Көп балалы және аз қамтылған отбасылардан, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан жүзден астам бала шамамен 1 млн теңге сомада атаулы көмекпен қамтылды.
Акция Шығыс Қазақстан, Павлодар, Маңғыстау, Ақмола және Атырау облыстарында өтті. Осылайша, әлеуметтік себеп бойынша мектепке келмеудің алдын алу мақсатында жаңа оқу жылы қарсаңында жергілікті оқушыларға жасына қарай жеке таңдалған мектеп формасы мен рюкзактар, кеңсе тауарларының жиынтығы, сондай-ақ ақшалай сертификаттар сыйға тартылды.
«Акцияның мақсаты барлық қажетті заттарды – киім-кешекті, рюкзакты, кеңсе тауарларын және басқа қажеттіліктерге белгілі бір соманы жинау және оны отбасылары қиын тұрмыстық жағдайға тап болған балаларға ұсыну болды. Биыл балаларға арналған жаңа оқу жылы офлайн режімде өтеді. Сондықтан әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алу мақсатында біз күзгі жақсылық күнін мерекелеу аясында акцияға бастамашы болдық», деді Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева.
Акцияны ҮЕҰ, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, ірі кәсіпорындар және басқа да демеушілер, меценаттар қолдады.
Еске сала кетейік, «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы осы жылдың ақпан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында басталған болатын. Жоба Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының мұрындық болуымен жүзеге асырылуда.
Жыл басынан бері марафонға 2,5 млн-нан астам адам қатысып, 202 мыңға жуық азамат атаулы көмек алды. Марафонға кез келген адам қатыса алады
«Егемен-ақпарат»