Whatsapp желісіндегі хабарламада аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан әлдекім: «...Бүгін менің әйелім ұйықтап қалып, ұлымды мектепке апара алмады. Қызым да оқымайды. Өйткені бір бала ковид жұқтырған ба, әлде науқаспен байланыста болған ба, әйтеуір, 7 сыныпты таратып жіберіпті. Бүгін «манту» сынамасын аламыз деп алдап, балаларға екпе салыпты. Юркамен бірге бір бала оқитын. Ол екпе қабылдап, үйіне келген соң, өзін нашар сезініп, дене қызуы 40-қа дейін көтерілген соң, жансақтау бөліміне алып кетіпті, балақай сол жерде көз жұмған. 9 жастағы бала, екпеден өлді. Тағы үш бала ауыр халде ауруханада жатыр. Осының бәрін істеп отырған Қостанайдағы №7-мектеп. 13 балаға манту деп, оның орнына вакцина еккен. Екпені ата-аналардың рұқсатынсыз еккен, тезірек таратыңдар осыны», деп ышқына сөйлейді.
Екінші біреу қып-қызыл өтірікті қыздыра түсіп: «Қазір ғана Серега қоңырау шалды, екінші бала да көз жұмыпты. Жансақтау бөлімінде 4 бала жатқан, соның екеуі өлді», дейді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен білім басқармасының өкілдері бұл ақпаратты жоққа шығарып, Қостанай облысында бірде-бір мектепте оқушыларға коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналау жүргізілмегенін мәлімдеді. Полиция желіден жел сөз таратқан белгісіз екеуді анықтау үшін кешенді жедел-іздестіру іс-шараларын қолға алды.
– Аталған фактіге қатысты ҚК-нің 274-бабында көзделген «көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Аталған бап бойынша 1 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, болмаса 400 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту, сондай-ақ бір жылға дейін бас бостандығын шектеу және бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жалған хабар немесе әлеуметтік желіде негізсіз ақпарат тарататындар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз, – деді облыстық ПД басшысының кеңесшісі Елена Кашарина.
Бұл жайдан аталған мектепте балаларын оқытып жатқан ата-аналар да хабардар екен. Білім ошағында ешқандай екпе жүргізілмегенін олар да айтып отыр.
Қостанай облысы