Коронавирус • 16 Қыркүйек, 2021

Науқастардың 97%-ы вакцина қабылдамаған

140 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясына Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ерлан Спанов, сондай-ақ өңірдің бас мемлекеттік сани­тар­лық дәрігері Ермұханбет Дәу­летбаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рүстем Айт­баев қатысып, аймақтың эпи­демиялық жағдайы мен індеттің таралым аясын тарылту бағы­тында атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады.

Науқастардың 97%-ы  вакцина қабылдамаған

Е.Спановтың айтуынша, панде­мия басталғалы Қостанай облысында 31 492 коронавирус жұқтыру жағ­дайы тіркелген. Қазір 21 инфекциялық стационарда 607 адам емделіп жа­тыр. Эпидемиялық ахуал күрделен­ген жағдайда, емдеу мекемелеріндегі кере­ует санын 3 мыңға дейін арт­тыруға мүмкіндік бар. Карантин та­лап­тарының сақталуын қамтамасыз ету мақ­сатында мобильдік топтардың ж­ұ­мысы жалғасуда. Тексеру топтары биыл тамыздың бірінен бастап 2 мың­нан астам рейд шараларын өт­кі­зіп, шектеу тәртібін бұзған 206 кәсіп­орынды анықтаған. Бүгінге дейін өңір тұрғындарының 61%-дан астамы вакцинаның бірінші сыңарын, ал 53 пайыздан астамы екінші сыңарын қабылдаған. Аймақта «Ашық» жобасына қатысу үшін 4 819 өтінім қа­былданып, олардың 4 719-ы QR-код алды. Тамыз айынан бастап есептегенде, Тобыл-Торғай өңірінде 1 978 нысан «Ашық» жобасына тіркелген.

Е.Дәулетбаев түсіндіру жұмыс­тарының нәтижесінде өңірде соңғы екі жеті бойы індет жұқтыру жағдайы тұрақты түрде төмендеп келе жатқанын жеткізді.

– Бүгінде медицина қызметкерлері мен мұғалімдердің, күш құрылымдары қызметкерлерінің 95 пайыздан астамы вакцина қабылдады. Өңірде тіркелген науқастардың 97 пайызы – коронавирус инфекциясына қарсы вакцина қабылдамағандар, – деді Е.Дәулетбаев.

Қостанай облысы эпидахуалдық көрсеткіші бойынша әлі де «қызыл аймақта» жатқандықтан, өңірдегі көп­теген нысан толыққанды жұмыс істей алмай отыр. Оларға ең алдымен нысанға кіретін адамдардың санын шектеу, белгіленген арақашықтықты сақтау, жұмыс уақытын қысқарту, мас­ка режімін, санитарлық тазалықты сақтау сияқты талаптар қойылып отыр. Өңірде «Ашық» жобасына қатысып жатқан нысандардың демалыс және мереке күндері жұмыс істеуіне, жұмыс уақытын ұзартуына рұқсат берілген.

Баспасөз жиыны барысында Р.Айт­баев аймақтағы емдеу меке­мелерінің дәрі-дәрмекпен жеткілікті түрде қам­тамасыз етілгенін айтты.

– Облыстағы дәріханалар мен стационарларда дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныш құралдарының екі айлық қоры бар. Жоғары сұранысқа ие дәрі­лер де жеткілікті. Біз қазір тәулі­гіне 2 жарым мыңға дейін тестілеу, зерт­теу жұмыстарын жүргізе аламыз. Ар­қалық қаласында тәулігіне 300 тесті­леу жүргізетін зертхана ашыл­ған. Бұл облыстың оңтүстік аудан­дарын­­дағы тұрғындарды тестілеу мәсе­лесінің шешілуіне мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде облыста барлығы 190 стационарлық және жылжымалы екпе пункттері жұмыс істеп жатыр. Мұның сыртында халық көп жиналатын қоғамдық орындарда да вакциналау орындарын ашып қойдық. Бүгінге дейін облысқа коронавирус­қа қарсы вакцинаның 381 535 дозасы жеткізілді, – деді басқарма басшысы.

Облыс тұрғындарын ерікті түрде жаппай вакциналау шараларына арнайы дайындық курсынан өткен 426 медицина қызметкері тартылған.

 

Қостанай