Қоғам • 15 Қыркүйек, 2021

Қазақстан – антиядролық қозғалыстың көшбасшысы

1199 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойыл­ғанына 30 жыл толды. Осыған орай Алматыда Мәдениет және спорт министр­лігінің Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архиві бастамашы болып, «Қазақстан – Халықаралық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Қазақстан – антиядролық қозғалыстың көшбасшысы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» ма­қа­ласында: «1991 жылы Семей полигоны жабылды. Оның еліміз ғана емес, барша адам­заттың болашағы үшін айрық­ша маңызды шешім екенін ескеріп, арнайы іс-шара өткізу қажет деп санаймын. Елбасы қол қойған Жарлықтың арқа­сында Қазақстан бүкіл дүние жүзіне ядро­лық қару-жараққа қарсы әлемдік қозға­лыс­тың көшбасшысы болып таныл­ды, алып мемлекеттердің сеніміне ие болды, халық­аралық қоғамдастықта жауапкершілігі жоғары ел ретінде мойындалды», деген болатын.

Бүгінде Қазақстан ядролық қарудан батыл түрде бас тартқан ел ретінде, өзі­нің дәйекті антиядролық бастамаларымен бүкіл әлемге танымал. Осы бастамалар негізінде 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы ядролық қарудан азат әлем құрудың Жалпыға ортақ деклара­циясын қабылдады. Қазақстанның ұсынысы бойынша БҰҰ 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады.

Дөңгелек үстел аясында архив құ­жат­­тарында Қазақстандағы антиядро­лық қозғалыстың құрылуы мен жеткен жетістік­терінің тарихы, қазіргі уақытта анти­ядролық қозғалыстың өзектілігі, анти­ядролық қозғалыстың дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалар туралы баяндамалар жасалды.

– Бұл күн тек қазақстандықтар үшін ғана емес, сонымен қатар біздің планетамыз­дың барлық тұрғындары үшін де маңызды ­және айтулы күнге айналды. Қазақстандағы Семей полигоны жабылғаннан кейін әлем­­дегі төрт ірі: Новая Земля (Ресей), Невада (АҚШ), Мораруа (Франция), Лоб­нор (Қытай) полигондарында ядро­лық қаруды сынауға мораторий жариялан­ған болатын. Бұл мәселеде көрнекті ақын, белгілі қоғам қайраткері Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов жетекшілік ете­тін «Невада-Семей» халықаралық анти­ядро­лық қозғалысы ерекше рөл атқар­ғанын айта кетуіміз керек. Сол кісінің беде­лі­нің арқасында қозғалыс Қазақстанда ғана емес, елімізден тысқары жерлерде де қол­дау тапты. ЮНЕСКО шешімі бойын­ша қоз­ғалыс «Әлем туралы естелік» дүние­жүзі­лік тізіліміне енгізілді, – дейді архив директоры Баян Жұматаева.

 

АЛМАТЫ