Тараптар бірқатар бірлескен жобаларды көздейтін өзара тиімді ынтымақтастық жөнінде уағдаласты. Атап айтқанда, Қазақстан мен Өзбекстанның ғалымдары мен мамандарын тарта отырып, сейсмикаға төзімді құрылыс саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын негіздеу және орындау үшін бірлескен уақытша ғылыми ұжымдар құру жоспарлануда. Қазақстандық мамандардың Өзбекстанда табиғи вибродинамикалық сынақтар жүргізуі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сондай-ақ бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру, жер сілкінісіне төзімді ғимараттар мен құрылыстарды салу саласында ғылыми және ғылыми-әдістемелік конференциялар, семинарлар, симпозиумдар, дөңгелек үстелдер, кездесулер мен көрмелер өткізу, тәжірибе және ақпарат алмасу көзделген.
Ынтымақтастық шеңберінде Өзбекстанда сейсмикалық оқшаулау технологияларын және ғимараттар мен құрылыстарды сейсмикалық қорғаудың басқа да әдістерін енгізу және одан әрі дамыту болжанып отыр. Сондай-ақ, Өзбекстан Қазақстанның баға белгілеу, ақпараттық модельдеу және құрылыс саласындағы халықаралық нормаларды енгізу саласындағы тәжірибесіне сүйенеді.
«ҚазҚСҒЗИ» институтының сейсмикаға төзімді құрылыс, баға белгілеу және ақпараттық модельдеу саласында үлкен тәжірибесі бар. 2019 жылы институтқа ТМД елдерінің сейсмикаға төзімді құрылысы саласындағы базалық ұйым мәртебесі берілді. ҚазҚСҒЗИ базасында ТМД елдерінің құрылысында ақпараттық модельдеу технологиясы саласындағы нормативтік-техникалық базаны дамыту жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Біз ҚазҚСҒЗИ-дың құрылыстағы кәсіби тәжірибесі Өзбекстандағы әріптестеріміз тарапынан табысты қолданылып, жетілдірілетініне сенімдіміз», дейді «ҚазҚСҒЗИ» АҚ Бас директоры Бегман Көлбаев.
Еске сала кетелік, 2018 жылы «ҚазҚСҒЗИ» институтының мамандары Ташкент қаласындағы 9 қабатты үйдің бірегей вибродинамикалық сынағын өткізіп, кейін ол «Өзбекстандағы қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасына үлгілік жоба ретінде енгізілді.
«Егемен-ақпарат»