– Микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) басты міндеті қандай және олар ауыл-аймақтарда негізінен қандай кәсіптерге қаржы беріп отыр?
– Микроқаржы ұйымдары 20 жылдан астам уақыттан бері шағын және орта бизнес (ШОБ – ред.) саласында жұмыс істеп, шағын бизнестерге аса ірі емес сомалар ұсынып, әсіресе ауыл тұрғындарын қолдап келе жатыр. Клиенттердің 70 пайызға жуығы алыс өңірлерде тұрады: Негізінен агробизнес, мал және өсімдік шаруашылығы саласында кәсіп қылушылар, сондай-ақ халыққа түрлі қызмет көрсетуші, бөлшек саудамен айналысушы, кішігірім тұрмыстық жұмыстар істеуші азаматтар. Өздерінің шағын ғана кәсіптерін дөңгелетіп, өз-өздерін жұмыспен қамту арқылы тұрғын үй жағдайларын жақсартып, балаларын оқытып, тіршілік жасап отыр. Мемлекеттен бір тиын да сұрамайды, өз күндерін өздері көруде. Сондықтан микроқаржы ұйымдарының басты мақсаты – азаматтардың іскерлік белсенділігін арттыру, бизнес жобаларды қаржыландыру есебінен ШОБ саласын қолдау. МҚҰ нарықтың осы сегментінде 20 жылдан астам жұмыс істейді. Сондықтан халықтың осы санатымен жұмыс тәжірибесі жеткілікті. Шағын бизнес жобаларын қаржылай қолдайтын жеке бизнес үлгісі мен несиелеу әдістемесі де дамыған. Шалғай аудандарда филиалдардың да кең желісі қалыптасқан.
Меніңше, шағын бизнеспен айналысатын ауыл тұрғындары банктер үшін қызық емес. Несие сомасының аздығына байланысты оларға қызмет көрсету үшін де жоғары операциялық шығындар кетеді. Сонымен қатар ауыл тұрғындарында өтімді кепілдік те бола бермейді. Сол себепті Мемлекет басшысы МҚҰ қызметіне нақты және объективті баға берді және ауылдық жерлерде шағын бизнестің әлеуетін ашу бойынша маңызды міндет қойды.
– Шағын жобаларға қаржы бөлу өз-өзін ақтай ма?
– 2021 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша микроқаржы ұйымдарының несие портфелі 531,1 млрд теңгені құрады. Несие портфеліндегі кәсіпкерлік микронесиенің үлесі – 84 пайыз, оның 41 пайызы ауыл шаруашылық субъектілерін – шағын шаруа және фермерлік қожалықтарды қаржыландыруға бағытталған. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елдегі ауыл тұрғындарының үлесі – 40,93 пайыз. Олар да өздерінің іскерлік белсенділіктерін көтеру бойынша қаржы көздеріне мұқтаж. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде шағын және орта бизнесті дамыту – мемлекеттің экономикалық саясатындағы басты бағыттардың бірі. Сол тұрғыдан алғанда микроқаржы ұйымдары өңірлерде аса маңызды әлеуметтік-экономикалық функцияны орындап отыр. Сондықтан ауылдық жерлердегі шағын бизнестерге бөлінген қаражат өз-өзін ақтады деп айта аламыз.
– Осыған дейін кейбір микроқаржы ұйымдарының банкке айналуы туралы хабарланды. Мысалы, KMF пен Solva басшылары өздерінде ірі банкке айналуға жеткілікті әлеует бар екенін айтты. Оларда шынымен екінші деңгейлі банкке айналатын әлеует бар ма және бұл тәжірибе қаншалықты тиімді?
– Қазіргі кезде бірқатар микроқаржы ұйымдары меншік капиталы және активтері бойынша кейбір екінші деңгейлі банктермен теңесті. Олар қазірдің өзінде қаржылық беріктік пен тұрақтылық деңгейіне жеткен, банк секторының қатысушысы атану үшін қажетті әлеуетке ие. Банк атануда микроқаржы ұйымдары өз клиенттері үшін қаржылық қызметтердің кең спектрін ұсынып, қызмет көрсету мен сервис сапасын жоғарылата түсуі қажет.
МҚҰ қызметінде аударым операцияларын жүзеге асыру, банк шотын ашу және жүргізуге қатысты қажеттілік аса жоғары. Әсіресе, алыс ауылдарда. Шындап келгенде банк атану микроқаржы ұйымдарының басты мақсаты емес. Бірінші кезекте өз клиенттерінің қажеттіліктерін аса жоғары деңгейде өтеуі тиіс. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен қазір микроқаржы ұйымдарына конвертация жолымен банк атануға мүмкіндік беретін заңнамаға өзгерістер енгізілуде. Жақын уақытта МҚҰ-ларда ондай мүмкіндік пайда болады деп үміттенеміз. Алайда банкке айналу МҚҰ-лар үшін қадағалау режімінде қандай да бір әлсіреу болатынын аңғартпайды. Тек жалпы негізде, барлық банктік пруденциалдық талаптар мен нормативтерді орындаған жағдайда ғана банкке айнала алады.
– Қасым-Жомарт Тоқаев «мемлекет банктерге көмектеспейді» деді. Банктер саны тағы да қысқарып, тіпті кейбірінің микроқаржы ұйымына айналып кетуі мүмкін бе?
– Біздің ойымызша, МҚҰ-лардың банкке айналуы банктердің де МҚҰ-ға айналу мүмкіндігін білдіруі тиіс. Яғни бұл кері қозғалысы бар процесс. Сондықтан банк секторындағы кей ойыншылар МҚҰ мәртебесіне көшіп жатса, бұған біз тек қана қуанамыз.
– Микроқаржы ұйымдары шағын және орта бизнесті несиелеу тұрғысынан қаншалықты табысты? Жеке тұлғаларға қарағанда бизнесті несиелеу деңгейі жоғары ма?
– Несие портфеліндегі кәсіпкерлік микронесие үлесі 84 пайыз болса, тұтынушылық несиелер көлемі 14 пайыз шамасында. Қалай болғанда МҚҰ-да жеке тұлғаларға тұтынушылық мақсатта берілген несиелер көлемі кәсіпкерлік займдар көлемінен әлдеқайда аз.
2020 жылы МҚҰ-лардың дәстүрлі секторына осыған дейін жеке тұлғаларға интернет арқылы займ беріп келген қатысушылар да қосылды. Енді олар да МҚҰ мәртебесін алып отыр. Осыған байланысты жалпы несие портфеліндегі тұтынушылық микронесие көлемі аздап ұлғайды. Бірақ бәрібір микроқаржы нарығының негізгі қатысушыларының қызметі айтарлықтай табысты болып табылатын шағын және орта бизнесті қаржылық қолдауға бағытталған.
– Қазіргі сәтте ұйымдардың несие портфелінің сапасы және олардағы NPL деңгейі қандай?
– 2021 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша МҚҰ алдындағы мерзімі 90 күннен асып кеткен берешектердің үлесі 5,68 пайызды құрайды. Несие нарығының өзге қатысушыларымен салыстырғанда бұл жақсы көрсеткіш. Осыған дейін микроқаржы ұйымдары несиені ешқандай терең талдаусыз және клиенттің төлем қабілетін бағаламастан бере салады деген түсінік қалыптасқан еді. Ал байқап отырғанымыздай, 6 пайызға да жетпейтін NPL деңгейі біздің несие портфеліміздің жоғары сапасын байқатады. Біздің ұйымдар несиені өз ақшасынан беретіндіктен несиелеу мәселесіне асқан жауапкершілікпен қарайды.
– Пандемия микроқаржы нарығына қалай әсер етті?
– Пандемия бизнестің барлық субъектісіне кері әсер еткендіктен МҚҰ-лар бәрінен де қатты зардап шекті деп айту қисынсыз болар. Керісінше, шектеу шаралары кезінде МҚҰ өзінің қаржылық тұрақтылығын дәлелдеді. Сонымен қатар банктермен тең дәрежеде халық пен бизнеске несие төлемін кейінге шегеру мүмкіндігін ұсынып, бір жыл бойы несие портфелін тоқтатты. Қазір несиелеу деңгейінің өсе бастағанын бақылап отырмыз. Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша МҚҰ несие портфелі 27 пайызға өсті. Бұл ШОБ пен азаматтар тарапынан микронесиеге деген сұраныстың жоғары екенін аңғартады.
– Микроқаржы ұйымдарының шетелдік займдар есебінен жұмыс істейтіні белгілі. Егер мемлекет бұл секторға ерекше көңіл бөле бастаса, демек қаржылық тұрғыдан да қолдау беруі мүмкін бе?
– Дұрыс айтасыз, Қазақстандағы микронесиелердің 90 пайызға жуығы сыртқы қарыз есебінен ұсынылады. Ұлттық валютамен ондай несиелер бойынша орташа сыйақы мөлшері – валюталық тәуекелдерді хеджирлеуді (сақтандыру – ред) ескергенде – 17-19 пайыз. МҚҰ-ларды қорландыру проблемасы – микроқаржы нарығы үшін негізгі мәселе. Сыртқы қарызға тәуелділік өте қауіпті. Өйткені сыртқы капитал нарығындағы жағдай негативті түрде өрістей бастаса отандық микронесие нарығында тоқырау қаупі туады. Сондықтан егер мемлекет МҚҰ-ларды ішкі қолжетімді қорландыру көздерімен қамтамасыз етсе біздің нарықтағы көптеген проблема шешімін табар еді. Бәрінен маңыздысы – біздің қарыз алушылар үшін сыйақы мөлшері төмендейді.
– Қазақстанның микроқаржы нарығы шетелдік инвесторлар үшін қаншалықты қолайлы?
– Қазір микроқаржы секторы қаржы жүйесінің толыққанды қатысушысы атанып, қаржы ұйымдары тізіміне қосылған. Мемлекеттік уәкілетті органдардың толық бақылауында. Бұл факторлар инвестициялық тартымдылық деңгейін арттырады. Еуропалық қайта құру банкі, Азия даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы сияқты ірі халықаралық қаржы институттары ұзақ жылдар бойы микроқаржы нарығының флагмандарымен серіктестік орнатып, Қазақстанда әлеуметтік бағытта түрлі бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар микроқаржы ұйымдары қор нарығында облигациялар шығара бастады және инвесторлар арасында оларды сәтті орналастыра білді. Қолайлы инвестициялық климатпен қамтамасыз ету және оның тұрақтылығы үшін қосымша шаралар, оның ішінде нақты және болжамды ойын ережелерімен жасақталған тұрақты құқықтық база керек. Бәріміз күш біріктіре отырып Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес МҚҰ-лардың әлеуетін ашу жолында жетістікке жетеміз деп үміттенемін.
– Рахмет.
Әңгімелескен
Абай АЙМАҒАМБЕТ,
«Egemen Qazaqstan»