Қазір күз, содан ба сарғайған жапырақ алақанына ұя салған тамшының тағдырындай тәлкек, сұлудың көз жасындай ауыр ойларға иек сүйейміз. Ертеректе де солай болған, келесі күзде де солай болуға тиісті. Неге дейсіз ғой, оның жауабын сиқырлы суретші Пол Гогеннің «Арлестегі түнгі кафе» атты туындысы береді. Біз кенеп бетінен алуан түстердің шарпысқанын һәм бір-бірімен матасқанын ғана байқаймыз, ал ондағы кейіпкердің ішкі хәлі, жан-күйі тура осы күздің болмысы секілді беймәлім. Ештеңе өздігінен бола салмайды, бұл күздің де бір ерекшелігі бар, дәл картинадағы көріністегідей...
Гоген Францияның оңтүстігінде Арлесте болған кезінде бірнеше құнды туынды жазды. Соның бірі осы кербез картина. Ол мұнда Ван Гогтың шақыруымен келген. Атақты суретшілердің шығармашылық тандемі әлемге тамаша суреттер сыйлады. Әрине бұл өз алдына бөлек әңгіме. Бүгінгі сөз картина хақында.
Кенепте Арлестегі вокзал кафесі ешқандай боямасыз бейнеленген. Себебі сағынышы әлдилеген жандардың тұрағына айналған шағын мекен суретшінің де жанын талай рет жұбатқан еді.
Бізге «Арлестегі түнгі кафе» картинасы көркемдік ерекшелігін жоғалтпай жетті. 1888 жылы жазылған жұмыс өз уақытына сәйкес келеді. Автордың бұл картинаға жасырған сезімдері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де өз мәні мен мазмұнын жоғалтпады. Ғажап емес пе?! Мына дәуір әлі де сол сезімдердің теңізін кешіп жүргендей.
Кенептің алдыңғы жағында жабырқау әйелдің бейнесін көреміз. Бұл мекеме иесінің келіншегі – Джин ханым. Ол шынтағын үстелге тіреп, қалың ойдың тұманында адасып жүргендей. Артындағы шудан қашып кете алмайды. Үстел үстінде аяқталмаған ішімдік пен бөтелке бар. Осы тұста бір аңғарғанымыз Пол Гоген картинаны әртүрлі композициялық бөліктерге бөлетін ашық түсті жолақтарды сызған. Оқырманға ең жақын бөлік ақ түспен боялған. Картинаның ортасы жасыл түспен сырланған. Бұл жерде бильярд үстелі мен оның астында отырған мысықтан басқа ешкім жоқ. Кенептің жоғарғы жазықтығы қызыл түспен берілген. Онда кафеге келушілердің сұлбасы анық көрінеді. Олардың барлығы бір көңіл күйдің әуеніне төңкеріліп, өмірге мұң шағуда. Тағы бір нәзік деталь – мұндағы кейіпкерлердің көбі суретшінің таныстары.
Біздіңше Гоген алдыңғы қатардағы әйел мен оның артында тойлап отырған адамдардың бір-бірінен алшақтығын көрсеткісі келгендей. Тіпті олардың арасына сұр түтіннің ұзын тізбегін қосқан. Джин ханым сәл шаршаған сияқты, келушілерге деген қызығушылық жоқ. Себебі үнемі жалғыздығымен алысқан жандардың арасында өзінің де жалғыздығы есіне түседі.
Бұл – көп ішіндегі жалғыздық. Бұл – Пол Гоген!