31 Қаңтар, 2014

Жолда жүру жауапкершілігі күшейтіледі

301 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кезекті жалпы отырысында жол жүрісі, оңалту мен банкроттық, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және өзге де заң жобалары қаралды.

 

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кезекті жалпы отырысында жол жүрісі, оңалту мен банкроттық, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және өзге де заң жобалары қаралды.

Күн тәртібінде бірінші болып талқыға салынған «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Рес­публикасының Үкіметі ара­сын­дағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификация­лау туралы» заң жобасы бірауыздан қабылданды. Келісім салық са­луға, мемлекеттік сатып алуға, уағдаласушы тарап берген субсидияларға немесе гранттарға қолданылмайды. Тиісінше экспроприация, ұлт меншігіне алу, инвесторға өтемақы төлеу және дауларды шешуге қатысты нормалар көрініс тапқан. Және де тараптар арасындағы дауларды шешу мақсатында ұйымдастырылған халықаралық төрелік соттар мәселесі назардан тыс қалмапты. Экономика және бюджеттік жос­парлау министрі Ерболат Досаев атап өткендей, 2005 жылдан бас­тап еліміз экономикасындағы Вьетнам инвестициясының көлемі 2,4 миллион АҚШ долларын құраған. Ал екі ел арасындағы сауда айналымы 221,8 миллион доллар болса, бұл өткен жылға қарағанда, 2 есеге артық.

Сондай-ақ, кешегі отырыс­та «2007 жылғы 6 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерін жарақтандыру үшін арнайы техника мен арнайы құралдарды жеткізудің жеңілдікті шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы да қолдау тапты. Хаттамаға 2010 жылғы 10 желтоқсанда Мәскеу қаласында Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей басшылары қол қойған. Келісімге құқық қорғау органдары мен арнайы жасақтарға арналған техника мен құралдарды жеңілдікті шарттармен жеткізуді жүзеге асыру кезінде шығыстарды еркін айырбасталатын валютамен жүзеге асыру көзделеді. Әсіресе, Ресей рублімен төлеу мүмкіндігі ұсынылады. Құжат ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің арасындағы одақтастық қатынастарды нығай­туға бағытталған.

Бұдан басқа, кеше «Жол жүрісі туралы» және оған ілеспе заң жобалары бірінші оқылымда қаралды. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, қазіргі таңда еліміздің автомобиль паркі қарқынды артып келеді. Соңғы бес жыл ішінде еліміздегі көлік құралдарының саны екі есеге артып, шамамен 4 миллион бірлікті құрап отыр. Автокөлік паркінің өсуі көше-жол торабының даму қарқынынан едәуір алға кеткен. Өкініштісі сол, жол қозғалысына қатысушылардың, ең алдымен көлік жүргізушілерінің көлікті басқару тәртібі мен мәдениеті әлі де бұрынғысынша төмен деңгейде қалуда.

Министр келтірген мәлімет­тер­ге қарағанда, өткен жылы елі­мізде 23 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Оның ішінде 3 мың адам қаза тауып, 20 мыңнан астамы әртүрлі жа­ра­қаттар алған. Ендігі мәселе елі­мізде жол қауіпсіздігі аудиті институтын енгізу көзделсе, ол адами фактордан болатын жол апаттарын азайтуға сеп­тігін тигізуі тиіс. Аталған инс­ти­тут жобалау кезеңінде немесе құрылыстың бастапқы кезеңдерінде жолдың техникалық жо­басындағы қауіпсіздік деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, заң жобасымен жол­ қозғалысын қамтамасыз ету­ барысында мемлекеттік ор­ган­дардың құзыретін нақты ай­қын­дау қарастырылады. Және де көлік құралдарына, оларға тех­никалық қызмет көрсету талаптарына қатысты нормалар жеке қарастырылып отыр.

Министр атап өткендей, жүр­гізуші куәлігінің жаңа түрі енгізілсе, онда 7 мен 6-шы­ санаттың тармақшалары қам­ты­лады. Айыппұл салынған уақы­тынан бір тәулік ішінде төленсе, оның мөлшерінің 50 пайызын ғана өтеу, ал егер апта ішін­де өтелсе, тек 30 пайызын азай­ту көзделеді. Мүгедектерге арналған орындарға қатысты ережені бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Сонымен қатар, жүргізушілер даярлауға қатысты жауапкершілік те қатайтылмақ. Әсіресе, жүйелі түрде жол ережесін бұзғандарға жауапкершілік күшейтіледі. Бағдаршамның тыйым салынған белгісін үш рет елемей өткен жүргізуші жарты жылға куәлігінен айырылса, ал мас күйінде көлікті басқарғандар бірінші рет ұсталса жүргізуші куәлігімен 3 жылға қоштасады. Екінші рет 7 жылға куәліктен айырылып, 15 тәулік әкімшілік қамауға алынады. Бұдан кейін қайталаса, онда 30 тәулік әкімшілік қамауға алынып, жүргізуші құқығынан 15 жылға дейін айырылады. Заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды.

Сонымен қатар, «Оңалту және банкроттық туралы» және оған ілеспе заң жобалары бірқатар өзгерістерімен Мәжіліске қайтарылды. Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, банкроттық жүйесін реформалауға байланысты өзгерістердің бір топтамасы төлемге қабілетсіздікті шешу қағидаттарын өзгертуге негізделеді. Министрдің пайымынша, қолданыстағы тәртіп біршама деңгейде кәсіпорындарды таратуға бағытталған және қаржылық сауықтыру рәсімдерін қолдануды ынталандырмайды, ал банкроттық жүйені реформалау «көлеңкелі экономикаға» қарсы іс-қимыл жасау шараларының бірі болып табылады. Бүгінгі таңда көптеген борышкерлер банкроттық рәсімін жауапкершіліктен және кредиторлар алдындағы өз міндеттерін орындаудан жалтару әдісі ретінде пайдалануда. Заң жобасында банкроттық жүйеге көзқарастарды түбірімен өзгерту ұсынылып отыр. Сырттай бақылаушыдан уақытша басқарушы тұлғаны енгізуге көшу қарастырылыпты. Б.Сұлтанов бүгінгі сырттай бақылау рәсімі тиімсіз әрі борышкердің төлемге қабілеттілігін нақты шеше алмайды дегенді де ерекше атап кетті. Сондықтан да заң жобасымен осы рәсім алынып тасталады. Бұл ретте, борышкердің жауапкершілігі күшейтілген.

Және де «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қолдау тапты.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».