коронавирустың төртінші толқыны әлі аяқталған жоқ

152 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚазҰМУ медициналық-санитарлық алғашқы көмек бөлімінің меңгерушісі, PhD философия докторы Динара Маханбетқұлова вакцинаның адам иммунитетіне және коронавирустан қорғауға оң әсері туралы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Коронавирустың төртінші толқыны әлі аяқталған жоқ

Д.Маханбетқұлованың айтуынша, вакциналар коронавирустың барлық айналымдағы штамдарынан қорғайды. Дәрігер вакциналар штамдардың өте кең спектрінен қорғай алатындай етіп жасалғанын айтты. Вакцинациядан кейін организм ауруға шалдыққаннан гөрі вирусқа төзімді иммунитетті дамытады.

«Қалада коронавирустық инфекцияның төмендеуі ақпан айында басталған вакцинация науқанының басталуымен байланысты деп санаймын. Төртінші толқын әлі аяқталған жоқ екенін түсіну керек. Эпидемиологиялық жағдай ұжымдық иммунитет қалыптасқанға дейін жақсармайды», дейді Д.Маханбетқұлова.

Дәрігердің айтуынша, аурудан кейін пайда болған табиғи иммунитеттің күші барлық адамдарда әр түрлі. Табиғи иммунитет ұзаққа созылмауы мүмкін. Вакцинация арқылы иммунитетті қалыптастыру оның табиғи қалыптасуына қарағанда аз қауіп төндіреді, өйткені COVID-19 жұқтырған жағдайда белгілердің ауырлығын болжау мүмкін емес.

«Иммунитеті төмен адамдар жас тобына қарамастан ауруға бейім. Сондықтан созылмалы аурулары бар адамдарға да вакцинация қажет», дейді дәрігер.

Д.Маханбетқұлова вакцинациялау нәтижесінде препараттың алғашқы дозасынан кейін жеткілікті күшті иммундық жауап қалыптасатынын хабарлады.

«Екінші доза антиденелер деңгейін едәуір арттырады және иммундық жадының ұзақ мерзімді активтенуі үшін қажет, сондықтан оны алу өте маңызды. Осылайша, коронавирустың антиденелері вакцинаның екі компонентін алған адамдарда екінші дозадан кейін екі-үш апта ішінде пайда болады», деп жалғастырды дәрігер.

Д.Маханбетқұлова вирусқа қарсы вакцинаны неғұрлым көп адам алса, эпидемияны тезірек жеңуге болатындығын атап өтті. Мысалы, жаппай вакцинациялаудың арқасында көптеген аурулардың, атап айтқанда қызылша, туберкулез, полиомиелиттің таралуын тоқтатуға мүмкіндік туды.