Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2021

Халқы көшкен ауылдар бос қалып жатыр

1287 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жанға жайлы тұрмыс үшін ауылдан қалаға көшу қай заманда да қалыпты құбылыс саналған. Алайда соңғы жылдардағы еліміздің ішкі көші-қон саясаты ерекше назар аударуды қажет етеді. Бұл үрдістің стихиялы сипат алып кеткені соншалық, республикада былтыр тұрғындар санының азаюына байланысты оннан астам қала мәртебесіне сай болмай шықты.

Халқы көшкен ауылдар бос қалып жатыр

Деректер бойынша, өткен жылы ішкі көші-қон деңгейі 59,1 пайызды құраған. Ал жылдан-жылға ірі қалалар халқының саны артып барады. Сарапшылар көшіп-қону үрдісін ғаламдық әрі қалыпты құбылыс дегенімен де, Қазақстан жағдайында ел Үкіметі үшін қала инфрақұрылымын миграция толқынына дайындау, ауыл-аймақтарға жағдай жасау мәселесі көкейкесті болып қала береді.

Ұлттық экономика министр­лігінің деректеріне сүйенсек, ур­бандалудың әлемдік тренді республикада айқын көрініс беруде. Соңғы 10 жылда қала халқы ауыл­ға қарағанда 8 есе қарқынмен өс­кен. Эконо­ми­калық есеп бойын­ша, қала хал­қының 1 пайызға өсуі ІЖӨ-нің 0,27 пайызға артуына ықпал етпек. Мамандар агломе­рациялар мен басқа да ірі қала­лардың де­мографиялық өсуін серпінді экономикалық даму­мен байланыстырады.

Бүгінде агломерациялардың төрт орталығының үлесіне ел халқының 22 пайызы және жалпы ІЖӨ-нің 33 пайызы тиесілі. Ал 14 ірі қалада (облыс орталықтары мен Семей қаласы) соңғы 10 жылда халық саны 13,1 пайызға өскен. Олардың үлесіне өңірлік сауданың 68 пайызы, елдің өнеркәсіптік өндірісінің 22,3 пайызы, негізгі капиталға инвестициялардың жалпы республикалық көлемінің 20,1 пайызы тиесілі. Тиісті министрлік деректеріне сүйенсек, өңірлік стандарттар жүйесін жалғастыру мақсатында «Ауылдық аумақ­тар­ды дамыту «Ауыл – ел бесігі» жобасында айқындалған ба­сым­дық­тар жүзеге асып, жекелеген ірі ауылдарды қала санатына ауыс­­тыруда олардың мәртебесін қай­та қарау маңызды болмақ. Со­нымен бірге экономикалық дәліздерді дамыту шарасы ел аумағының экономикалық байланысын нығайта түседі. Бұл жобаға даму келешегі байланыс­ты 3,5 мың ауыл қатысуда. Жоба 2025 жылға дейін жалғасып, инфра­құ­рылымды жақсарту үшiн 5 жылдың iшiнде 800 млрд теңге қарас­тырылып отыр.

Осы орайда «Қаланы қазақтан қыз­ған­бау керек» деген қағиданы қаперде ұстап жүретін тарих ғылымдарының докторы, саясаттанушы Әзімбай Ғали қазақ тәуелсіз елінің қай бұрышына барып тұрам десе де өз еркі екенін айтады. Осы тұста әңгімесін тарихи оқиғалармен байланыстыра жалғаған ол отаршылдық кезінде қазақты қалаға кіргізбеу үрдісінің салдарына тоқталып өтті. «Отаршылдық кезеңінде қала тек элитаның қаласы болды немесе оқып, білім алып қайту үшін ғана келуге болатын. Ал бүгінде жұмысы жоқ, табысы төмен болса, қазақ қалаға келмей қайда барады? Ауылдағы бақшасын қашанғы копсыта берсін?» дейді саясаттанушы. Осы күні қалада жанға жайлының бәрі бар әрі қазақтың 60 пайыздан астамы қалалық болып алды. Ә.Ғалидың айтуынша, ірі қалалар экзистенциалды мүмкіндік беруімен ерекшеленеді. Әркім не істеймін десе де ерікті, қадағалауға мұқтаж емес. Оқу оқи ма, жұмыс істей ме, кіммен араласамын десе де демократиялық, дербес еркіндік басым. Әрі қа­лада жұмыс табудың, оқу мен коммуникацияның мүмкіндігі зор. Кезінде қалаға тіркелу, баспана алу соншалықты қиын болса, қазіргі кезде бірте-бірте жеңілдеп келеді. Осылайша Қазақстан қазақтанып, орыстанған қазақ қазақтанып ке­леді. Қазақ мектебіне баратын балалар саны көбейді. Тілдік икемділік байқалады. Таяу жылдарда бізбен антропологиялық ұқсастығы бар этнос өкілдері де қазақша сөйлеуге икемделе бастайды. Бұрын этностар компактілі, қауымдастық пішінде тіршілік еткен болса, енді басқа стандарттар іздей бастайды» деген жағымды пікірімен бөліскен саясаттанушы ішкі және сыртқы миграция қалыпты әрі үздіксіз құбылыс екенін айтады. Алайда еліміз үшін оның жағымсыз жақтары да жоқ емес. Ә.Ғалидың айтуынша, алдағы уа­қытта сыртқа кететіндердің саны арта түспек. Енді шетелден отан­­­дастарымыз білім алу үшін ғана емес, жұмыс істеп, кәсіп іздеуін жалғастыра береді. Яғни Қазақстан алдағы уақытта еңбек қолын шығарушы елге айналмақ. Бүгінде Ресейдің, Кореяның еңбек нарығында жұмыс істеп жүрген қазақтар баршылық. Сондықтан саясаттанушы еліміздің көші-қон саясатында Еуропалық одақтың нарығына қарай бағыт бұруға көңіл аудару қажет екенін жеткізді. Оған қол жеткізу үшін әртүрлі экономикалық келісімдер, сауда-саттық сияқты жолдарды пайда­ла­ну қажет. Еуропа нарығына ш­ығуға Грузия, Әзербайжан дәлізі ықпал ете алады. Ал сыртқы миг­­рацияның жағымды жағы – агент­­теріміз Еуропа нарығынан эко­но­микалық жаңалықтарды елге әкелетін болады. Десек те, мұ­ның әлеуметтік, экономикалық, демо­гра­­­фиялық салдары да жоқ емес. Бірақ бұл жаңа нарыққа жол ашатын, алға жыл­жудың бір жолы. Өйткені Еура­зиял­ық ын­ты­мақтастықтың жағымды жа­ғын күткеніміз көп болған. Өкі­нішке қарай, ойдағыдай болмады. Бүгінде Ре­сей­­дің өзі санкцияда отыр, Қытай да экономикалық керітартпа елге айналып барады. Сондықтан да Қазақстанның дамуына кедергі жасайтын тауқыметтерден құтыла алмасымыз анық. Ол үшін жаңа заманның қиындықтарын жаңа жолдармен шешу керек. Дегенмен де бүгінгі таңда елдің жағдайын эко­но­микалық реформа жасаумен шеше алмайтынымызға көзіміз жетті. Бізге керегі – құқықтық-саяси реформа. Ал ендігі кезекте халық билікке емес, билік халыққа қызмет етуі қажет», дейді саясаттанушы.

Жұртшылықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерді қоғам алдында үнемі көтеріп жүрген Қа­зақс­тан Кәсіпкер әйелдер ода­ғы­ның төрайымы, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Меруерт Қазбекова әлемдік урбанизация үдерісінің Қазақстанға кері әсерін жоққа шығармайды. Меруерт Қазбекова оның жа­ғым­ды тұсынан гөрі жағымсыз жағы көп деген пікірде. «Жастар жағының, ауыл тұрғындарының қалаға жиі қоныс аударуы ауылда жағдайдың төмендігін көрсетеді. Бұл жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында тұрған мемлекет үшін жақсы тенденция емес», деп атап өтті М.Қазбекова.

Еліміздегі урбанизация үде­рі­сі рес­пуб­ликаның 2025 жыл­ға дейінгі Ұлттық даму жоспарына сай жүйеленуі тиіс. Бү­гінде мемлекеттің тұрақты дамуы мен адам капиталының жар­қын көрінісі – әлеуметтік инфра­құрылымдардың заман талаптарына сай болуы. Жайлы тұр­мыс, жақсы табыс адам капи­та­­лының кепілі. Десек те қазір ішкі көші-қон үдерісінде белең алып отырған келеңсіз жағдайлар бұл мәселеге салғырт қарамауды қа­жет етеді. Оған мысал ретінде елор­да ма­ңын­дағы Қосшы ауылы мек­те­біндегі жағ­дайды атап өткен М.Қазбекова биыл­ғы оқу жылында 1 400 орынға ар­нал­ған мектептің бірінші сыныбына 700 баланың баруы, оқушы санының көптігінен «Ш» сыныбының ашылуы елді мекеннің мұндай жағ­дай­ға дайын еместігін көрсеткенін жет­кіз­ді. Яғни халықтың есебі дұ­рыс жүр­гізілмеген. Тұрғындардың бір бөлігі басқа аумақтарда есепте тұр­ған. М.Қазбекованың айтуынша, бұл бір ғана өңірдің мәселесі емес. Бала­бақ­шалардың, мектептердің артық бала қабылдауы, яғни елді мекендер инфрақұрылымының шамадан тыс салмаққа дайын болмауы, ал оның салдары алдағы уақытта әлеуметтік дағдарыс пен тұрғындардың кедейленуіне апарып соқтыруы ықтимал. Осы орайда М.Қазбекова оқу іздеп, жұмыс істеуге қалаларға келген ауыл ба­ла­ларының аула сыртында, яғни жағ­дайы жоқ аумақтарда тұруына алаңдаушылық білдірді. Ал кез келген қоғамда жұмыссыздықтың, қалыпты жағдайдың болмауының салдары қылмысқа итермелейді. Мемле­кет­іміздің болашағы жас­тар дейміз, ал оларда тіптен жа­тақ­хана түріндегі бас­панасы болмаса, жұмыс өнімділігі, са­па­лы білім туралы сөз қозғаудың өзі артық», деп қынжылады ол. Әрине, статис­тика тұрғысынан алсақ, көр­сеткіштер көңілге қонымды, халықтың да жағдайы жаман емес. Алайда осы көрсеткіштер мен шынайы өмір арасында алшақтық көп. Оның айтуынша, бүгінде кез келген бағдарламаның артында адам емес, көрсеткіштер тұр. Ал құрғақ көр­сеткіштердің өмір сапасына кепіл бола алмайтыны анық. Осы орайда әр бағ­дарламаға орай сараптама жасау қажеттігін ұсынған сарапшы қанша үй салынғаны емес, баспанаға нақты кімдердің қолы жеткені маңызды екенін атап өтті. Ал тұратын жері болмаса жас маман ауылға бара ма? Мұғалім, дәрігер, инженер жетіспейді дейміз. Ол үшін адам өміріне қолайлы инфрақұрылым жасалуы керек. Бизнес жүруі үшін өндіріс ошақтарын дамытып, оқудан кейін жастардың жұмыс орындарына бару мүмкіндігін жасау уақыт күттірмейді. Бір кездерде мемлекеттік грантта оқыған балаларды ауылға жіберу сияқты жақсы үрдісті жолға қойдық. Алай­да бұл да науқаншылдық сипат алып барады. Сондықтан жергілікті билік соған сай жағдай жасау керек. Жағдайы болып жатса, жалақысы көңілге қонымды болса, жастардың ауылда тұрып, отбасын құрып кетуі де жарқын болашақтың еншісінде.

Мемлекеттік бағдарлама қа­был­­­данды, қаражат жеткілікті бөлінді, ал олай бол­са оның нәти­же­сіне неге көңіліміз көн­ші­мей­ді? Бағдарлама белгілі бір өңір тұр­ғындарына қандай жетістік алып келді? Сұрастыра берсек, сауал көп. Ендігі кезекте ауыл әкімдерін сай­лау­дың заманауи үр­ді­сін демократияға бастаған қадам ретінде бағалай отырып, Меруерт Қазбекова таңдауға лайық болған әкім­дер тұрғындармен бірлесе жұмыс іс­тейтіндігіне назар аударды. Ауыл бюджеті, ауылды көркейтуге ин­вес­тиция тарту мәселелері ортақ тал­қы­лана­тын­ды­ғы ертеңге үмітпен қа­рауға ық­пал етеді. Пандемия кезінде рес­пуб­лика жұртшылығы ауылдың қадірін түсіне бастады. Таза ауа, табиғи өнім – дені сау елдің кепілі. Яғни еселі еңбек болса, ауылды өндірістік бағытта дамыта аламыз. Сондықтан мемлекет ауылдың да­муына, жастардың оралуына жағдай жасауы керек.

Алайда жергілікті жерлерде бағдар­ла­ма­ларды сапалы іске асыруға және бюджет қаражатын тиімді жұмсауға мүдделі адамдар болмаса, онда барлық ақша құмға сіңген сумен тең.