01 Мамыр, 2010

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫН КӨЗДІҢ ҚАРАШЫҒЫНДАЙ САҚТАУЫМЫЗ КЕРЕК.

1367 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымақта тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күтер мейрамына айналды. Бұл күн әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіс­пеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпыұлттық келісімнің мерекесі. Халық бірлігі мерекесі күні ел азаматтары ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихы мен оның сабақтарын дәріптеп, әлемдік қауым­дастық тарапынан жоғары бағаланған қазақстандық татулық пен келісімді паш етеді. БІЗ — ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРМЫЗ! ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ  МЕРЕКЕСІ ЫРЫС ҚАЙДА  БАРАСЫҢ? ЫНТЫМАҚҚА  БАРАМЫН! Елімізде саналуан этнос өкілдері қазақ халқымен бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Қазақстанда бірлік пен келісім, өзара түсіністік өздігінен пайда болған жоқ. Бірлік пен келісім ат ауыздығымен су ішкен, ер жігіт еті­гімен су кешкен қиын-қыстау замандардан бастау алады. Аталған ұғым жиырмасыншы ға­сырдың басында халықты күйзелткен ашар­шылық пен қуғын-сүргін кезеңіндегі тарихы­мыз бен тағдырымызға негізделеді. Бірлік сұрапыл соғыс майданында өз Ота­ны, отбасы мен болашақ ұрпағы үшін аянбай айқасқан әке мен атаның асқақ ерлігімен шыңдалды. Еліміздегі өзара түсіністік пен ке­лісім тың даласын игеру, Қазақстанды өндіріс ошағына айналдыру кезеңдерінде халық жұмыла көтерген жүкпен бірге нығая түсті. Қазақ елі қазіргі таңда қабырғасы қатай­ған, пікіріне халықаралық қоғамдастық өкіл­де­рі құлақ асатын беделді елге айналды. Ер­кін­дікті аңсаған ата-баба мұрасы жүзеге асып, Алаш­тың ең асыл мұраты – тәуелсіздікке қол жетті. Қазақ жерінде атқан егемендік таңы ең алдымен, алып та дархан даланың төсін қаны­мен суарған, терісі сөгіле қызмет еткен ата-бабаларымыздың қасиетті күресінің заңды да нақты нәтижесі. Қазіргі таңда, еңселі ел болудың даңғыл жолына түстік, әлеуетіміз артты, дәулетіміз еселеніп отыр. Қазақстан егемендікке қатар ие болған ТМД елдерінің арасында көптеген көрсеткіштер бойынша көш бастады. Әлемдік күрделі жағдайды бастан кешкен, мемлекеттік жүйенің тепе-теңдігі бұзылған, берекесі төгілген елдер саны күн санап артуда. Экономикалық жағдайы мұхит толқыны қақ­па­қылдаған айсбергке ұқсап сенделген, абды­ра­ған, шарасыздық танытып, халықаралық қор­­ға телмірген елдер аз емес. Қазақ еліне төн­ген қаржылық қауіп сындарлы ішкі саясат, сауатты билік арқасында қалыпқа түсті. Қа­зақ­стан әлемдегі ең ірі деп танылған қар­жы­лық дағдарысты еңсерді. Кезінде оппозиция өкілдері тарапынан көп сыналған Ұлттық қор өз тиімділігін көрсетті. Беделді белес ХХ ға­сыр­дың басында ҰЛТ көсемдері алға мақсат етіп қойған, егемен, қарымды, алғыр мемлекеттің бейнесі ХХІ ғасырда тарих сахнасына шықты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының ар­қасында еліміздің халықаралық аренадағы беделі артып, өркендеу жолына түсті, ішкі тұрақтылықты сақтау арқылы саяси жүйе дамуының демократиялық бағыты орнықты. Тарих сахнасына қадам басқан 2010 жыл – еліміз үшін жауапкершілік салмағы басым жыл болып отыр. Қазақстан, бүкіл Достастық ел­дері, түркі тілдес елдер арасынан, бүкіл мұ­сылман әлемінде бірінші болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сын­ды аса беделді ұйымға төраға болып сайланды. “Бір кісі қазған құдықтан мың кісі су ішеді”, дейді қазақ дана­лығы. Әлемдік тұрақ­тылықты нығайту үшін күш-қуаты жет­кен­ше әре­кет етіп жатқан Қазақ елі­нің бастамасы өзге мемлекеттерге пайдасын тигізетініне сенім мол. ЕҚЫҰ-ға мүше елдер этнос­аралық келі­сім­нің қазақстандық үлгісіне үлкен қызығу­шы­лық та­нытып, тәжірибе алмасуға құл­шы­ныс білдірді. Осы бағытта, Ассамблея және ЕҚЫҰ жанын­дағы Аз ұлттар жөніндегі Бас ко­миссар Кнут Воллебек арасында тығыз қарым-қатынас орнап, әріптестік дамуда. Өт­кен жылы Ассамблея делегациясы Нидер­лан­ды Корольдігіндегі Гаага қаласына сапар ше­гіп, тәжірибе алмас­ты. Аталған кездесулер Астана мен Алматы қалаларында жалғасын тау­ып, қазақ­стан­дық татулық үлгісі қызу талқы­ланды және жоғары бағаланды. Қазақстан этносаралық және конфес­сия­аралық келісім тәжірибесінің өзіндік үл­гісіне ие бола отырып, толеранттылық және мәде­ниет­аралық диалог мәселелерін ЕҚЫҰ кеңіс­тігінде маңызды басымдық ретінде ұсынуды жоспарлап отыр. Осы ретте Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқаратыны дау­сыз. Биылғы жылдың 29-30 маусымында Аста­на қаласында өтетін ЕҚЫҰ-ның толе­рант­тылық пен қуғын-сүргінге ұшыратпаудың жоғары деңгейіне арналған конференциясы Ассамблеяның мәдениеттер мен өркениет­тер­дің халық­аралық тәжірибесіне қосып отырған үлесін паш етеді деген үміттеміз. Біздің мақ­са­тымыз – этносаралық қатынастарды үйлес­тіру бағытында еліміз жинақтаған тәжі­ри­бені ЕҚЫҰ мүшелеріне тарату. Жақында ресми іссапармен Қазақстанға келген БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Елба­сы­мен кездесу барысында 2010 жылды Мә­дениеттерді жақындастыру жылы және 29 тамызды Бүкіләлемдік ядролық сы­нақ­тардан бас тарту күні ретінде жариялау ту­ралы Президент Н.На­зар­баевтың ұсы­ныс­тарына үлкен баға берді. 21 сәуір күні БҰҰ өзінің Нью-Йорк­тегі бас штаб-пәтерінде Қазақстан Рес­публикасы делегациясының қа­тысуымен Мәдениет­тердің жақындасу жы­лына арналған ауқымды шарасын өткізді. Қазіргі таңда, ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қа­зақ­стан алдында ауқымды міндеттер тұр. Елі­міздің Ұйым төрағасы ретіндегі басты мақ­саты – бүкіл әлемде бейбітшілік пен сая­си тұрақ­тылық орнатуға белсенді ат­салысу, мемлекет­тер арасындағы диалогты жетілдіру. Киіз туырлықты ағайынымыз, айыр қал­пақ­ты көршіміз қырғыз елінде орын алған сәуір оқиғалары бүкіл әлемді алаң­да­тып отыр. Көр­ші елдегі қолайсыз жағдай бізге де ауыр тиді. Ежелден “төсекте басы, төс­кейде малы” қо­сылып, тату отырған, жа­қын ағайын жұрт­тың тыныштығы мен сая­си тұрақтылығы біз үшін маңызды. Оқи­ғалардың алдын алуға күш салған Елбасы көрші елде орын алған түйінді мәселелерді ше­шуге мұрындық болды. Шека­раны ашып, жалпы жағдайды бақылап отыр. Болашақтан үміті мол, ұрпағының қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етуге ұмтылған мемлекет шекара­сын доспен, тілектес елмен қоршайды. Қырғыз оқиғасының, түбі көрінбейтін ауған мәселесінің шешімін табуға ұмтылған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлем­дік қауіп-қатерлерді бірлесе, нәтижелі шешу мақсатында 2010 жылы Астанада ЕҚЫҰ саммитін өткізу туралы бастама көте­ріп отыр. Бүгінгі күні бұл бастамаға көп­теген елдер мен ұйымдар қолдау көрсетуде. Саяси тұрақтылық, қоғамдағы этносара­лық және конфессияаралық татулықты орнату жөнінен әлемдік қоғамдастық тара­пынан оң бағаға ие болған Қазақстанға аймақтық тұрақ­тылықты сақтау бағытында үлкен жауапкер­шілік жүктеліп отыр. Елбасы Н.Назарбаев тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы күнінен бастап, “Бірінші экономи­ка­ны реттеп, одан кейін саясатпен айналысу қажет” деген қағиданы берік ұстанып, ел­дің экономикалық ахуалын көтеруге бел шеше кірісті. Ел билігі бейбітшілік пен ке­лісім саясатын басты ұстаным ретінде жа­риялады. Қазақстан халықаралық қауым­дас­тықтың сеніміне ие болды. Шетелден инвестиция тартыла бастады. Нәтиже ұзақ күттірген жоқ. БҰҰ 2009 жылғы Баяндама­сында Қазақстан адам әлеуетінің жоғары деңгейі бар елдер санатына қосылды. Бұл – жоғары дәрежеге көтерілген Қазақстан әл-ауқатының дәлелі. Елбасы биылғы Қазақстан халқына Жол­дау­ында “Алда тұрған онжылдықтың аса ма­ңызды міндеті – Қазақстанның барлық аза­маттарының өмір сапасы мен деңгейін жақ­сарту, әлеуметтік тұрақтылық пен қорғалуды нығайту” деп нақты атады. Қазақстан қазығы берік, мемлекеттігі бекем, төрт құбыласы сай, айбыны асқан мемлекет екендігін дәлелдеді. Жұмыла көтерген жүк жеңіл Көктем басында Алматы облысы Қызыл­ағаш ауылында орын алған табиғат апаты ел азаматтарына ауыр тиді. Қазақстан халқы қаралы оқиға бары­сында бірлігі күшті ел екендігін дәлелдеді, ұйым­шыл­дық танытты. Ел басына түскен ауыр жүкті жұмыла көтерді, барлық ағайын ел бо­лып егіліп көмек қолын созуда. Қазақ халқы өз тарихында қашанда өзінің кең пейіл­ділігімен, бауырмашылдығы мен азаматтық жо­ғары қасиетімен ерекшелене білген. Хал­қы­мыз ғасырлар бойы көшпелі қоғам, жау­гер­шілік заманда өмір сүргеніне қарамастан, еш­қашан жетімі мен жесірін далаға тастама­ған. “Ел іші – алтын бесік” деген қанатты сөзді қағидаға айналдырған ата-бабамыз ұрпағын шашау шығармай, бағып-қаққан. Сондықтан, ата-баба дәстүріне сүйене оты­рып, қайғыға ұшыраған қандастары­мыз­ға кө­мек көрсету азаматтық та, адамдық та пары­зымыз. Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлт бо­лып кіріскен ұлы істен тыс қалмай, су тас­қынынан зардап шеккен азаматтарға мате­риалдық кө­мек көрсете бастады. Еліміздегі барлық рес­пуб­ликалық және өңір­лік этномәдени бірлес­тік­тер, облыстық Достық үйлері жылы киім­дер, азық-түлік, дәрі-дәрмек, ба­лаларға ар­нал­ған оқу құралдарын жинап, оқи­ға орын алған ауылға жеткізді. Қазақстан халқы Ассамблеясы және Алма­ты, Астана қалалық, облыстық ассам­блея мү­ше­лері зардап шеккен азаматтарға арналған ар­найы қорға бір күндік жалақыларын аударды. Наурыз мерекесі күндері Ассамблея деле­га­циясы Қызылағаш ауылында болып, қаза тапқан тұрғындарға ас берді, су тасқынынан зар­дап шеккен тұрғындарға Ассамблея мүше­лері атынан сегіз млн. көлемінде қаржы аударылды. Сонымен қатар, Ассамблея ауыл жас­та­рына арналған спорт залы мен тұрғын­дарға монша кешенін салып беруді мінде­тіне алып, 96 млн. теңгелік сметалық жоба жасады. Жақында өткен Ассамблея Кеңесінде су тасқынынан зардап шегушілерге көмек көр­сету штабы арқылы Қызылағаш тұрғындарына жүйелі көмек көрсетуді жалғастыру туралы шешім қабылданды. Ел Бірлігі доктринасы – Тәуелсіздік тұғыры Егемендік жарияланғаннан соң, Қазақ­стан халқы дербес ел, тәуелсіз мемлекетке айнал­ды. Аталған жылдар ішінде елімізде жаңа этнодемографиялық жағдай мен өркениетті қауым қалыптасты. Тұйық кеңестік шекпен­нен шыққан қоғамға Батыс пен Шығыс құндылықтары белсенді түрде ене бастады. Біз қаптаған діни бірлестіктер мен миграцияға толы әлемдік кеңістікке белсенді ықпалдаса бастадық. Аталған мәселелердің барлығы – еліміздің сәйкестілік қорғанының беріктігіне жасалған қысым деп атауға болады. Тәуелсіз елдің ендігі бағытын айқын­дай­тын, бүкіл қазақстандықтарды ортақ мақсатқа ұйыстыратын идея тудыратын уақыт келгені баршаға белгілі. Толайым табыстарға қол жеткізіп, биік белестер мен асқар асуларды бағындыру үшін азаматтар рухын оятатын, қоғамды жарқын мақсаттарға жетелейтін жаңа бағыттағы іс-қимыл қажеттілігі туындады. Доктринаның дүниеге келуі пісіп-жетілген мәселе екендігіне күмәнім жоқ. Доктрина қазақ мемлекеттілігі мен дәс­түрінің ғасырлар бойы жинақталған тәжіри­бесіне негізделеді. Аталған құжат әрбір қазақстандықтың жүрегіне жақын халық мұраты, терең әлеуметтік-философиялық және патриоттық мағынадағы “Ел бірлігі” ұғымынан бастау алады. Сонымен қатар, мәдениеттер мен өркениеттер тоғысында орналасқан халықтың қонақжайлылық пен сыйластық қасиеттері аталған ұғымның берік орнығуына негіз болды. Аталған ұғымның мағынасы әрбір Қазақ­стан азаматының жанына жақын және түсі­нікті болып табылады. “Ел Бірлігі” байырғы қазақ жерінің дәстүрлі “Ел” атауы мен Қазақ­станда тұратын бар­лық азаматтардың өзара ажы­рамас тарихи байланысының мәнін аша­тын “Бірлік” сөздерінен тұрады. Аталған сөз­дерді тір­кес­тіре қолданғанда қазақ халқының ғасырлық үміт-арманы – Тәуелсіз мемлекет құру, біртұтас халқын қалыптастыру идеясын аң­ғартады. Сондықтан, Доктрина этнос­ара­лық төзімділіктің қазақстандық үлгісі негі­зінде құрастырылған, уақытында ұсыныл­ған маңызды құжат. Доктрина – болашақ дамуға бағытталған әрекеттің жетекшілікке алынатын теориялық және саяси ұстынын білдіретін мемлекеттік маңызды құжат. Доктрина Мем­ле­кеттік егемендік туралы декларацияға, мем­лекеттік Тәуелсіздік туралы конституциялық заңға, Қазақстан Республикасының Консти­ту­циясына, сондай-ақ “Қазақстан-2030” стра­тегиялық даму бағдарламасынан бастау алып, 2020 жылға дейінгі мемлекеттік ұлт саяса­тының бағыт-бағдарларын айқындайды. Доктрина халықаралық тәжірибені терең талдай отырып, қазақстандық шынайылық негізінде дүниеге келді. Жапония қалай техно­ло­гиялық державаға айналды, ислам әлемінде беделі мығым Түркия мен халықтың өмір сүру деңгейі бойынша бірінші орында тұрған Суоми бұл биіктерді қалай бағындырды? Біз­дің мақсатымыз Қазақстанның өзіндік ерек­ше­ліктерін ескере отырып, өзге елдердің озы­ғы­нан өнеге алу. Доктринада еліміздің стратегиялық таң­дауы нақтыланған. Елдің, дамудың жаңа са­тыға көтерілуіне, өтпелі қоғамның құбылыс­тарына төтеп беретін басты күш – ұлттық рух екендігін өзге мемлекеттер тәжірибесі дәлел­деді. Ендігі мәселе – Доктринада көрсетілген жайларды еліміздің мәдени-идеологиялық өрісінде, патриоттық тәрбие ісінде, азаматтық ұстанымды қалыптастыру, мемлекетшілдік сананы нығайтуда қолдану. Қоғамдық келісім, экономиканың бә­се­кеге қабілеттілігі, интеллектуалдық жасам­паз қоғам және бүкіл әлемде құрметтелетін мемлекет құруда Ел бірлігі доктринасы еліміздің іргетасы, Отанымыздың табысты дамуының негізі болады деген сенімдемін. Болат қайнау арқылы шынығады Доктрина қабылдау туралы идеяны 2008 жылғы 23 қазанда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІV сессиясында Елбасы Н. Назарбаев ұсынды. Өткен жыл басынан бері аталған құжатты әзірлеу мақсатында белсенді іс-әрекеттер жүргізілді. Мамыр айы­нан бастап, Доктрина жобасына ұсы­ныстарды талқылауға арналған бірнеше ірі шаралар өткізіліп, республикалық бұқара­лық ақпарат құралдары арқылы жариялан­ды. Беделді қоғам қайраткерлері мен халық құлақ асатын зиялы қауым өкілдері тартылды. Халықтың бірлігі мығым әлеумет ретінде белгілі бір деңгейде пісіп-жетілгенін байқаған Мемлекет басшысы елді өрге сүйрейтін құжат қабылдау жөнінде маңызды бастама көтерді. Халық Елбасын қолдап-қуаттап, қоғам болып ашық пікір алмасу, талдау-талқылауға кірісті. Құжат жобасы бұқаралық ақпарат құрал­да­ры арқылы жарияланғаннан соң әртүрлі қо­ғамдық ұйым өкілдері құжат жобасының кей­бір бөліктерін жетілдіру туралы ұсыныс жасады. Біз қоғам өкілдерінің ел дамуын айқын­дай­тын келелі құжат дайындауға қатысуға ықы­лас білдіргеніне үлкен алғысымызды біл­діреміз. Құрамына мемлекеттік орган, қо­ғам­дық ұйымдар, зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін тарта отырып, осы жылдың 20 қаңтарында Доктрина жо­ба­сын пысықтаумен айналы­са­тын Қоғамдық комиссия құрылды. Ко­миссия құрамына Қуа­ныш Сұлтанов, Төле­ген Мұхамеджанов, Роза­құл Халмұрадов сияқты Парламент депутат­тары, Мұхтар Шаханов, Мұрат Әуезов, Смағұл Елубай сияқты белгілі қоғам қайраткерлері, Алек­сандр Дедерер, Ахмед Мурадовтай этнос­тық бірлестік басшылары және өзге де аза­маттар қатысып, келелі шешім қабылдады. Комиссия жанынан құрылған Арнайы жұмыс тобы республиканың түпкір-түпкірінен жиналған мыңдаған ұсыныстар, жобалар мен ұсынымдар қарастырды. Дос Көшім, Айдос Сарым, Дос Нұрахмет сияқты қоғамдық ұйым өкілдері, Бақытжан Әбдірайымов, Георгий Кан, Владимир Коченов, Еңлік Нұрғалиева, Бүркітбай Аяған сынды елімізге танымал та­рихшылар мен заңгерлер 3 ай көлемінде тын­бастан еңбек етті. Әзірленіп жатқан Доктрина жобасының Конституция мен нақты заң­на­ма­лық құжаттарға сәйкестігі мұқият сарапталды. Жалпы, Доктрина жобасын талқылау барысында менің байқағаным ел тұрғын­дары мемлекет мүддесі, ел болашағына алаңдаушы­лық білдіріп, нақты жұмыс атқаруға үлкен ынта-ықылас танытты. Сөзі­ме дәлел келтіре кет­сем, тек Ассамблея Хат­шылығына өңірлер­ден, халықаралық сарапшылар тарапынан 500-ден аса ұсыныс келіп түсті. Қазақта “Он адам жүр­ген жерде із қалады, Жүз адам жүрген жер­де – соқпақ, Мың адам жүрген жерде жол қа­ла­ды” деген керемет сөз бар. Біздің мақса­ты­мыз – бар­лық мүдделі азаматтарды қатыстыра оты­рып, елдіктің, мемлекеттіліктің жолын салу. Доктринада қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданыс аясын кеңейту мәселесіне ерекше назар аударылды: “Мемлекеттік тілді меңгеру әркімнің парызы мен міндеті, жеке бәсекеге қабілеттілігі мен қоғамдық өмірге атсалысудағы белсенділігін айқындайтын ұмтылысы мен ынталануына айналуы қажет. Бұл шешуші басымдық – рухани және ұлттық бірліктің негізгі факторы” ретінде нақтыланды. Мемлекет пен қоғамда даму негізі ел тұр­ғын­дарының саяси белсенділігі мен азаматтық ұстанымдарының айқынды­ғынан құралатыны ғылыми нақтыланған. Сон­дықтан, Доктрина жобасының төңі­регінде өрбіген оқиғалар ел дамуы жо­лындағы келесі сатыға ұмтылыс деп бағалаймын. Елбасы алғаш Ассамблеяны құру туралы Жарлыққа қол қойған күннен бастап, аталған ұйым Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінің бел ортасынан көрінді. Маңызды мемлекеттік шешімдер мен Елбасы бастамаларына қолдау көрсетіп, мемлекеттік мүдденің жүзеге асуын қамтамасыз етті. Ассамблеяның тарихи ма­ңыз­ды рөліне сарапшы уақыт әлі өз бағасын береді деп сенемін. Ассамблеяны “мемлекет ішіндегі мем­ле­кет” деген ауқымы тар пікірден бас тар­тып, оны қоғам азаматтарының барлығын күрделі мә­селені талқылау үдерісіне қатыстыру мүм­кіндігін қамтамасыз ететін диалог алаңы деп түсінген жөн. Соңғы 3-4 айдағы Доктринаға қатысты жұмыс – осы ойдың дәлелі. Дамыған елдер тәжірибесі Доктрина сияқты құжатты дүниеге әкелу қажеттілігін уақыттың өзі ұғындырып отыр. Бізді қоршаған әлемде жаһандану ықпалы арт­ты. Қазақстан әлемдік қауым­дас­тықтың бел­сенді мүшесі ғана болып қалған жоқ, ол түрлі геосаяси мүдделердің ны­санына да айналды. Жаңа ғасырдың екінші онжылдығында елдің алдында инно­ва­циялық-өндірістік дамуға өту жөнінде жаңа әлеуметтік-экономикалық міндеттер тұр. Аталған мәселелер жаңарған қоғамнан бір­лік пен қоғамдық келісімге сүйенген ұйы­су­дың жаңа түрін талап етіп отыр. Сондықтан, қа­зіргі уақытта елдің барлық азаматтарының ұсыныстарын жинақтай отырып, Қазақстан­ның Ұлт Бірлігі доктринасын қабылдау аса қажет. Ұлт Бірлігі Доктринасы – халыққа уақыт талабын ұғындырудың, қоғамдық бірігу қажеттілігін түсіндіру құралы. Бұл – болашақ­қа бірігіп ұмтылудың серпіні. Доктринаның қажеттілігі өмірдің өзінен, біз­дің жалпы тағдырымыздан, тарих логи­ка­сы­нан туындап отыр. Өйткені, бірліксіз – Ұлт, Ұлтсыз – мемлекет, мемлекетсіз – болашақ жоқ. Осы мәселелерді негізге ала отырып, Қа­зақ­станның Ұлт Бірлігін қабылдау туралы шешім қабылданды. Доктринаны қарастыру барысында шет мемлекеттер тәжірибесі қандай екен, қазіргі таңда түбірі мықты, экономикалық әлеуеті зор елдер қандай қадамдарға барды деген сұрақтар туындап, өзге елдердің тарихын ақтардық. Қазіргі уақытта, жедел даму көрсет­кі­ші­мен бүкіл әлемді таң қалдырып отырған Син­гапур, Малайзия сынды “Азия жол­ба­рыстары” ел тарихының шешуші сәттерінде бүкіл ұлтты алға ұмтылдыратын маңызды құжаттар қабыл­даған. Біздің де олардан алғанымыз аз болған жоқ. Еліміздің өз ерекшеліктері де ескерілді. * * * Қазақстан халқы Ассамблеясының ХV сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел дамуының жаңа кезеңіндегі страте­гиялық басымдық – ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесіне негізделген Ел Бірлігіне стратегиялық таңдау жасау деп нақты атады. Бүгінгі жаһандық дағдарыс, жаһандану үдерістерінің бой алып тұрған кезеңінде әр азаматтың бойында өз елім, өз Отанымның болашағы үшін қандай игілікті іс қолымнан келеді деген сұрақ туындауы тиіс. Біз Ұлт ретінде оянып, интеллектуалдық серпіліс жасауымыз керек! Бұл – Ұлттың алға қарыштап қадам басуының, серпіліп жаңа көкжиектерге ұмтылуының негізі мен кепілі. Тек жаһандық деңгейдегі ұлы міндеттер мен мақсаттарға ұмтылған ұлттар ғана же­ңіс­ке жетеді. Сондықтан бәсекеге қабілет­тілікке бет түзеу Ұлт Рухының ең маңызды бөлігіне айналуы шарт. Бұл – Ұлттың алға қарыштап қадам басуының, серпіліп жаңа көк­жиектерге ұмтылуының негізі мен кепілі. Қазақстанның әрбір азаматы мұны жақсылыққа, байлыққа, ақылдылыққа ұмтылыс деп танып, туған елінің гүлденуіне қолдан келгеннің бәрін істеу қажет деп сезінуі керек. Әрбір адам өз бойындағы осы қасиеттерді дамытуы шарт, олар жеңіс Ру­хы­ның өз ғұмырының, қоғам мен мемлекет өмірінің бір бөлшегіне айналуына бар күш-жігерін сарп етуі тиіс. Доктринаның қағидаттары аталған мә­се­лелерді ескере отырып, алдағы жылдарда еліміздің қарқынды дамуына негіз қалайды. Әрбір ұрпақ өкілдері үшін келер ұрпақ алдында азаматтық борыш, ұлттық парыз сын­ды мақсат-міндеттер тұрады. Яғни, бо­ла­­шақ ұрпақтың өсіп-өркендеуі, заңды та­рихи орнының сақталуы алдыңғы буынның аталған міндеттерді қаншалықты адал жүзеге асыра­тын­дығына тікелей байла­нысты. Сондықтан, Қазақстан азаматтары ел мүддесі үшін жанын құрбан еткен Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сияқты адал азаматтарға қарап бой түзеп, мемлекет бола­шағы үшін аянбай еңбек етеді деп сенеміз. Ал осы мақсаттарды іске асыру үшін Док­трина ережелері Ұлттың патриот азаматтарына бағыт-бағдар көрсететін құрал ретінде қызмет етеріне күмән жоқ. Ералы ТОҒЖАНОВ,  Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі. Коллажды жасаған Орынбай БАЛМҰРАТ. БІЗДІҢ БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ – ӘРАЛУАН­ДЫҚТЫҢ БІРЛІГІ Құрметті отандастар! Сіздерді Қазақстан тарихындағы ерекше маңызды мереке – 1 Мамыр, бірлік күні, достық мейрамымен құттықтаймыз! Қазақ халқының даналығы, кеңдігі мен сыйластығы этностық тегіне, әлеуметтік, діни және де шығу тегіне қарамай, жаңа мемлекет­тің барша азаматының ұйысуына негіз болды. Тәуелсіздік орнығуының ең қиын жыл­да­рын­да халықтың кемелдігі мен елдің Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың қайраткерлігі нәтижесінде Қазақстанда этносаралық сыйластық пен  қоғамдық ке­лі­сім  тұрақты түрде  сақталды. Сол жылдары, кеңестік дәуірден қалған дағдарыстан өту, жаңа экономикалық және саяси қатынастарды қалыптастыру жағдайында, қоғамды ұйыстыру ісі: ішкі саяси тұрақтылық, азаматтық  татулық және этносаралық келісім қағидалары негізінде жүзеге асқан еді. Содан бері Қазақстанның жетістігіне айналған қоғамдық келісіміміз елдің нәтижелі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуының кепілі және негізі болып табылды. Сондықтан біз, бәріміз, бір Отанның ұлда­ры мен қыздары екендігімізді, ал біздің Тәуел­сіздігіміз – сан ұрпақтың орындалған арма­ны, халқымыздың ерен еңбегінің, ерлігінің және ерік-жігерінің  жемісі  екендігін әрқай­сы­мыз түсінуге және дәріптеуге тиіспіз. Тәуел­сіздік пен байырғы қазақ жерінде құрыл­ған мемлекеттілігімізді дамыту – біздің басты құндылығымыз. Біздің басты байлығымыз – әралуан­дықтың бірлігі. Біз мүмкіндіктер теңдігі қағидатын сақтай отырып көп нәрсеге қол жеткіздік, келешекте бұдан да зор нәтижеге қол жеткіземіз. Ол үшін азаматтар, қоғам және мемлекет жауапкершілікті тең бөлісуі  қажет. Ұлт бірлігін қамтамасыз ету – демо­кра­тия­лық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың маңызды шарты. Мем­ле­кеттің экономикалық өсуі, әлеуметтік ілге­рі­леуі, демократиялық дамуы қоғам бірлігі ұйыс­қан және сақталған жағдайда ғана жүзеге асады. Бұл міндетті шешу үшін тәуелсіз, егемен, барлық әлем мойындаған мемлекет ретінде Қазақстанда саяси ерік және қажетті экономикалық, әлеуметтік ресурстың бәрі бар. Ел бірлігі мерекесі күні Қазақстан тұр­ғындары өткенге салауат айтып, тарих сабақ­тарын дәріптеп, әлемдік қауымдастық тара­пынан жоғары бағаланған қазақстандық достық пен келісімді паш етеді. Қазіргі таңда біз  еңселі ел болудың даң­ғыл жолына түстік, әлеуетіміз артты, дәулетіміз еселеніп отыр. Қазақстан 2010 жылға бүкіл Достастық елдері, түркі тілдес елдер арасынан, бүкіл мұсылман әлемінде бірінші болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сынды аса беделді ұйымға төраға болып сайланды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында еліміздің халықаралық аренадағы беделі артып, өркендеу жолына түсті. Құрметті отандастар! Республиканың барлық тұрғынын Қазақстан халқының достығы мен бірлігі күнімен құттықтаймыз! Еліміз өркен жайып, мереке әрбір отбасына ынтымақ пен сәттілік алып келсін! Қазақстан халқы  Ассамблеясының Кеңесі. БІРЛІГІМ ТЕРБЕТІЛСЕ  ТЕК  БЕСІКТЕ Көгершін-көңіл көгімді әлі айналды, Күндей көрем кеудеде арай барды, Туғаннан теріс пейілді тепкен қазақ Тамыр деп тартты өзіне талайларды. Жоғары жоқ адамға ардан бәлкім, Жан жарасса жалғанда арзандар кім. Жүзден астам ұлт сыйған ұясына Жүрегіңнен айналдым дархан халқым. Таусылғанша тірлікте бір күн демім, Таудан, тастан, теңізден іркілмедім, Ұлы шаруа – ұйыған татулықта Ұлы болып қалмақшы ұлтым менің. Жәй таппан жүрек сөзін жолдап алмай, Оңды ұрпағым оз ылғи, оңға барғай. Бәрі, бәрі шалқыса бір шаңырақта Басын изеп құдай да қолдағандай. Ырысты туған жерім нәрлі, құтты, Ынтымақ тамырына қан жүгіртті, Қазақстан – құшақ, ашылған ақ алақан Бауырында балқытқан барлық ұлтты. Еңселілер сапында, ел қатарда, Ендеше, еңкейем бе, мен жатам ба, Бірлігім тербетілсе тек бесікте Тірлігім үлгі мәңгі жер-жаһанға. Нағашыбай МҰҚАТОВ. ҚОСТАНАЙ.