Бүгінде қазақстандық шығармашылық иелері де халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті креативті өнім шығара алатынын көрсетіп келеді. Деректерге зер салсақ, 2019 жылы еліміздегі шығармашылық индустриялардың экспорт көлемі 247 млн доллардан асқан. Әрине, медиа, ойын-сауық нарығы әлдеқашан даму жолына түскен елдердегімен салыстырғанда, бұл төмен көрсеткіш болуы мүмкін. Бірақ елімізде де шығармашылық кәсіпкерлікке қолдау көрсету, нарыққа бәсекеге қабілетті өнім шығару, кадр даярлау, талантты жастарды қолдау, шығармашылық қызмет пен зияткерлік меншікті қорғау секілді жұмыстардың іске асып жатқаны белгілі. Ендігі кезекте креативті индустрияда жұмыспен қамтылғандар санын арттыруға басымдық беріліп, грант, несие, субсидия алуға мемлекеттік қолдау түріндегі жеңілдіктер қарастырылса, қаржылық, заңнамалық тұрғыда көмек көрсетіліп, арнайы қорлар ашылса, экономиканың осынау маңызды бағытын дамытуға мол мүмкіндік туатыны даусыз.
БҰҰ 2021 жылды шығармашылық, экономика, мәдениет, бизнес және технологиялар тоғысқан интеллектуалды қызметке негізделген «Білім экономикасы» жылы деп жариялады. Креативті экономика адами капиталды жетілдірумен тығыз байланысты екенін ескерсек, қазіргідей трансформация кезеңінде шығармашылық әлеуетті дамытудың маңызы арта түседі. Сондықтан жоғары оқу орындарындағы студенттердің өздері қалаған мамандығын меңгеріп қана қоймай, шығармашылықпен айналысуына, жобалары мен тың идеяларын іске асыруына қолайлы жағдай жасалуы керек. Бұл үшін түрлі Startup орталығын, soft skills-тер арқылы кәсіпкерлікке баулитын шеберлік сыныптарын ұйымдастырудың тиімділігі жоғары болмақ. Осы орайда С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің базасында креативті индустрия орталығы ашылғалы отыр.
Бұл орталық талантты жастарымызды шығармашылық тұрғыдан шыңдайтын OpenSpace болады деген сенімдеміз. Мұнда әлемдік цифрлы алпауыттар – Facebook, Twitter, Google және тағы басқа да компанияларда жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың қатысуымен «Менторлық мектеп» жобасы ұйымдастырылады. Олар біздің студенттерді дизайн, видеография, журналистика және тағы басқа шығармашылық, цифрлы құзыреттіліктерді меңгеруге үйретеді.
Мұнайлы аймақтағы алғашқы креативті индустрия орталығы кәсіби сарапшыларды біріктіретін, маңызды мәселелер бойынша пікірталастар өткізетін, идеялар мен шетелдік тәжірибе трансфертіне бастамашылық жасап, жаһандық процестерге талдау, мониторинг жүргізетін, заманауи жаңашылдықтың өңірге, жалпы елге әсерін бағамдайтын алаң болады. Осы арқылы аймақтағы талантты жастардың қатарын арттыруға, олардың туып-өскен өңірінің өркендеуіне атсалысуына себепкер болуды мақсат етіп отырмыз. Орталық студенттердің өзін-өзі жетілдіруіне, батыл идеяларын іске асыруына, ғылыми, инновациялық процестерге араласуына жол ашады. Орталықтың 600 адамға арналған алаңында әртүрлі хакатонды тек университет студенттері үшін ғана емес, Атырау облысындағы мектептердің талантты оқушылары үшін де ұйымдастыру жоспарланды. Осылайша, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті креативті индустрия орталығын ашу арқылы «Білім экономикасының» дамуына үлес қосуды көздеп отыр.
Креативті экономиканың жетекші ресурсы – адам капиталы. Техника мен технология қарыштап дамыған жаңа дәуірде экономиканың басты даму көзі – шикізат емес, адамдар, олардың дағдылары, қабілеті мен құзыреті. Сол себептен, қазір жастарға дәстүрлі жолмен білім беріп қана қоймай, олардың soft skills-терін дамытып, қабілетін арттырып, түрлі шығармашылық идеяларына инвестиция салу жолдарын ойлаcтыруымыз қажет. Осы мақсат жолындағы жоспарымыз Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауымен үндесіп, қолға алған ісімізге тың серпін берді. Дамыған білім беру инфрақұрылымы мен қолайлы кәсіпкерлік орта өңірлерге білімді, білікті мамандарды тартуға, ел экономикасын жаңа белеске көтеретін маңызды үрдістерді іске асыруға негіз қалайды. Өйткені ең тиімді инвестиция – адам капиталына салынған инвестиция.
Гүлзада ШАКУЛИКОВА,
«С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ басқарма төрағасы-ректоры
Атырау облысы