Қоғам • 19 Қыркүйек, 2021

Сәбидің бәрі бақытты болу үшін жаралған

1147 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Бесіктен белі шықпай жатып мына дүниенің бес күндік жалған екенін сезінген, тағдырдың теперішін көрген, жетімдіктің ащы дәмін татқан сәбилерге біздің қоғам қаншалықты қорған, қамқор болып жүр? Бәлкім, кейінгі жылдары балалар үйінің, ондағы тәрбиеленушілердің әжептәуір азайғаны жетімін жылатпаған ел екенімізді ақтап алар.

Сәбидің бәрі бақытты болу үшін жаралған

Бес жылда 45 балалар үйі жабылды

Бірақ жаутаңкөздерімізді шетел асырып, жатжұртқа жетек­тетіп жібергеніміз қанша уақыт бетімізге салық, сүйегімізге таң­ба болып қалар екен? Опасыз дүние отбасынан айырып, аямай сынағаны аздай, оң-солын тани қоймаған, жете түсініп шешім қа­былдай алмайтын баланы ен­ді Отанынан, тілінен, ділі­нен айырып шетел асырып жі­бе­­руге хақымыз жоқ еді. Адам құ­қы­ғын алдыңғы орынға қоя­тын елімізде жасалған бұл сор­ақы жағдай айналып келгенде бала құқығына қол сұғу емес пе?!

Бүгінгі таңда елімізде же­тім немесе ата-анасының қам­қор­лығын­сыз қалған бала­лар­­ға арналған 95 ұйым бар. Оның 57-сі – білім беру, 20-сы – ден­сау­лық сақтау, 18-і – халықты әлеуметтік қорғау ұйымының жүйесінде. Бұл – балалар үйінің соңғы 5 жылда 32%-дан артық қыс­қарғандағы көрсеткіші. Нақ­тырақ айтсақ, 2016 жылы балалар үйінің саны 140 болса, қазір мұндай ұйымдар саны – 95.

Білім және ғылым министр­лігі Балалардың құқық­тарын қорғау комитетінің басқар­­ма басшысы Махаббат Бега­ли­на балалар үйінің саны биыл да қысқарып жатқанын алға тартты.

Оның айтуынша, 2021 жылдың бірін­ші жартыжылдығында жетім ба­ла­­лар мен ата-анасының қамқор­лы­ғын­­сыз қалған балаларға арналған 4 ұйым жабылды.

«Бүгінде елімізде балалар үйле­рі­­нің санын қысқарту үшін жетім ба­ла­лар мен ата-анасының қам­қор­­лығынсыз қалған балаларды тәрбие­леу­дің отбасылық балама нысанда­ры енгізілді. Бұл – асырап алу, қор­ған­шы­лық (қамқоршылық), патронат және баланы қабылдайтын отбасы. Мемлекет жетім балаларды тәрбиелеп отырған қазақстандық отбасыларға заңнамалық деңгейде материалдық қолдау көрсетеді. Жалпы, республикада ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 22 814 бала бар. Оның ішінде қазақстандық азаматтардың қам­қор­лы­ғымен, патронаттық тәрбиемен, қа­былдаушы отбасыларда, отбасы үлгі­сін­дегі балалар үйлерінде 18 603 бала тәрбиеленуде», деді М.Бегалина.

Балалар үйімен қатар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың да саны азайып жатқанын айта кеткен жөн. Егер 5 жыл бұрын, яғни 2016 жылы олардың саны 7 236 болса, қазір 95 ұйымда 4 211 бала тәрбиеленіп жатыр. Ал 15 жыл бұрынғы деректі келтірсек, 2006 жылы балалар үйіндегі бала саны 19 800 болған екен. Содан бері мұндай балалардың саны бес есеге дейін қысқарғанын байқауға болады. Әрине, осынау жылдар ішінде жаутаңкөз ба­лалардың отбасын тауып, ата-ана­ның қамқорлығында тәрбиеленіп жат­қа­ны қуантады. Бірақ бала асырап ал­ғысы келгенімен, бюрократиялық ке­дергілерге тап болып, арманына жете алмай жүрген отбасылар әлі де баршылық. Мысалы, қазіргі уақытта бала асырап алғысы келіп талаптанып жүрген 8 мың отбасы кезекте тұр екен. Және мұндай отбасылардың саны жылдан жылға артып келеді. Бұған ата-ана атану бақыты бұйырмай, қанша жылдан бері сәби аңсап жүрген отбасылардың көбейіп жатқаны да себеп болып жатыр.

Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» Кодексіне сәйкес бала асырап алудың жеңілдетілген рәсімі көзделген. Бұрын бала асырап алуға тілек білдірген азаматтар тиісті органдарға 14-тен 19-ға дейін құжат ті­зімін тапсыруы тиіс болатын. Ал қазір 8 құжат жинаса жеткілікті. Бұл – негізінен отбасының ортақ табысы, отбасы мүшелерінің денсаулығы дұ­рыс екенін, қылмысқа қатысы жо­ғын растайтын, баспанасы барын дәлелдейтін құжаттардың жиынтығы. Бала асырап алуға тілек білдірген адамдар Республикалық деректер банкінде (РДБ) есепке тұруға міндетті. Бұл ретте бала асырап алуға үміткер деп тану мемлекеттік қызмет ретінде көрсетіледі және бұл «Электронды үкімет» порталы арқылы жүзеге асырылады. Есепте тұрған азаматтар баланы жеке өзі таңдайды, онымен екі апта ішінде сөйлеседі. Осы мерзім өткеннен кейін бала асырап алуға ке­ліскен жағдайда азаматтар сотқа тиісті өтінішпен жүгінеді. Бала асырап алу ісінде түпкілікті шешімді сот қа­былдайды.

Сәбиді сату – қылмыс

Былай қарағанда, бала асырап алу рәсімі жеңілдетілді дегенімен, мұның да әжептәуір машақаты көп-ақ. Сондықтан бұл мәселеде де бармақ басты, көз қысты әрекеттер кездесіп жататыны белгілі. Өйткені армандаған баласына қандай жолмен болсын қол жеткізуге дайын ата-аналар табылады. Ал «іздегенге – сұраған» дегендей, жеңіл жолын нұсқайтын және оны жүзеге асырып беретін «қыз­мет­ші­лер» де жоқ емес. Мысалы, жақында ғана, осы қыркүйек айының басында жетім сәбиді сатпақшы болған тал­ды­қорғандық шенеуніктің оқиғасы әшкере болды.

Баласы жоқ ерлі-зайыптылар көбіне жаңа туған сәбиді асырап алғысы келе­тіні түсінікті. Осы жағдайдан жақ­сы хабардар Талдықорған қалалық білім беру бөлімі балалар құқықтарын қорғау секторының меңгерушісі болып істейтін азамат төрт айлық сәбиді бала асырауға ниетті отбасыға сатуды ойлаған. Ол ата-анасы жол апатынан қайтыс болып, аман қалған нәрестені облыстық мамандандырылған балалар үйіне орналастырғанымен, Рес­пуб­ли­ка­лық деректер банкінде тір­кемеген. Жымысқы ойы бар шенеу­нік сәбиді асырап алғысы келетін отбасыны та­бу­ға сыбайласын көмекке шақырған. Ондай отбасы табыла кетіп, олардан 400 мың теңге ақша сұраған. Ерлі-зайыптылар олардың дегеніне қуана келіскенімен, бұл істің заңдылығына күмәнданып, Алматының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне жүгінген. Содан кейін антикор дереу әрекет етіп, әдейі «сатушылар» мен «сатып алушыларды» кездестіреді. Шенеунік ерлі-зайыптыларды РДБ-ға асырап алушы кандидат ретінде тіркеп, нәрестені көруге жолдама берген. Сөйтіп осы «қызметінің» ақысын алып жатқан кезінде ұсталған.

Бұл қылмыстық істі қараған Тал­ды­­қорған қалалық соты айыпта­лу­шы­ның әрекетіне өкініп, кінәсін мойындағанын және бұған дейін қыл­мыс­тық жауапкершілікке тар­тыл­­мағанын ескере келе 12 млн теңге айыппұл салды. Сондай-ақ мем­лекеттік қызметте істеуден өмір бойы шеттетілді. Ал оның сыбайласына 4 млн теңге айыппұл салынды.

Жаға ұстатарлық бұл жағдай – бел­гілі болғаны ғана. Ал біз біле бер­мей­тін басқа да осындай қыл­мыс­тар болуы мүмкін. Бұл ретте Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин аталған мәселені шешу үшін нақты іс-әрекеттер қолға алынуы керек деп санайтынын жеткізді.

«Бала сату – ауыр қылмыс. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тағдырынан пайда табуды тоқтату керек. Әріден соң заңды айналып өтетін мұндай жымысқы әрекеттер тура жолмен бала асырап алғысы келетін азаматтардың құқығын бұзу болып саналады. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде құқық қорғау органымен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитетпен, прокуратурамен бірге жұмыс жүргізіп, қорғаншылық органдары тарапынан жасалатын заңсыз іс-әрекеттерді, қызметін асыра пайдалану жағдайларын анықтаймыз», деді А.Саин.

Осы орайда А.Саин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгініп, бұлай бала сату жағдайын тоқтатуға пәрмен беруді сұрады және бірқатар шешімді ұсынды.

«Біріншіден, Республикалық деректер банкінің 5 жылдық жұмысына (жүйе 2016 жылы құрылған) аудит және талдау жүргізу керек. Құрылғанына көп уақыт бола қоймаса да бұл РДБ-ға шағымдар көп. Айталық, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланың анықталған күнін және оны РДБ-ға есепке қою мен енгізудің нақты күнін салыстырған жөн. Алшақтық болған және негізсіз есепке қойылмаған кезде (мысалы, егер бала ауруханада жатпаса, бірақ мекемеде болса) себептеріне нақты тексеру жүргізілу керек. Осы аудит аясында баланың өте қысқа уақыт ішінде жүйеге енгізіліп, асырап алуға үміткердің ЭЦҚ кілті арқылы «жабылған» жағдайларды анықтау керек. Бұл жағдайларды IP-адрестердің немесе осы рәсімдердің жүргізілген жерлерінің сәйкестігі тұрғысынан талдау керек. Егер рәсімдер бір жерден жасалған болса, онда бұл қылмысты растайды. Өйткені бала балалар үйінде болса, асырап алушы сол жерде бола алмайды. Тексеру нәтижелері бойынша жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдану керек. РДБ-ның жұмысына, оның ішінде балалар туралы деректермен айла-шарғы жасау, ақпаратты енгізу-өзгерту мүмкіндіктерінің болмауына көз жеткізген дұрыс. Сондай-ақ заң бұзушылықтардың алдын алу шаралары қарастырылуы керек. Мысалы, егер сол немесе өзге мем­лекеттік орган тиісті ақпаратты уақ­ты­лы енгізбесе, онда жүйеде бұл жол «қы­зарып жанады» және уәкілетті орган бұл бұзушылыққа қарап, дереу әре­кет етеді», деді Бала құқықтары жө­ніндегі уәкіл.

Сонымен қатар А.Саин бюро­кра­тиялық тетіктердің осылай заң­сыз мақсаттарда қолданылуының себеп­те­рін түсіндіре кетті.

«Қазіргі кезде бала көтеруге қабі­лет­сіз жұптардың қатары артып жатқаны мәлім. Нақтырақ айтсақ, бүгінде ерлі-зайыптылардың 15%-ы бала көтере алмайды. Ал араларында бала болмауына байланысты жалпы некенің 20%-ы бұзылады. Сондықтан жыл сайын бала асырап алғысы келетін отбасылардың саны көбейіп жатыр. Шын мәнінде, мұндай жағдай – тек біздің елге ғана емес, барлық дамыған елдерге тән құбылыс. Бала асырап алғысы келетіндерге құжат жинау барысында бұл рәсімдердің күрделі екені, балалардың жетпейтіні және бірнеше жылдан бері кезекте тұрған адамдар бар екені туралы айтылуы мүмкін. Қандай қадамға болсын дайын жұптар болса, оларға «мәселені шешу» жолы ұсынылады. Шамасы, мұндай әрекетке баратын ерлі-зайыптылар кездеседі. Олар мұның қылмыс екенін түсінуі немесе толық түсінбеуі мүмкін, бірақ жоғарыда аталған схемаларға келіседі», деді Бала құқықтары жөнін­дегі уәкіл.

Бұл ретте А.Саин қамқоршылық органдарында азаматтарға суррогат ана болудың заңнамалық бекітілген тетіктері бар екені әдейі айтылмауы мүмкін деп ойлайды. Мысалы, баланы өз бетінше көтере алмайтын отбасы медициналық проблемаға байланыс­­ты өздерінің немесе донор банкіндегі донорлардың биоматериалдарын қол­да­на отырып, суррогатияға жүгіне алады және баланы заңды жолмен табады.

Сондай-ақ ол Президенттің тапсырмасымен жасанды ұрықтандыру – ЭКҰ-ға квоталар бөлініп жатқанын, бұл квоталардың көбеюі бала сүйе алмай отырған көптеген отбасының мәселесін шешіп беретінін атап өтті.

«Ана үйі» балдырғандарды жетімсіретпейді

Жалпы, бала сату десе, шетел асып, жат жұрттың қамқорлығына өткен қаракөздеріміз еске түседі. Бұл біздің қазақ қоғамының жетімін жылатпаған ел екеніне үлкен сын болғаны белгілі. Еліміздің аумағында халықаралық бала асырап алу бойынша агенттіктер аккредиттелген сәттен бастап, яғни 2013 жылдан бастап 2019 жылға дейін шетелдік азаматтар 157 қазақстандық баланы асырап алды. Бір жақсысы, екі жыл көлемінде – 2020 жылы және 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында шетелдіктерге бірде-бір бала асырап алуға берілмепті.

Өзіміздің азаматтар үшін бала асы­рап алу рәсімі қиынға соқса, ше­тел­­­дік­тер үшін бұл мәселе әлде­қай­да жеңіл көрінеді. Өйткені бала асы­­рап алуға көмектесетін, осы рә­сім­­ді жүзеге асыра­тын шетелдік агенттіктердің жұ­мысы жолға қо­йыл­ған. Қазақстанда 20-ға жуық шетелдік агенттік жұмыс істейді екен. Ал бала асырап алғысы келгенімен, түрлі кедергілерге тап келіп, тауы шағылған отандастарымызға жол көрсетіп, жәр­де­мдесетін өз агент­тік­те­ріміз жоқтың қасы. Бүгінде осы ол­қы­лық­тың орнын толтырып, екі агент­тік құрылған.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бала асырап алу жөніндегі мемлекеттік емес агенттіктерді құру туралы тапсырмасын орындау мақсатында 2019 жылы жетім балаларды қазақстандық азаматтардың отбасыларына орналас­ты­руға жәрдемдесу жөніндегі ұйым­дар­дың қызметі заңнамалық түрде бекітілді. Бұл ретте елімізде «Ана үйі» қоғамдық қоры мен «Ковчег» мекемесі аккредиттелді. Олар әлеуетті асырап алушы ата-аналардың психологиялық даярлығын жүзеге асырады. Ата-аналарға тегін негізде құқықтық көмек, психологиялық және психологиялық-педагогикалық кеңес береді.

«Ана үйі» – әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және жыл сайын балалар үйіне түсетін балалардың санын азайту мақсатында 8 жылдан аса уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан қайы­рым­дылық қоры. Бұл қор өмірдің теперішін көріп, қиын жағдайға тап болған, тығырыққа тірелген, қолында жаңа туған нәрестесі бар аналарға қорған болып келеді. Бүгінде еліміздің 18 қаласында осы қордың 21 аналар үйі жұмыс істеп отыр. Осы уақытқа дейін «Ана үйі» тұрмыстық қиындықтың салдарынан өз баласынан бас тартуға мәжбүр болып тұрған 5 122 жас анаға қолдау көрсетіп, нәрестелерінің балалар үйіне өтпей, отбасында қалуына септігін тигізді.

Аталған қор жұмысының екінші бағыты – Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттікті құру болды. Осы агенттіктің басшысы Ләззат Жүсіпова басты мақсат жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан азаматтарының отбасына тәрбиелеуге беруге жәрдемдесу екенін айтты.

«Бүгінгі таңда Қазақстанның 16 қаласында кеңес беру кабинеттері мен асырап алушы ата-аналар мектептері жұмыс істейді. Агенттік мамандары балалар үйлері мен сәбилер үйлерінен балаларды өз отбасына қабылдауға тілек білдірген азаматтар мен отбасыларға кешенді консультациялық көмек көрсетеді. Сондай-ақ асырап алушы ата-аналар мектептерінде әлеуетті асырап алушыларды психологиялық даяр­лау жүргізіледі. Осы уақыт ішінде агенттік қызметкерлері бала асырап алудың түрлі мәселелері бойынша 12 888 адамға кеңес берді, 3 065 азамат асырап алушы ата-аналар мектебінде даярланды. Агенттік көмегімен 1 009 отбасы 1 483 баланы қабылдады», деді Л.Жүсіпова.

Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агент­тік балалар үйіндегі тәрбие­лену­шілерді барынша қазақстандық отба­сы­лардың тәрбиесіне беруге септесу ар­қылы балалар үйін 60%-ға дейін жа­буға ықпал етуді мақсат тұтып отыр екен.

Тағдыр тауқыметін тумай жатып та­тып, балалар үйіне тап болған әр сәбидің ата-ананың аялы алақанын сезініп, мейір-шапағатына бөленіп өсуіне хақы бар. Сондықтан көңілі жарым жаутаңкөздердің отбасын тауып орналасуына барынша кедергі келтірмей, жағдай жасау маңызды. Құлағымызға әбден сіңісті болып кеткен әннің сөзімен айтсақ, сәбидің бәрі бақытты болу үшін жаралғанын ұмытпасақ екен.