Әлем • 13 Қыркүйек, 2021

БҰҰ Ауғанстан үшін әлемге қол жайды

716 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Біріккен Ұлттар Ұйымы Ауғанстанның қиын гуманитарлық дағдарысқа тап болғанын айтып, халықаралық қоғамдастықтан көмек ретінде 600 миллион доллардан астам қаражат жинап беруін сұрап отыр.

БҰҰ Ауғанстан үшін әлемге қол жайды

БҰҰ халықаралық қоғамдастықтан «Талибан» билігіне тізгінін берген Ауғанстанды қолдауға шақырды. Ұйымның айтуынша, қазір елде азық-түлік, дәрі-дәрмек, таза су тапшы. Сол себепті шұғыл әрекет ету керек делінген хабарламада. Бұл 600 миллион доллар миллиондаған адамның өміріне қажетті көмекті ұсына алады дейді ұйым өкілдері.

«Ел өте күрделі жағдайға тап болды. Ұзаққа созылған қақтығыс, жаппай құрғақшылық пен COVID-19 жағдайды ушықтырды... Бұған дейін де халықтың жартысына жуығы көмекке мұқтаж еді», делінген БҰҰ хабарламасында.

Сондай-ақ соңғы оқиғалар жығылғанға жұдырық болғандай, қарапайым халық қыспаққа алынған. Қолма-қол ақшаның жетіспеушілігінен экономика тығырыққа тірелген. Одан бөлек әйелдер мен қыздардың құқықтары туралы алаңдаушылық күн санап артып келеді. Сол себепті ұйым халықаралық қоғамдастықтың жедел әрекеті мен қолдауы өте маңызды деп ескертті.

Талибандар тамыз айында Ауғанстан билігін өз қолына алғанға дейін де елдегі соғыс пен бей-берекетке байланысты биыл 550 мыңнан астам адам үйлерін тас­тап кетуге мәжбүр болған. Бұл қазіргі уақыттың өзінде 3,5 миллион адам ел ішінде көшіп-қонып жүргенін білдіреді.

Жиналатын қаражаттың үштен бір бөлігі БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасына (ҰҚЖ) берілмек, өйткені елдегі азық-түліктің жетіспеушілігі өзекті болып тұр. Халықта күнделікті тамағын сатып алатын қолма-қол ақша жоқ.

Сонымен бірге, БҰҰ-ның Босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссары Филиппо Гранди дүйсенбіде Кабулға халықтың гуманитарлық қажеттіліктерін және 3,5 миллион жер аударған ауғандықтың жағдайын бағалау үшін елге келгенін хабарлады.

«Талибан» қозғалысы аз уақыттың ішінде ел билігін бақылауға алғаннан бері мыңдаған адам барынша елден қашуға тырысқанына дүние жүзі куә. Пәкістанның халықаралық әуекомпаниясы жолаушыларды Исламабадқа жеткізу үшін ел астанасына арнайы рейс жіберген.

Сарапшылар Батыстан қолдау тапқан Ауғанстан үкіметі құлағаннан кейін және «Талибанның» жеңісінен соң миллиардтаған долларлық шетелдік қайырымдылықтың күрт үзілуі БҰҰ-ның қызметіне де ауыртпалық түсірейін деп тұрғанын айтады.

Оның үстіне Reuters жақында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің журналистерге ұйымның қаржылық қиындықтарға тап болғанын айтқанын жариялаған. Ол «қазіргі уақытта БҰҰ өз қызметкерлеріне жалақы төлей алмайды», деген.

Ауғанстанмен шекаралас Қытай 31 миллион доллар көлемінде төтенше көмек ұсынатынын мәлімдеді. Оның ішінде азық-түлік пен коронавирусқа қарсы вакцина бар. Бұл көмек Бейжің «Талибан» үкіметімен байланыс орнатуға дайын екенін айтқаннан кейін берілетіні белгілі болды. Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван И өткен аптада Ауғанстанмен көршілес бірнеше елдің – Пәкістан, Иран, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстандағы әріптестерімен кездесуде Ауғанстанға көмек көрсету шаралары туралы жариялады. Ол бұл елдерді Ауғанстанға көмек көрсетуде ынтымақтасуға шақырды және Қытай сонымен бірге елге 3 миллион вакцина дозасын бермек. «Талибан» қозғалысының ресми өкілдері де Қытайды Ауғанстанның ең маңызды серіктесі деп танығанға ұқсайды. Соғыстан күйреген елді қалпына келтіруге Қытай инвестициясы мен қолдауына үміт артатыны белгілі болды.

Ресей тарапы да гуманитарлық көмек көрсету мәселесі қаралып жатқанын хабарлады.

Қазір дүниежүзілік ұйымдардың назары Ауған­стандағы гуманитарлық дағдарысқа ауып отыр. Сол себепті халықаралық ұйым өзге елдерден бұл мәселеде жұмыла әрекет етуді сұрауда.