Конференция қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген БҰҰ басшысы Антонио Гутерриштің айтуынша, кездесу ойдағыдай өткен. Оның жұмысына БҰҰ-ға мүше 96 елді қоса алғанда, 156 тарап, сондай-ақ 33 халықаралық және өңірлік ұйым мен 22 ҮЕҰ қатысқан.
«Халықаралық қоғамдастық ортақ пікірде: қазір Ауғанстан халқына гуманитарлық көмек көрсету үшін барлық күш-жігерді жұмылдыру керек», деді Гутерриш.
БҰҰ басшысының айтуынша, ауған экономикасын қолдау және оның құлдырауын болдырмауға көмектесу керек. «Өздеріңіз білетіндей, үлкен қауіп бар, Ауғанстанда қолма-қол ақша жетіспейді», деді ол.
БҰҰ Бас хатшысы БҰҰ-ның «Талибан» қозғалысынан (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) екі құжатпен (біріншісі талибандар гуманитарлық операцияларды жүргізуге кепілдік береді, ал екіншісі – гуманитарлық қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы) жазбаша міндеттемелер алғанын растады.
«Біз «Талибан» қозғалысының халықаралық қоғамдастықпен ынтымақтастыққа деген қызығушылығын көріп отырмыз, яғни халықаралық қоғамдастықтың ықпал ету тетігі бар», деп сөзін толықтырды Антонио Гутерриш.