Аймақтар • 15 Қыркүйек, 2021

Қонағы көп көне шаһар

1121 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Бүгінгідей көп нәрсе шектеулі карантин кезінде туризмнің дамуы жөнінде ауыз толтырып айтарлық жетістіктің аз болуы заңдылық. Дегенмен туризмді дамыту бағытындағы жұмыстар тоқтаған жоқ және уақыт талабына сай бейімделе жұмысын жандандыра түсуде. Мысалы, Шымкент қаласына қарасты Сайрам тұрғын алабындағы тарихи нысандарды тамашалауға өткен жылдан бері 70 мыңдай турист келген. Ал E-Qonaq жүйесі арқылы 40 мыңға жуық турист тіркелген. Биылғы бес айда қалаға келуші туристердің саны 71 156 адамға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 149,1%-ға ұлғайған. Ішкі туризм бойынша келушілер саны – 69 733, кіру туризмі бойынша – 1 423 адам.

Қонағы көп көне шаһар

Тарихы терең көне шаһарда туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Шежірелі өлке туристер көп ат басын бұратын ай­маққа сұранып тұр. Әсіресе, жаңа ға­сыр­да Шымкентке келуші туристердің қарқыны өскен. Мысалы, 2003 жылы бұл көрсеткіш 37 708 болса, өткен жылы 213 394-ке жетті. Осы уақыт ара­лы­ғында жеке инвестиция және бюджет есебінен 100-ден астам саябақ, мұражай, демалыс орны іске қосылды. Тарихшылар еліміздегі ең ежелгі қала екенін осы жерден табылған жәдігерлер арқылы дәлелдеген Шымкентте қазір 110 қонақүй, 25 әлеуметтік нысан, 5 театр, 7 мұражай, 10 саябақ, 18 аквапарк және 4 табиғи су қоймасы орналасқан. ТМД елдерінің мәдени астанасы болуы да қаланың туристік аймаққа айналуына ықпалын тигізді. Қала қонақтары мен саяхатшыларға қызмет көрсететін туристік фирмалар көбейді. Түрлі маршрут ұсынатын нұсқалар саны артты. Мысалы, қала әкімінің тапсырма­сымен құрылған Visit Shymkent туристік ақпараттық орталығы биыл қала қонақ­тары мен туристерге ақпарат беретін 7 туристік дүңгіршекті іске қосты. Ста­тис­тикалық деректерге қарағанда, 3 айда орналастыру орындарында тәулігіне 99 756 төсектік орын ұсынылып, 111,5%-ға артып отыр. Көлікке қолжетімділікті қамтамасыз етуде былтыр Шымкент бағытында FlyArystan әуекомпаниясы тарапынан 7 рейс ашылса (Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Павлодар), биыл Ақтөбе, Орал және Семей қалаларына тікелей рейстер іске қосылған. «Қаламызға келген адамға жанына керектінің бәрі табылады. Шаһардың брендін тек қызғалдақ, дәмді палау, кәуап, самса ғана емес, интеллектуал­ды қала ретінде қалыптастырмақпыз. Туристерге Шымкентті жаңа қырынан та­нытқымыз келеді. Өйткені әрбір қала­ның өзіндік ұраны болуы тиіс. Ша­һар­ға «жасыл қала», «қызғалдақтар қа­ла­сы», «арзан қала» деп әртүрлі теңеу береді. Біз Шымкенттің брендіне өтімді тауар ре­тін­де қарағанымыз жөн. Сонда мегаполиске туристердің қызығушылығы молаяды», дейді Visit Shymkent туристік ақ­па­рат­тық орталығының басшысы Айдарали Раманов.

Шымкентті шахмат қаласы ретінде қалып­тастыру идеясы да келушілер қата­рын көбейтуге өзіндік септігін тигізері анық. Жалпы, үшінші мегапо­листе маңызды туристік нысандар жетерлік. Соның бірі – «Ескі қалашық» тарихи-мәдени кешеніне келушілер көп. Ол еліміздегі туристендіру картасының ТОП-50 тізіміне енген. Бүгінде аталған аумақта «Шымқала» кешені іске қо­сыл­ды. Жобаны сапалы жүзеге асыру үшін көрсетілген аумақтың шебер-жоспары әзірленіп, жақын аумақта орналасқан Қошқар ата өзені, Тәуелсіздік саябағы, Ордабасы алаңы мен Шығыс базарын біріктіретін туристік орталыққа айналды. Бұдан бөлек, Сайрам тұрғын алабындағы тарихи орындарды туризмге дайындау жұмыстары қолға алынды. «Қызыр» мұнарасы меценаттардың қолдауымен абаттандырылды. Қалада орна­ласқан 30 туристік нысанға 3 тілді аудиогиді бар QR-төлқұжаттар жа­салған. Оларға бағыттайтын 30 сіл­те­мелік стелла орналастырылды. Ту­рис­тік инфрақұрылымды дамыту аясында туристік автобустарға арналған тұрақтар жасалуда. Алғашқы нүкте Әл-Фараби алаңында жүзеге асқан болатын. Алдағы уақытта мұндай тұрақтар Бәйдібек би ескерткіші, Шымкент-цирк, Наурыз алаңы, Дендросаябақ және Ордабасы алаңында да пайдалануға беріледі. Жалпы, қалаға келуші қонақтар үшін ыңғайлы да жайлы жағдай жасау мақсатындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Биыл көктемде туризм және сыртқы байланыстар басқармасы мен Kazakh Tourism ұлттық компаниясы арасындағы екіжақты келісім аясында e-Qonaq бірыңғай ақпараттық жүйесі қонақүйлерде орнатылған болатын. Ақпараттық жүйе арқылы мегаполиске келген туристер ертеректе атқарылғандай көші-қон полициясына барып немесе egov порталына кіріп уақыт жоғалтпай, өздері тоқтаған қонақүйде қызметкерлердің көмегімен немесе өз ықпалымен тіркеле алады. Бұл туристерді есепке алу, туристік ағынды талдау және көші-қон бақылауын жүзеге асыруға арналған жүйе. Бүгінгі күнге дейін базада 40 мыңға жуық шетел азаматы тіркелген. Жалпы, қаладағы 120 орналастыру орнының жетпісінде қолданылып келе жатқан бірыңғай ақпараттық жүйені жыл соңына дейін барлық нысанға орнату жоспарланған.

1

Мәртебенің мәртебесі...

Шымкент қаласының аумағында 110 туристік нысан бар. Оның ішінде жеті тарихи нысан республикалық маңызы бар «Қазақстанның киелі жерлері» жобасына енген. Осындай тарихи әрі туристік нысанның бірі – Мәртөбе кешені. Бұл кешен бүгінде танымал туристік бағыттардың біріне айналып отыр. Сайрам тұрғын алабы мен Қарамұрт ауы­лының аралығында орналасқан қалашықтың орны VІІ-ХІІ ғасырларға тән. Биіктігі 6-7 метр болады. Бұл аумақта әйгілі Дала парламентінің келелі жиындары өтіп, «Жеті жарғыға» мөр басылған. Қолайлы климат, айналаның анық көрінісі, Ташкент пен Түркістан сияқты ірі қалалардың жақын орналасуы – қазақ билері жиналатын жерді таңдауда негізгі фактор болған. Жоғарыда айтып өткеніміздей бұл нысанның тарихын тереңірек білу мақсатында былтырдан бері 70 мыңнан астам турист келген. Үшінші мегаполис­ке келген туристер мен қонақтар гидтің көмегімен екіқабатты экскурсиялық ав­то­буспен қаланы аралап, тамашалай алады. Сапар барысында мамандар қала та­рихымен, тарихи ескерткіштермен таныстырады. Бір кеште танысып шығуға барлық мүмкіндік жасалған. Шырайлы Шымкенттің басқа қалалардан тағы бір артықшылығы – ежелгі шығыстың ас дайындау өнерін паш ететін дәмханалар мен тамақтандыру орындарының көптігі. Қала тұрғындарының ең сүйікті демалыс орнына айналған Асанбай Асқаров атындағы дендросаябақ самал жел, таза ауасымен серуендеушілерге керемет көңіл күй сыйлайды. Өлкетану мұражайы өңірдің мәдени-тарихи өмірінен дерек береді. Ал Тәуелсіздік саябағындағы «әнші» субұрқақтар классикалық және қазіргі заманғы музыканың ырғағымен жан-жағына түрлі-түсті жарық шашып, мерекелік күйге бөлейді. Қаланың дәл ортасынан ағатын Қошқар ата өзенінің орны бір төбе. Жазда өзен жағасы қала тұрғындары мен қонақтарына лық толады. Ине шаншар орын табылмайды. Аптап ыстықтан сая іздеген үлкен-кіші осы жерге үйір. Табиғат-ананың керемет тартуы іспетті бұлақтың суы шырайлы қаланы кесіп өтеді. Жергілікті тұрғындар жазда жағасы жанға сая, суы дертке шипа өзенді қаланың бойтұмары санайды. Былтыр ғана бой көтерген ескі қалашықтағы аспан асты музейі бүгінде көрнекті орынға айналып үлгерді. Аумағы 4,5 гектар болатын Цита­дельдің ең биік нүктесінен мегаполис алақандағыдай көрінеді. Мұндағы мәдени қабаттардың тереңдігі 14 метрге дейін жетеді. Ең төменгі қабатынан «б.з.д. ІІ ғасырдың басы мен ІІІ ғасырдың аяғы» деп көрсетілген керамика бұйымдарының бөліктерін тапқан археологтер бұл жердің 8 мың шаршы метр аумағын аршуы тиіс болатын. Сол аралықта ХІХ ғасырдағы қалалық цитадельдің тарихи тұрпатын қалпына келтіру үшін рес­­тав­раторлар қосылды. Қабырғалар мен мұнараны, бақылау алаңшаларын, кіру есіктерін қайта қалпына келтіруге мүм­кін­дік жасады. Бұл оның ертеректе пайда болғанына, археологиялық ескерткіштер қатарында екеніне дәлел. Ал XIX ғасырда қоқандықтар бекіністі алғаннан кейін төбе аумағы цитадельге айналған. Патша генералы Черняевтің әскері цитадельді 1864 жылы басып алған соң қыраттың айналасына қорған тұрғызылыпты. «Шымқала» тарихи-мәдени кешеніне жолы түскен қонақтар мен туристер тарихын терең танып, сәулет және құрылыстың түр-түрімен танысады. Яғни аталған нысан зор әлеуеті мен дәстүрлер жиынтығының нәтижесінде этнографиялық-туристік бағытта пайдаға жарап тұр. Ұлы Жібек жолы, көне қала аумағында керуен сарайларының болуы, цитадель атанған «Шымқала» кешенінің өзі, сонымен қатар Сайрам немесе ежелгі Испиджабтағы музейдің жаңа кейіпке енуі тарихи нысанның екінші тынысын аша түсті. «Ескі қалашық» қазір жаңаша түрленді. Қаланың тарихи кіндігіне айналған көне қамал орны ашық аспан астындағы музейге айналып отыр. Жергілікті тарихшылардың айтуына қарағанда, алдағы уақытта оның айналасына музей, кітапхана және тағы басқа нысандар топтастырылып, бәрі бір орталыққа шоғырландырылмақ.

Кәсіби маман даярлау маңызды міндет

Еске сала кетейік, былтыр 29 қыр­күйек­те Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев археологиялық жұмыс нәти­же­сі­мен және мәдени кешенді одан әрі дамыту жоспарымен танысып, оған оң бағасын берген болатын. Ал 2019 жылы Шымкент қаласының 2200 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы мерейтойлар күнтізбесінен орын тапты. Цитадельден табылған зеңбіректер мен пулемет оқтары да келушілер назарынан тыс қалмайды. Мәдени қабат құрылысы да әр алуан. Бірін-бірі қайталамайды. Қазіргі таңда туризмнің басым түрлері ретінде тарихи-мәдени (сакралды) туризм, экстремалды туризм, гастрономиялық және ме­дициналық туризм түрлері ай­қын­далып отыр. Таңғажайып сырға толы табиғатымен қатар көнеден шежіре тартатын тарихы, мәдени-рухани өзгешеліктері шетелдіктер үшін ғана емес, еліміздің басқа өңіріндегі тұрғындар үшін де тартымды бола алады. Қала әкімдігі туристік әлеуетті жақсартып, дамыту мақсатында бірқатар бастамаларды қолға алып отыр. Мысалы, жуырда Шымкент қаласының туризм және сыртқы байланыстар басқармасы мен Түркістан қаласы Халықаралық туризм және мей­мандостық университеті арасында екі­жақты келісімге қол қойылды. Келісім аясында туризм саласында кәсіби мамандар даярланып, басқарма мен оған қарасты Visit Shymkent туристік ақпараттық орталығында университет студенттері, екі қаланың туристерге қызмет ететін орындарының қызметкерлері арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік туады. Сондай-ақ ауқымды іс-шараларда ерікті ретінде қызмет көрсете алады. «Бүгінде Шымкент қаласында ішкі және халықаралық туристік нарықта белсенді сегменттің қалыптасуы үшін барлық мүмкіндіктер бар. Заман талабына сай, бәсекеге қабілетті туристік нарық құрудағы ең маңызды шарттардың бірі – бұл сапалы кадр дайындау мәселесі. Туризм саласы бойынша білім алып отырған әрбір түлек – өңір туризмінің дамуына септігін тигізетіні сөзсіз. Біз үшін болашақ туризм мамандарын қазірден бастап сала жұмысына тарту және жан-жақты тәжірибеден өткізу өте маңызды. Сол себепті, алдағы уақытта оқу орнымен бірлесе сапалы жобаларды жүзеге асырып, ел туризмін көркейтуге ниеттіміз», дейді Шымкент қаласының туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров. Сонымен қатар басқарма басшысы студенттерді Дүниежүзілік туризм күніне орай өтетін «Шымкент 2200: Туристік креативті қала бейнесі» атты форум-көрмеге қатысып, бақ сынауға шақырды.

Айта кетелік, туризм басқармасына жуырда «креативті экономика» функциясы берілді. Әлемдік экономиканың трансформациялануы және әл-ауқаттың өсуінің жаңа тұжырымдамаларын іздеу жағдайында «креативті экономиканың» танымалдылығы арта түсуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев эко­номиканың жаңа даму бағытын ай­қындап, «креативті индустрияны» дамыту бойынша арнайы тапсырма берген болатын. Осы орайда, жаңа өзгерістерді тиімді қолдану және Шымкент қаласында «креативті индустрия» саласын дамытуды жүйелендіру мақсатында туризм және сыртқы байланыстар басқармасына «креативті экономика» функциясын беру ұсынылып, ол қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тарапынан қолдауға ие болды. Яғни бұл шешімнің нәтижесінде республикадағы үшінші мегаполис – туризм саласына креативті экономика индустриясы қосылған бірінші басқарма болады. Басқарма басшысы Ердан Қыдыровтың айтуына қарағанда аталған бастама туризмді дамыту, инвестиция тарту, Smart-инфрақұрылым, креативті жобалар мен маркетинг, сырт­қы байланыстар секілді заманауи трансформациялану бағыттарында қызмет атқарумен қатар мегаполис эко­но­­мика­сы­ның дамуына жаңа серпін, туристік креативті қала бейнесін қалып­тас­тыруға мүмкіндік береді. Ал сала мамандарының мәлімдеуінше, туризм мен креативті индустрияны бірік­ті­ру – ең алдымен оны жаңа деңгейге шығарып, туризмді дамытуға тың идеялар­ды енгізе отырып, жаңашыл бағытта ілгерілеуге септігін тигізеді. Қа­ла­ның жаңа бейнесін қалыптастырып және жаңа жұмыс орындарын ашып, экономика түсімін жоғарылатып, келуші туристер легін арттырады деген болжам да бар. Жастардың шығармашыл идеяларын қолдау мақсатында Шымкент қаласы әкімдігі жанынан түрлі сала өкілдерінен тұратын «Креативті кеңес» құрылғанын да айта кетелік.

1

Сапалы жол – туризмнің тірегі

Туризмді дамытуда инфрақұ­ры­лым­ның алар орны ерекше екені анық. Бұл орайда үшінші мегаполисте жаңадан салынған, жөндеуден өткен жолдар ша­қы­рымы арта түсуде. Мысалы, соңғы үш жылда 850 шақырымнан астам жол төселді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің ішкі байланысын жақсартуда көлік инфрақұрылымына қатысты нақты тапсырмалар жүктегені мәлім. Қала әкімдігі автомобиль жолдары экономиканың маңызды секторы екенін, жол сапасын арттыруда нақты көрсеткіштер бел­гі­леп, іске асыруда. Бүгінде Шымкент қаласындағы жолдардың жалпы ұзын­ды­ғы – 3247 шақырым. Жақсы және қа­­нағаттанарлық жағдайдағы жол­дар­дың үлесін биыл 63,6 пайызға жеткізу жоспарланған. Республикалық қала мәртебесін алған 2018 жылы бұл көр­сет­кіш 53 пайызды құраған болатын. Қала әкімі Мұрат Әйтенов осы жылдар ішінде көлік жолдарының сапасын арттыруға айрықша мән беріліп, салаға бөлінген қаражат пен жұмыс көлемі еселеп артқанын мәлімдеді. Мысалы, 2018 жылы 4,1 млрд теңге қаралып, 222,6 шақырым болатын 112 нысанда жол құрылысы, жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 2020 жылы 416,8 шақырым болатын 261 жол нысаны қамтылып, 21,9 млрд теңге қаржы бөлінген. Биыл 311,3 шақырым болатын 182 жол нысандарында құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізуге 34,8 млрд теңге қаралды. Оның ішінде ауқымды жобалар – А-2 ай­нал­ма жолының кезеңдік жұмыстары, Қонаев даңғылы жалғасының құрылысы, Қонаев-Рысқұлов көшесінде жолайрық құрылыстары қамтылған. Биылғы жос­пар бойынша қала аудандарында 71 көше күрделі жөндеуден өткізіліп отырса, 9 магистралды және 151 ішкі орамдық көшелер орташа жөндеуден өтеді. Жыл соңына дейін 270 шақырымнан асатын 169 нысан пайдалануға берілмек. Шағал тас төсеу жұмыстары 157 шақырымдық 277 көшеде жоспарланып, атқарылуда. Жерасты инфрақұрылым желілері тар­тыл­ған аумақтардың жолдарына тас төсеу үшін қосымша 500 млн теңге қа­растырылған.

Қалаға келуші қонақтарға жайлы жағ­дай жасау мақсатында қолға алынған іс­­тердің тағы бірі – ірі көшелерінің қиы­­лысы мен туристік нысандарында ор­на­тылған ақпараттық навигациялық стеллалар. Аумаққа жақын орналасқан мәдени орындар, тамақтану және қо­нақ­үйлер, демалыс аймағы туралы жан-жақты мағлұмат беретін ақпараттық тақтайшалар уақытты тиімді пайдалануға және қалаға алғаш келушілердің ны­сандар­мен жылдам танысып алуына мүм­­кіндік береді. Жалпы, шаһарда ақпа­рат­тық қолжетімділікті арттыру аясында 33 туристік нысанда QR-төлқұжаттар, көрікті орындарға бағыттайтын 29 нави­га­циялық стелла орналастырылған. Онда қазақ, орыс және ағылшын тіл­де­рін­­де ақпарат берілген. Өкінішке қарай, көп­шіліктің кәдесіне жарайтын дүниенің кейбірі бүгінде жарамсыз халге түсіп, ван­дализмнің құрбаны болып отыр. Бұл ретте қала әкімдігі стеллада орнатылған бейнекамералар арқылы бұзақылық жа­са­ған азаматтар анықталған жағдайда заң аясында жауапкершілікке тартылатынын ескертіп, тұрғындарды бірлесе жүзеге асырылып жатқан жобаларға үл­кен жауапкершілікпен қарауға ша­қы­руда.