Елорда • 19 Қыркүйек, 2021

Елорда – еркіндікпен егіз ұғым

364 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Егемендікпен бірге еңсе тіктеген елордамыздың өткені – өрнекті, бүгіні – берекелі, ертеңі – ел сүйсінерлік.

Елорда – еркіндікпен егіз ұғым

Бостандықтың болмысын айшықтап тұрған бас қаламыз қарыштап дамы­ған Қазақстанның жетістігіне, тұғырдан түспейтін тәуел­сіздігіміздің тірегіне айналды. Жемісті жетістігі де, толағай табысы да бар. Оған Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде өткен «Тәуелсіз Қазақстан: жасампаздыққа толы жылдар. Нұр-Сұлтан қаласының басты жетістіктері» атты дөңгелек үстелде көз жеткіздік.

Еңселі елорда – ең алдымен Қазақ­станның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төл туындысы. Азаттықтың архитекторына айналған Елбасы бір сөзінде «Астананың салынуы­мен Қазақстанның жаңа дәуірі басталды. Біріншіден, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мемлекеттілігіміздің барлық институты орнықты. Астана бүкіл әлем таныған жаңа саяси орталыққа айналды», деген болатын. Халқымыз ықылым замандардан жаз жайлап, қыс қыстаған осынау құтты мекен ел қамын жеген Едігеден бастап, Әз-Тәукеге дейінгі қазақ хандарының ордасы болғаны тарихтан белгілі. Бұл топырақ елдігіміздің айбары, тарихымыздың қайнары.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылды Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ретінде жариялаған болатын. Азат­тықтың атаулы датасы тарихи мәнге, айрықша маңызға ие. Тағылымды кезеңде жас мемлекеттің қанаты қатайып, буыны бекіді. Оған ұлт болып үлес қосып, ел болып еңбек сіңірдік. Ал ел Президенті жуырда «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауында еліміздің алдағы даму стратегиясын айқындап берді. Жолдауда Президент «Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы», деген болатын. Мемлекет басшысы айтып отырған тәуелсіздік тағылымын, елорданың жемісті жетістігін дөңгелек үстел жұмысына қатысушылар да отырыстың өзегіне айналдырды.

– Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз бір ұлт болып Есілдің бойына ел қондырды, еңселі астанамыз салынды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың бастамасы жұртымыздың жасампаз еңбегіне ұласып, сәулетті шаһар бой көтерді. Бас қаламыз аз уақыт ішінде Қазақстанның саяси-экономикалық және рухани-мәдени орталығына айналғаны айқын, – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары, іс-шара модераторы Асхат Оралов.

Қала әкімінің орынбасары өз сөзінде елордада 2010 жылы Еуропа, Орталық Азия мен Солтүстік Американың 56 елін біріктіретін әлемдегі аса ірі өңірлік құрылым – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның жиы­ны, 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесі өткізілгенін еске салды. Елбасы бастамасымен және ұлттық жігермен са­лынған ұлы құрылыстар бүгінгі және келешектегі жеңістерді қолдан бергіз­бейтін сиқырлы күш екенін алға тарт­ты. Оның айтуынша, осы оқиғалар ұлттың рухы мен мәңгілік жеңіс туралы сенімін арттыра түседі. Нұр-Сұлтан қаласы – еліміздің мақтанышы, ұлттық идеямыздың көрінісі. Шын мәнінде, елордамызды жаңа Қазақстанның символы деуге болады.

– Ел егемендігінің 30 жылдығына қадам бастық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі елдің бірлігін, тыныштығын, халықтың әлеуметтік жағдайын ойлап келеді. Сондықтан бұл игі шараның Достық үйі ғимаратында ұйымдастырылып жатқанына қуанып отырмын. 1992 жылы Мемлекеттік Елтаң­баны қабылдап жатқан кезде рәміздің жоғары тұсындағы бес бұрышты жұлдызға депутаттар қарсы болды. Сонда Елбасы «Жолдас депутаттар, жұлдызға таласудың қажеті жоқ. Бұл – тәуелсіз мемлекетіміздің өз жолы, өз жұлдызы», деп жұлдызды енгізген болатын. Міне, азаттықтың 30 жылында даңғылымызды даралап, мемлекетімізді дүние жүзіне танымал еттік, – деді Мем­лекеттік Елтаңбаның авторы Жан­дарбек Мәлібеков.

Сәулетшінің айтуынша, елорданың қалыптасуы мен жаңаруы – Елбасының еселі еңбегінің жемісі. «Қазақ жерінде бұрын-соңды дәл мұндай шырайлы шаһар бой көтермеген болатын. Ең бас­тысы, Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқын біріктіруші күшке ие. Мен оны бір жүздесуімізде «Елорданың құрылысын бастай отырып, Сіз қазақтың ұлттық архи­тек­турасының, интернационалдық архитектураның негізін қаладыңыз», деп Елбасының өзіне де айтқан болатынмын», деді Ж.Мәлібеков.

Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы мемлеке­тіміздің тек саяси-әкімшілік қана емес, сонымен қатар рухани әрі ғылыми орта­лығына айналды. Қазақстанның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары да осында орналасқан.

– Күн санап тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына таяп келеміз. Биылғы іс-шара­лардың барлығы дерлік осы егемендіктің мерейлі жылы аясында ұйымдастырылып жатыр. Сол арқылы азаттық деп аталатын ұлы ұғымды анық түсінуге болады. Ұлт қайраткері Әлихан Бөкейханның «Бостандыққа апаратын жол – ұлттық ынтымақ қана», деген сөзі бар. Қай кезде де ұлттық ынтымақ, елдік ынтымақ керек екенін сезінеміз. Тұрақты, баянды мемлекет қана жаһандағы жақсылыққа ұмтылады. Әрбір мемлекет өз тағдырын өзі шешіп, әлемдік үйлесімділікке қызмет етуі тиіс. Үйлесім дегеніміз – бейбітшілік. Нұр-Сұлтан қаласы осындай үйлесімнің, татулықтың, елдік салтанаттың береке-бастауына айналды. Халқымыздың мыңжылдық асыл арманы орындалды, – деді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы Дихан Қамзабекұлы.

Ғалым тәуелсіздіктің алдағы табысын бірнеше бағытта көргісі келетінін де жеткізді. Д.Қамзабекұлы ең алдымен ел мен жердің тұтастығын, отаншылдығымызды алға тартты. Тұтастық – әр отандасымыз өзіне, өзгеге сенген кезде, меймандостық болған кезде тұғырлы болатынын айтты. Екіншіден, ғалым Қазақстанның халықаралық беделіне тоқталды. Мәселен, елордамыз Батыс пен Шығыстың берекелі орталығына айналды. Үшінші бағытты академик мәдени мұраның, «Рухани жаңғырудың» іске асуымен сабақтастырды. Мұндай мұраны халық, мәдени-рухани кеңістік жасайды. Мыңжылдық тарихымызды таразылап көрсету арқылы барымызды бағамдаймыз. Қай кезеңде болсын қазақ халқы өзге нәсілді, этнос­ты кемсітіп көрген жоқ. Ата тарихымыз ашық, жарқын. Сол қасиетімізден ажырамай, ұлық ұстанымды ұлықтап, әрі қарай жалғастыруымыз, келесі ұрпаққа аманаттай білуіміз қажет. Төртінші бағыт, алтын арқау ретінде ғалым ілім мен білімді ұсынды. Көзі ашық, көкірегі ояу, білімді ұрпақ айналасына жарық нұр шашады. Бірлікке, ынтымаққа ұмтылады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Адамға ең қымбат нәрсе – жұрттың қамы, жұрттың ісі», дейді. Жұрт болып түндігімізді батысқа қаратып түрдік. Батыстың ілім-ғылымына, технологиясына жол аштық. Бұл бағыттардың барлығы сайып келгенде, тәуелсіздіктің тұғырлы болуына, әлемдік үйлесімді қалыптастыруға қызмет етеді. Ал соның қайнар-бұлағы ел сүйсінген елордадан бастау алады.

– Еліміз осы 30 жылдың мұғдарында ғаламат жетістіктерге жетті. Елорда­мызды әлем жұртшылығы танып, мақ­та­нышымызға айналды. Ынтымағы жарасқан бейбіт, ашық аспан астында ғұмыр кешіп келеміз. ХХІ ғасырдың өзінде мұндай жетістік көп халықтың аңсаған арманы, қолы жетпеген мұраты. Біз соны бағалауға, қадірлеуге тиіспіз. Біздің барлық ортақ табысымыз – осы татулықтың, тәуелсіздіктің жемісі. Оның көш басында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің моделін қалыптастырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Тұңғыш Президентіміздің арқасында еліміздегі түрлі этнос бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр, – деді Өзбек мәдени орталығының төрағасы Шерзад Пулатов.

Азаматтық қоғам – тәуелсіз елімізді алға бастайтын алып күш екені анық. Сондықтан Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдарға үлкен жауапкершілік жүк­теледі. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы егемен еліміздің құр­дасы, Нұр-Сұлтан қаласы ішкі саясат басқармасының үкіметтік емес сектормен жұмыс бөлімінің басшысы Ердос Алтынбеков баяндады.

– Тәуелсіздік жылдарындағы ең ма­ңызды оқиғалар елордада орын алып, түбегейлі шешімдер қабылданды. Елорда – бұл жастардың қаласы. Нұр-Сұлтан қаласы білім мен ғылымның, өнер мен мәдениеттің, экономикалық даму мен инновацияның, халықтар достығының ошағына айналғаны белгілі. Тәуелсіздік жылдарында Елбасының жастарға жасаған жағымды жағдайы ел дамуына ерекше серпін берді, – деді Е.Алтынбеков.

Оның айтуынша, еліміз егемендікке қол жеткізгелі бері көптеген зияткерлік мектеп, озық үлгідегі жоғары оқу орны ашылды. Сонымен қатар Елбасының бастамасымен 1993 жылы «Болашақ» бағдарламасы қолға алынды. Аталған бағдарлама аясында еліміздің жастары әлемдегі 30-дан астам елде орналасқан ең үздік университеттерде білім ал­ды. Сонымен қатар халықаралық грант­тардың, өз қаражаттарының және әртүрлі шетелдік университеттің ұсынған грант­тарының негізінде білім алып жат­қан жастардың саны 100 мыңнан асады. Бұл жастар – еліміздің авангарды, технология мен шетелдік озық да­мудың үлгілерін көрген, сол идеяларды елімізге трансформациялаушы күш. Бұл Елбасының жастар үшін, болашақ ұрпақ үшін жасаған сындарлы саясатының жемісі. Е.Алтынбеков жас­тар арасында волонтерлік дамып келе жатқанын да алға тартты. Бүгінде жас­тар азаматтық қоғамдық қозғалыстарға белсенді түрде атсалысып жүр. Осылайша, өзгеге көмек­тессем, елге жәрдем берсем деген волонтер жастардың қатары көбейді.

– Қазақта «Ұшар көгің, қонар көлің баянды болғай» деген ескі сөз бар. Еліміздің ұшар көгі де, қонар көлі де баянды болғай. Жадымызда Ұлы дала елі, Мәңгілік ел идеясы деген қасиетті ұғымдар бар. Мәң­гілік ел ұғымы Күлтегін, Орхон жа­зу­ла­рында бар. Бағзы тарихымыз, архео­ло­гиялық жетістіктеріміз осы Ұлы дала­ның иесі біздің бабаларымыз екенін дәлелдеп тұр. Нұр-Сұлтан қаласындағы Мәңгілік ел даңғылы – символымызға айналуға тиіс. Бұл біздің тарихымыздың, мәдениетіміздің, тіліміздің, дәстүріміздің символы. Даңғылдың өзі болашағымызды даралап тұр. Еркіндік – біздің ең қым­бат қазынамыз, – деді филология ғылым­дары­ның докторы, профессор Серік Негимов.

Жиын соңында А.Оралов дөңгелек үстел жұмысына қатысқан ел ағаларын Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің Алғыс хатымен марапаттады.