Қазақстан • 13 Қыркүйек, 2021

«Миллионер» Момынжановтар

872 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Алматы мемлекеттік Қуыршақ театрындағы Момынжановтар отбасын әріптестері сыртынан «миллионер отбасы» деп әзілдейді. Әйтпегенде ше, бір кәсіп, бір театр, бір орта, бір отбасы ортақтастырған ерлі-зайыпты әртістердің екеуі де талантты, екеуі де еңбекқор. Отағасы Болат Момынжанов еліміздің мәдени кеңістігінде рухани құндылықтарды дәріптеп жүрген үздіктерге берілетін «Сахнагер» Ұлттық театр байқауының жүлдегері болса, жұбайы Ұлбосын Театр қайраткерлері одағының «Еңлікгүл» сыйлығын жеңіп алған. Театр өнеріндегі талантты әртістерге берілетін ең жоғарғы сыйлықты мил­лион теңгемен бірге еншілеген екеуі содан бері өз ортасында «миллионер отбасы» атанып кетті.

«Миллионер» Момынжановтар

Болат та, Ұлбосын да 2000 жылы Ж.Елебеков атындағы Эстрада және цирк колледжінің «қуыршақ жанры әртісі» мамандығына оқуға бірге қабылданады. Серік Мақұлбековтің шеберханасында шыңдалған қыз бен жігіт колледжді тәмамдаған соң ша­ңырақ көтеруге шешім қабылдайды. 2003 жылы Сұлтанғали Шүкіров­тің бұйрығымен республикалық Қуыршақ театрына әртіс болып қа­был­данғанымен, бір жыл өтпей-ақ «са­наны тұрмыс билеген» кезеңнің таршылығын Болат та бір адамдай тартып, театрды тастауға мәжбүр болған еді. Он екі мың теңгеге отбасын асырау қиындық тудырған соң, амал жоқ, театрдағы таза жұмы­сын Алматы арматура зауытындағы қа­рапайым жұмысшылыққа айырбастап, қуыршақтармен қош айты­сып кете барады. Қала шағын аудан­да­рындағы көпқабатты үйлердің біра­зында қолының ізі қалғанын Болат бүгінде күліп еске алғанымен, шы­нықтырып, шымыр етіп шығарған ол өмір мектебін актер ешқашан ұмыт­пақ емес. Есесіне, жас босанып отырған Ұлбосын ерінің ізін ала, құндақтаулы бөбегін ауылдағы ата-енесіне табыстап, дәл осы театрға жұмысқа қабылданады.

Бойға дарыған өнер ұзақ бұ­ғып жата алмайды. Құдай сыйлаған қасиеттің қалайда бұлқынып, бұзып-жарып шығатын бір мезеті бола­ды. Әлде сағыныш, әлде намыс бәрі­бір жетектеп әкеліп сол ұлы мұрат­пен қайта табыстырады. Көпқабат­ты үйлердің құрылысында жүріп Болат осыны түсінді. «В театре «Сезам» хорошо» деген қызылды-жасыл жарнаманы құлағы шалғанымен көз тоқ­­татып қарамаған екен, Жаңа жыл қар­саңында жұмысы ханбазардай қай­нап, бір ай бойы тынбастан ба­лаларға нағыз мерекелік өнер жәр-­
­­меңкесін ұсынатын «Сезам» театры ша­қырғанда, сахнаны сағынып, құ­лазып жүрген Болат ойланбастан құ­рылыс алаңынан тіке осында тартты. «Сезамның» үзеңгісіне аяғының ілінге­ні сол, таяқ тастам жерде бір кезде өзінің тұсауын кесіп, туған үйіндей болған жылы ұясы – Қуыршақ театры құшағын ашып, қол бұлғап тұрды...

Кішкентай көрерменді қуанту, әсерге бөлеу түкке тұрмайтын тірлік, жай ғана өнер деген адам қателеседі, балдырғандардың бабын білу, оның танымына лайық тілмен жанын бау­рап, таңырқату – өте қиын жұмыс. «Бұлар не түсінеді дейсің?» деп рөлі­не жүрдім-бардым қарап, дайындық­сыз сахнаға шыққанды анименің алуан түрін көріп адам болып келе жатқан кішкентай балдырғандар бір рет те кешіре алмақ емес. Тілін бұ­рап тәлпіштене сөйлеп, қуыршақты қи­мылдатса болды, бала есі шыға қуа­нып сала береді деген кешегі түсі­нік келмеске кетті. Себебі бүгінгі қуыр­шақтардың түрі де, тұрпаты да бас­қа. Ендеше бүгінгі қуыршақ театры әртісінің жұмысы да кешегіден күр­де­лірек, өзгеше арнаға ауысқан. Ке­йіпкерінің дауысын, қимылын дәл келтіру өз алдына, спектакльдің басынан аяғына дейін оқиғаға байла­ныс­ты қуыршақты ілестіре жүргізу оңай шаруа емес. Қуыршақты қозғалысқа келтіретін жіпті он саусағының әр буынына орап алып, оларды шатыстырып алмай, ат болып шауып, оның үстіндегі адамына ән салдырып, оған қоса қас-кірпігін ойнатып, ол аз болса, атының тізесін бүк­ті­ріп, құлатып, қайта тұрғызып, бір мез­гілде бірнеше қимыл жасатып, қуыр­шаққа жан бітіру үшін ерекше талант керек. Болатты режиссер Жұл­дызбек Жұманбай сахналаған белгілі өнертанушы Еркін Жуасбек­тің «Тоба» атты спектакліндегі мысық­тың рөлінен көргенімізде, әртістің қиялы жүйрік, шеберлігі мықты болса, кез келген мақұлықтың мінезімен адам жанын әсерге бөлеп, жаманнан жирентіп, ізгілікке үйретуге болады екен-ау деп ой түйгеніміз есімізде.

Болаттың мысығы, айыбы мақұ­лық демесең, арнайы сөз етуге тұра­тын айрықша образ. Бұл образ әрда­йым үлкен буын көрерменнің көз ал­дында тұратын «Простоквашино­дағы» үшеудің қызықтары туралы әйгілі кеңестік мультфильмді еске са­лады. Сүйкімді баланың жанында­ғы үй шаруасына ұқыпты мысықты ұмыту мүмкін бе? Газет әкеп, есік қаққан пошташы Печкинге «бұл кім?» деген бір сұрағын бес қайта­лап қойып, аяғында талдырып түсіре­тін кішкентай торғайдың жанында­ғы Матроскин деген пысық мысық­тың дауысы құлақта мәңгі жатталған. Сон­дағы мысықтың сөзін Олег Табаков дейтін орыс киносының ең мықты актері дыбыстағанын кейін білдік, алайда мынау Болаттың қазақша сай­рап тұрған мысығының Табаков ды­быстаған сол тарғылдан бір мысқал кем­дігі болсашы?! Ғайыптан тайып бір құдіреттің күшімен мысық біт­кенге тіл бітіп, адамша тірлік етуді бастаса, олар сөзсіз Болаттың мінсіз кейіптеуіндегі аяғын жай басып ке­рілген монтаны, иесіне еркелеуді жақ­­сы білетін, өз-өзіне көңілі толған тоқ­мейіл мінезді мысыққа ұқсар еді. Болат осы образымен-ақ балалық ша­ғын сағынған адамды Қуыршақ театрына ынтық етіп, келесі сахна­лық қойылымға ықыласпен оралуға міндеттеп қойғанын өзі де білген жоқ. Мысықтың рөлімен-ақ Момынжа­нов театрдың талай жүлдесін жеңіп алып, қуыршақтың құдіретті күшке ие өнер екеніне көпшілікті сендіріп жүр.

Қуыршақ театрының әртісі болу­дың өз ерекшелігі бар. Жиі ша­қы­ратын Қуыршақ театрының сахна­сындағы спектакльді тамашалап оты­­рып «жансыз қуыршақтың ойы­нына екі санын шапақтап шаттанатын баланы осыншама көл-көсір әсерге бөлейтін не құдірет?» деген сұ­рақты жиі қоюға тура келеді. Ақы­ры тапқандай да болдық. Қуыршақ­тың жаны – қуыршақ жүргізуші әртістің қолында екен. Өйткені сахнада матадан тігілген, темірден иіл­ген, ағаш­тан жонып жасалған түрлі қуыр­шақты қимылдатып, сөйлетіп тұрған қара киімді үлкен адамның мүлде байқалмайтынын, бірақ кө­рер­меннің бар зейіні жанындағы адамға емес, қуыршаққа ғана ауатынын талай рет аңдадық. Бұл сірә, қуыршақ жүргізушінің мүмкіндігін­ше қарапайым әрі шынайы қозғалыс жасаған шеберлігіне байланысты болуы керек. Әртіс қуыршақты бас­қармайды, керісінше, онымен бірі­гіп, біртұтас бейнеге айналып кетеді. Бо­лат бейнелеген Сотқар бұзау, Алад­дин, Каштанка, орыс ертегілерін­дегі толып жатқан қасқыр, ешкі, әтеш, бақа, арыстан, керік секілді аң-құс­тың рөлдері осы сөзімізге дәлел. Болат бүгінде талай жылғы тәжірибе­сін шәкірт тәрбиелеу ісіне арнап, Т.Жүр­генов атындағы Ұлттық өнер акаде­миясынан жаңадан ашылған «Қуыршақ бөлімі» кафедрасында сабақ жүргізе бастады.

Актер алдымен өзін шыңдап, өне­рін шын жетілдіре алса ғана шеберлі­гін қуыршаққа бере алады. Жараты­лыс заңы сондай, өмірде де әр адам­ның болмысына зер сала қарағанда, оның жүзінен әлдебір жануардың, аңның, құстың сұлбасы елес беріп, бойында осыларға тән мінездің бұғып жататынын байқауға болады. Бір адамның табиғатына қоянның қорқақтығы тән, бірі түлкі секілді айлакер, бірі айбарлы арыстанның мінезімен көш бастап, тағы бірі жан-жағын жылан секілді заһар тілімен жайпап жатады. Бір адам жылқы мінездес, бірі тышқан кейіптес. Адам бойындағы осы қасиеттің бәрі Қуыршақ театрын­да алақанға салғандай анық көрініс табады, себебі сахнада жар­қырай көрінетін осы шындық, ең алдымен, Болат пен Ұлбосын секілді актер­лердің шеберлігінен туындайтыны рас.

Бұрынғыдай емес, бүгінгі Қуыр­шақ театрының бағыты, тақыры­бы тұтас өзгеріп, уақыт талабына орай көпқырлы, сан салалы қызмет атқа­ра алатынын айқын дәлелдеп отыр. Заман сұранысына сай қуыршақтар да ерте «есейіп», балаларға ғана емес, барлық жастағы көрерменге тар­тымды бола түсті. Қазір Алматы Қуыршақ театрының репертуарында балалар спектакльдерінен бөлек, кешкі мезгілде ойналатын «+18» мәртебесіндегі драмалық қойылымдар көбейіп келеді. «Медея», «Ромео мен Джульетта», «Макбет» сияқты жаңашыл театр режиссурасымен сах­наланған спектакльдерде де Болат басты рөлдерде ойнап, драмалық жанрда да қамшы салдырмайтын дара жүйріктің өзі екенін көрсетті. Ясон, Макбет секілді терең психологизмге құрылған күрделі рөлді кәсіби драма әртістерінен бір мысқал кем ойнамаған Болатты мұндай амплуа­да қуыршақ әртісі деп ешкім ойламайды да.

Болаттың өмірдегі жары, төрт ба­ласының анасы Ұлбосын Мо­мын­жанова да театрдың өте талант­ты, бесаспап әртістерінің бірі. Қай рөлде ойнаса да икемділігімен, ептілігімен дараланып тұрады. Ұлбосынның ани­маторлық қыры да әріптестері арасында әбден мойындалған. Спектакль кезінде балаларды сахнадағы ойын­ға тартып, оларды еліктіріп, интерактив­ті қарым-қатынас орнатудың шебе­рі. Екі тілді еркін меңгерген, үнемі шы­ғармашылық ізденісте жүретін Ұлбосын балаларға арналған орыс­ша, қазақша спектакльдердің барлығын­да белсенді жұмыс жасайды. «Қы­зыл телпек», «Сұғанақ ешкі», «Үш то­рай», «Сотқар бұзау», «Атамекен», орыс халық ертегілерінде Маша, түлкі, мысық, «Арыстанның үрейін қалай емдейміз» қойылымында Бонго-Тон­го, «Аладдиннің сиқырлы шамында» жын болып, көтерген тақырыбы, идеясы әртүрлі ертегілерде балғын кө­рермендердің ой-қиялының дұрыс қалыптасуы үшін барын салады.

Қуыршақ театры сахнасының сер­­келері болса да, мақтанды жаны қаламайтын, бетегеден биік, жусан­­нан аласа болуды өмір сүру ұста­ны­мы­на айналдырған Болат пен Ұлбо­сын қа­ра­пайым, кішіпейіл мінезбен-ақ көп іс тындырып, көз­қарасы мен таным көкжиегі енді қа­лыптасып келе жатқан жас өскінді адамгершілікке тәрбиелеп, оларға дұрыс өмір сүрудің құндылықтарын үйрету үшін жан­таласа еңбек етуден еш жалыққан емес. Осындай та­лантты әртістер жаса­ған образдан бір баланың жүрегіне ізгілік дәні егіліп, қоғамға қызмет ететін жақ­сы адам болып қосылса, бұл Қуыр­шақ театрының теңдессіз жеңісі болмақ.