Ерлан ҚАРИН,
Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі
Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы екі жылда тұрақты түрде саяси үдерістің бәсекелігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған түрлі бастама ұсынып келеді. Оның көпшілігі қазірдің өзінде табысты іске асырылуда. Саяси реформалар аясында 10 заң қабылданды. Тағы бірнеше заң жобасы алдағы айларда Парламент қабырғасында қаралатын болды.
Президент бастамаларының бірқатары барынша қысқа мерзім ішінде жүзеге асты. Жұмыс қарқыны жоғары болғанымен, оның бәрі біртіндеп, дәйекті түрде жасалуда. Осы орайда Президенттің саяси реформаларының төрт топтамасына жеке-жеке тоқталып, әрқайсысының негізгі тұстарын атап өткім келеді.
Саяси реформалардың бірінші топтамасы
Мемлекет басшысы реформалардың бірінші топтамасын 2019 жылғы 20 желтоқсанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында ұсынған болатын. Бұл бастама ҰҚСК мүшелерінің ұсыныстары ескеріле отырып әзірленді.
Онда бейбіт шерулерді ұйымдастыру тәртібін өзгертіп, ондағы рұқсат алу қағидатын хабардар ету қағидатына ауыстыру, саяси партияларды тіркеу үшін оның мүшелерінің саны жөніндегі талапты 40 мыңнан 20 мың адамға азайту, сайлау кезіндегі партиялық тізімде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота қарастыру, парламенттік оппозиция институтын енгізу сияқты бастамалар болды.
Оның ішінде Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің Екінші Факультативтік Хаттамасына қосылу рәсімін бастау туралы ұсыныс зор мәнге ие.
Сонымен бірге, Қылмыстық кодекстің 130-бабын қылмысқа жатқызбау және 174-бабын ізгілендіру, Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілігін өтеген және құқық қорғау органдарынан оң қорытынды алған азаматтарға қойылған қаржылық шектеулерді жұмсарту туралы шешімді де атап өткен жөн.
Жалпы алғанда, Қ.К.Тоқаевтың саяси реформалардың бірінші топтамасы аясындағы бастамаларына халықаралық серіктестеріміз жоғары баға берді.
Мысалы, АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент болғанына бір жыл толуына орай жолдаған құттықтау хатында «Қазақстанның саяси жаңғыруына жол ашқан реформалардың ауқымды әрі өршіл бағдарламасын» жоғары бағалайтынын атап өтті. Ол «Америка Құрама Штаттары халықтың мемлекетке сенімін арттыруға және қай заманда да қоғамның прогрессивті әрі қарқынды дамуының тірегі саналатын жаһандық бостандықтарды қорғауға бағытталған шараларды толығымен қолдайтынын» айтты. Ал Франция президенті Эммануэль Макрон 2020 жылы желтоқсан айында еліміздің Тәуелсіздік күніне орай жолдаған құттықтау хатында Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің Екінші Факультативтік Хаттамасына қол қоюын айрықша атап өтті.
Қазіргі таңда саяси реформалардың бірінші топтамасындағы барлық бастама толығымен орындалды.
Саяси реформалардың екінші топтамасы
Саяси бастамалардың бұл топтамасы 2020 жылғы 1 қыркүйекте Президент Жолдауы аясында жарияланды. 2021 жылдан бастап ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауы өткізілетіні, жергілікті өзін өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасы мен «Қоғамдық бақылау туралы» заң әзірленетіні, сондай-ақ, онлайн-петицияның бірыңғай институты құрылатыны жария етілді. Адам құқығын қорғау мәселесі жеке бағыт ретінде қолға алынды. Президент балаларды кибербуллингтен қорғау үшін шаралар қабылдау және Бала құқығы жөніндегі конвенцияның Факультативтік хаттамасына қосылу мәселесіне айрықша назар аударды.
Азаптауға қарсы күрес туралы ұлттық заңнаманы озық халықаралық нормаларға сәйкестендіру, сонымен қатар, адам саудасына қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды сотқа дейінгі тергеу тәжірибесін жетілдіру міндеттері жүктелді.
Саяси реформалардың үшінші топтамасы
2021 жылғы 15 қаңтарда VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Президент реформалардың үшінші топтамасын жариялады. Онда саяси партиялардың Мәжіліске өтуіне қажетті шекті 7 пайыздан 5 пайызға төмендету, барлық деңгейдегі сайлаулардың сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген баған енгізу, аудан әкімдерін сайлау туралы тың ұсыныстар айтылды. Оған қоса, «Жастардың даму индексін» енгізу, қоғамдық бақылау жүйесін жетілдіру, онлайн-петиция институтын заңды түрде рәсімдеу, қайырымдылық қызметті ынталандыруға қажетті шаралар әзірлеу, «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» жеке заң қабылдап, оның аппаратын нығайту сияқты мәселелер қамтылды.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімованың пікірінше, «Омбудсмен туралы» заң қабылдау уәкілдің мәртебесін көтеріп, құзіретін кеңейту тұрғысынан да, мүдделі азаматтардың оған өтініш жолдауы бойынша да белгілі бір заңнамалық жағдай жасалуын қамтамасыз етеді.
Жергілікті жерлерде өңірлік омбудсмендердің құрылуы адам құқығының бұзылуына байланысты нақты оқиғаларға жедел назар аударып, шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Заңнамаға саяси партиялардың Мәжіліске өтуіне қажетті шекті 7 пайыздан 5 пайызға төмендету, барлық деңгейдегі сайлаулардың сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген баған енгізу туралы өзгерістер мен толықтырулар Мемлекет басшысы 2021 жылы 24 мамырда қол қойған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда көрініс тапты.
Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси өзгерістердің қарқыны мен мазмұны халықаралық қоғамдастық тарапынан кеңінен қолдау тапты. Атап айтқанда, 2021 жылғы сәуір айында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен өзінің қазақстандық әріптесі – ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен телефон арқылы сөйлескенде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларының жоспарын толық қолдайтынын жеткізді.
Саяси реформалардың төртінші топтамасы
Президент ұсынған саяси реформалардың төртінші топтамасы – осыған дейін қолға алынып, жүзеге асырылған бастамалардың заңды жалғасы.
Атап айтқанда, әйелдер мен жастар үшін көзделген отыз пайыздық квотаны депутат мандатын бөлу кезінде міндетті түрде ескеру туралы норманы заң жүзінде бекіту қажеттігі Жолдауда нақты көрсетілді.
Квота берілетін азаматтар санатының тізімін кеңейту және сайлау тізімінде ерекше қажеттілігі бар азаматтарға міндетті квота белгілеу ұсынылды.
Ауылдық жерлердегі азаматтық бастамаларды қолдаудың тиімді тетігін әзірлеудің маңызды екеніне назар аударылды.
Құқық қорғаушылардың құқықтарын сақтап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстанның Қылмыстық кодексінің нормаларын Азаматтық және саяси құқықтар туралы Екінші Факультативтік Хаттаманың ережелерімен сәйкестендіру үшін нақты шаралар қабылдау тапсырылды.
Президент әйелдердің қоғамдағы экономикалық және саяси ұстанымын барынша қолдау қажеттігін атап өтті. Осыған орай ол Отбасылық және гендерлік саясат жөніндегі тұжырымдамаға өзгерістер енгізуді ұсынды. Бұдан бөлек, балаларға, соның ішінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қарсы жыныстық қылмыстардың алдын-алуға және оның жолын кесуге бағытталған жұмыстарды күшейтуге баса мән берілді.
Төртінші топтамада көрініс тапқан барлық саяси бастамалар Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары аясында жүзеге асырылады.
Мемлекет басшысының саяси бастамалары
Түптеп келгенде, саяси реформалардың төрт топтамасы – Мемлекет басшысының осы бағыттағы дәйекті әрі кешенді саясатының көрінісі. (Топтамалар кестесі төменде бөлек беріліп отыр.) Мұның бәрі экономикадағы және жергілікті мемлекеттік басқару жүйесіндегі реформалармен, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы цифрландыру үдерісімен тығыз байланысты.
Мысалы, жергілікті мемлекеттік басқару саласындағы реформаны алсақ, 2018 жылдан бастап 2 мыңнан астам тұрғыны бар 1 055 ауылдық округте дербес бюджет немесе төртінші деңгейлі бюджет енгізілді. 2020 жылы бұл тәжірибе барлық ауылдық округте қолданыла бастады.
Ауылдық жерде осы тәсіл қолданылғанға дейін, салық салынбай келген жылжымайтын және жылжитын 82 мың нысан түгенделіп, әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтті. Уәкілетті органдардың мәлімет қоры жаңартылып, 2,4 миллион қате мәлімет түзетілді. Сондай-ақ, Қаржы, Ішкі істер, Әділет, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің және «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының ақпараттық жүйелері мен мәлімет базасы өзара кіріктірілді.
Төртінші деңгейлі бюджетті енгізу нәтижесінде ауылдар салықтық және салықтық емес қосымша жаңа түсімдерге қол жеткізді. Ауыл тұрғындары бюджет қаржысының жұмсалу барысын қадағалаудың жаңа құралдарына ие болды.
Бұдан бөлек, 2017-2019 жылдары еліміздің түрлі өңірінде бюджет үдерісіне қатысатын ауылдық округ әкімдері мен олардың аппараттарының қызметкерлері үшін 4 республикалық форум, 46 оқыту семинары ұйымдастырылды. Осылайша, 3,5 мыңнан астам адам дайындықтан өтті.
Жалпы, осындай шешімдердің арқасында ауылдық округтердің дербестігі артып, қаржылық мүмкіндігі кеңейе түсті. Жергілікті жерлерде ауылдардың экономикалық әлеуетін нығайту шаралары қолға алынған соң ғана ауыл әкімдерін тікелей сайлауға көштік. 2021 жылғы 25 шілдеде 700-ден астам ауылдық округте сайлау өтті. Жыл соңына дейін тағы 70-ке жуық ауылдық округте сайлау науқаны өтеді. Басқа әкімдер өкілеттік мерзімі аяқталған соң сайланады. Міне, осылайша, бір жылдың ішінде ауыл әкімдерін тікелей сайлау үдерісі енгізіліп, қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналып келеді.
Саяси реформалар дәйекті жүргізіліп жатқанының тағы бір мысалы – сайлау тізіміне әйелдер мен жастар үшін квота енгізу жөніндегі бастама.
2019 жылы желтоқсанда Президент партиялардың сайлау тізімінде әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота қарастыруды ұсынған болатын. Осыған орай заңнамаға тиісті түзетулер енгізілді. 2020 жылы күзде саяси партиялар Парламенттің кезекті сайлауына қатысу үшін өздерінің тізімдерін әйелдер мен жастарға арналған квотаны ескере отырып жасады.
Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың биылғы қаңтар айында өткен сайлауында қолданыла бастаған бұл норма осы санаттағы азаматтардың саяси белсенділігін арттыруға тың мүмкіндік берді. Мысалы, сайлауға дейін мәслихаттардағы 3 335 орынның 740-ы ғана әйелдердің еншісінде болатын, ал 29 жасқа дейінгі жастарға 53 мандат қана берілген еді. Оның өзінде, сенатор Ләззат Сүлеймен айтқандай, бұл мандаттардың 44-і аудандық мәслихаттарға тиесілі болды.
Бұл норма әйелдер мен жастарды еліміздегі қоғамдық-саяси үдерістерге кеңірек жұмылдыруға жол ашқаны сөзсіз. Мұны сайлау комиссиялары өткен сайлау науқаны бойынша жасаған қорытынды хаттамалар да растайды.
Дегенмен, кейбір партиялар осы квотаны ұстануға салғырт қарағанын атап өткен жөн. Бұған жаңа тұлғалар мен кадр тапшылығы себеп болған сияқты. Сондықтан Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында депутат мандатын бөлу кезінде әйелдер мен жастарға арналған отыз пайыздық квотаны міндетті түрде ескеру туралы норманы заңнамаға енгізу қажеттігіне баса назар аударды. Сонда саяси партиялар өзінің қатарына әйелдер мен жастарды тарту үшін ұзақмерзімді әрі жүйелі жұмыс атқарады.
Жуырда Мемлекет басшысы биылғы Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру шаралары туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл құжатта саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау мәселесі кеңінен көрініс тауып, 12 тармақты қамтыды. Атап айтсақ, саяси жаңғыру бағдарын жалғастыру аясында екі заң қабылдау жоспарланған. Оның біріншісі аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін тікелей сайлау үшін (оның ішінде қанатқақты режімде) тиісті заңдарға түзетулер енгізуді көздейді. Екінші заң депутат мандатын бөлу барысында бұған дейін заңнамада белгіленген квотаны міндетті түрде ескеру туралы норманы бекітеді. Сонымен бірге онда квота берілетін азаматтардың санаты кеңейтіліп, әйелдер мен жастарға қоса ерекше қажеттілігі бар азаматтарға да квота бөлінеді.
Адам құқығын қорғау жүйесін жетілдіру аясында да екі заң қабылдау жоспарланып отыр. Бұл заңдар Қылмыстық кодекс нормаларын Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің Екінші Факультативтік Хаттамасының ережелерімен сәйкестендіреді. Сондай-ақ, прокурорлардың жауапкершілігін арттыру және тергеу нәтижесіне құқықтық баға беру құралдарын күшейту үшін олардың айыптау актілерін дайындауға қатысты құзіретін біртіндеп кеңейтуге бағытталады. Осыған орай Мемлекет басшысының екі Жарлығы да дайындалмақ.
Мұның бәрі Президенттің саяси өзгерістерді жалғастыруға, саяси жүйенің ашықтығын арттыруға және пікір алуандығын дамытуға бағытталған стратегиялық бағдарына берік екенін көрсетеді.