Президенттің ауыл тұрғындарын қолдайтын вертикалды кооперациялар құрылатынын айтқаны қуантты. Осы күнге дейін алдымдағы жекеменшік малымның есебінен ғана күн көріп отырған жанмын. Бізді жеке қосалқы шаруашылығы бар жандар дейді.
Мемлекет басшысы біздің ұзақ мерзімге берілетін арзан несиеге қол жеткізе алмайтынымыз туралы өте дұрыс айтты. Өйткені, банктерге кепілге қоятын дүниелеріміз мардымсыз. Оны кепілге алып, бізге банк несие бермейді. Сондықтан Үкімет тарапынан кооперация құрылып, бізге көмек қолын созып отырса, несие алуға жәрдем берсе, осының үстіне салықтық жеңілдіктер көбейтілсе – біз де өнім шығаруды ұлғайтар едік.
Мен ескі тракторыммен ауламдағы оншақты қара мен 50-60 қой-ешкіге жем-азық тауып бере аламын. Ет пен сүтті арзандау болса да сатып, күнімізді көріп отырмыз. Осылай күн көруге болады, бірақ бұдан да жақсырақ өмір сүруге ұмтылғың келеді. Қалада тұратын балаларыма үй алу үшін көмекті молырақ жасауды армандаймын. Бірақ шаруашылығымды ұлғайтуға мүмкіндігім жоқ. Өйткені несие де ала алмаймын, жер үлесін де көбейте алмаймын. Өзімізге берілген егістік мақсатындағы жер үлесін өңдей алмағандықтан біз ірі компанияларға жалға беріп қойғанбыз. Олар күздігүні бізге азды-көп пай береді. Бірақ осындай компаниялар жайылымға пайдаланылатын ауыл шаруашылығы жерлерін де егістікке жыртып тастап, мал басын көбейту, пішендеме дайындау мүмкіндіктерін азайтып отыр. Осы мәселеге жергілікті билік араласып, жердің мақсатты пайдалануын неге қамтамасыз етпейтініне таңырқап жүреміз. Айтсақ ешкім құлағына да ілмейді.
Президент Қ.Тоқаевтың Жолдауда біздің әлеуетімізді пайдалану керектігі туралы айтқаны да ұнады. Шын мәнінде үлкен фермерлер емес, біз сияқты қосалқы шаруашылығы бар адамдар ғана негізінен қала халқын сапалы сүт, ет өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Мемлекет басшысының біздің әлеуетімізге сеніп, үміт артқанына қуанып қалдық. Енді осы талапты жергілікті биліктегілер іске асырып, азды-көп жағдай жасаса біз де өнімдерімізді арттыра түсер едік. Бұл сайып келгенде жұмыс істегісі келетін ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсартуына мүмкіндік берер еді.
Еділбай ҚАСЕНОВ,
ауыл тұрғыны
Солтүстік Қазақстан облысы