Экономика • 17 Қыркүйек, 2021

Жаңа зауыт – экспортқа бағдарланған жоба

240 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Масло-Дел Петропавл» ЖШС жаңа зауыттың құрылысын бастады. Кәсіпорын тәулігіне 1 200 тонна майлы дақылдарды қайта өңдемек. Жобаны Қазақстанның даму банкі қаржыландырады.

Жаңа зауыт – экспортқа бағдарланған жоба

«Масло-Дел» компаниялар тобының директоры Павел Селивановтың айтуын­­ша, жаңа зауыт майлы дақылдарды қай­та өңдеу, зығыр және рапс ма­йын, сондай-ақ ірі қара малға арналған жем­ді (күнжара) өндіру көлемін едәуір арт­ты­ру­ға мүмкіндік бермек. Кәсіпорын толық жобалық қуаттылыққа шыққан соң жылына 180-300 мың тонна майлы дақылдар тұқымын қайта өңдеуді жос­парлап отыр. Бұл майлы тұқымдардың жылдық жалпы түсімінің 7,6-12,7 па­йызын құрамақ.

Жоба толығымен экспортқа бағдар­лан­ған. Негізгі бағыт – Қытай. Ал жемшөп экспорты үшін Еуропа, Ресей және Қытай нарығы таңдалып отыр. Зауыт 2023 жылы пайдалануға берілмек.

– Өндіріс барысында сыртқы нарық­тар­дың сұранысын арттыру үшін суықтай сығу технологиясын пайдалануды көздеп отырмыз. Өйткені жоба республиканың экспорттық әлеуетін дамытуға бағыт­тал­ған. Әлемдік стандарттарға сәйкес болу үшін өндірістік жабдықтар жетекші еуропалық компаниялардан сатып алынатын болады. Сонымен қатар кіріс шикізатының сапасын бақылауға ар­нал­ған зертхана кеңейтілмек, – дейді П.Селиванов.

Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі жоғары. Бұған оң әсер ететін бір­не­ше фактор бар. Олар – шикізат ре­сурс­тарының жақындығы, заманауи еуропалық жаб­дық­тар мен жаңа тех­нологияларды пай­далану, жоғары бі­лікті кадрлардың және ұқсас жобалар­ды іске асыруда компанияның мол тәжірибесінің болуы. Сондай-ақ «Масло-Дел Петропавл» серіктестігінде майлы дақылдар тұқымын сақтауға арналған жеке элеватор бар. Бұл өзіндік құнды айтарлықтай төмендетуге және май тұқымдарын неғұрлым қолайлы бағамен сатып алуға мүмкіндік береді.

Жобаның жалпы құны – 15 млрд теңге. Оның 73 пайызын немесе 11 млрд теңгесін Қазақстанның даму банкі ұсынады. Қаржы институты қарызды 12 жылға беріп отыр. Жоба «Бизнестің жол картасы – 2025» және 2015-2019 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық даму бағдарламалары аясында іске асырылуда. Банктің кредиттік қаражаты іске қосу-реттеу жұмыстарына, жабдықты сатып алуға және монтаждауға жұмсалмақ.

– «Масло-Дел» компаниялар тобы – біздің сенімді серіктесіміз. Пет­ро­павл­дағы жаңа зауытты қаржылан­ды­ру­дан бөлек, Қазақстанның даму банкі кәсіпорынға 20 мың тонна өсімдік ма­йын өндіру үшін май тұқымдарын сатып алу жобасы бойынша қолдау көрсетуде. Банк қолдауымен өндірілген май толық көлемде экспортқа, негізінен Қытайға жеткізіледі. «Масло-Дел» брендінің өсімдік майы O'live, «Жайлау» және тағы да басқа сауда маркасымен сатылады, – деді Қазақстан даму банкінің басқарушы директоры Әділ Исмағамбетов.

Зауытты іске қосу майлы дақылдар тұқымын өндіруде көшбасшы саналатын Солтүстік Қазақстан облысы үшін үлкен әлеуметтік маңызға ие. Зауыт жер­гі­лікті ауыл шаруашылығы өнімдерін өн­дірушілерді күнбағыс, зығыр, рапс секілді майлы дақылдарды себуді ұлғай­ту­ға ынталандырмақ. Жоба аясында қосымша 217 жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ өндіріс көлемін және өнім экспортын жылына 300 мың тоннаға дейін ұлғайтуға жол ашады. Бұл өңірдегі өңдеу үлесін 30 пайыздан 60 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Деректерге сүйенсек, «Масло-Дел» компаниясының экспорты жыл өткен сайын өсіп келеді. Мәселен, 2015 жылы өнім экспорты 2,44 млрд теңгені, 2020 жылы 10,16 млрд теңгені құрады. Осы жылдың қаңтар-тамызындағы көрсеткіш 11,48 млрд теңгеге тең. 2015 жылдан бері экспорт 5 есе өскен. Ал жаңа зауыт іске қосылғаннан кейін экспорт қазіргі дең­гей­мен салыстырғанда тағы 2 есе ұл­ғаяды деп күтілуде. Өндіріс көлемінің ұл­ғаюы бюджетке түсетін салықтық түсім­дерді арттырады. Бұл ретте жылына ша­мамен 1,2 млрд теңге салық түседі деп күтілуде.

Бүгінде Қазақстанның даму банкі азық-түлік бағытында 3 инвестициялық жоба мен 7 экспорттық операцияны жүзеге асыруда. Тағы бірнеше жоба дайындық үстінде. Жалпы, банк іске қосылған сәттен бастап бұл бағытта 16 инвестициялық жоба мен 52 экс­порт­тық операция іске асырылған. Банк­тің кредиттік қоржынындағы ауыл шаруа­шы­лығы жобаларының үлесі 2,5 па­йызды құ­рап отыр. Бұл дегеніміз – 46 млрд теңге.

«Масло-Дел Петропавл» ЖШС 2006 жылы сүт өңдейтін өндірістік кәсіпорын ретінде құрылған. 2013 жылы қыз­мет түрін майлы тұқымдарды кеп­ті­ру, та­залау және сақтап өңдеу бағы­ты­на өз­­герт­кен. Жекеменшік астық сақ­тау қой­­масының қуаттылығы 58 мың тон­наны құрайды. Ол Buhler және Petkus компаниясының заманауи құ­рыл­ғыларымен жабдықталған. Мұнда 29 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын «Масло-Дел» ком­паниялар тобының құрамына кіреді.