Әлем • 20 Қыркүйек, 2021

Франция: Вакцина алмағандар жұмыссыз қалды

164 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Францияда COVID-19-ға қарсы вакцина салдырмаған 3 мыңға жуық медицина қызметкері жұмыстан шеттетілді.

Франция: Вакцина алмағандар жұмыссыз қалды

Сәрсенбіде күшіне енген жаңа ереже бойынша елдегі 2,7 миллионға жуық денсаулық сақтау қызметкері, қарттар үйлерінің қызметшілері және өрт сөндіру қызметіндегілер коронавирусқа қарсы вакцина алуға міндеттеліп отыр. Францияның денсаулық сақтау министрі Оливье Веранның айтуынша, жұмыстан шеттету – уақытша шара. Ол қазір көбірек маманның екпе алуға келісім беріп жатқанын айтты.

Бұл ереже дәрігерлерге, медбикелерге, кеңсе қызметкерлеріне және еріктілерге қолданылады. Президент Эммануэль Макрон бұрынғы ереженің өзгеретінін алғаш рет 12 шілдеде хабарлап, қызметкерлер 15 қыркүйекке дейін кем дегенде вакцинаның бір компонентін алуы керек деп ескерткен. Екпе салдырмағандар жұмыстан шеттетілетіні сол кезде белгілі болған.

Президенттің бұл мәлімдемесінен кейін вакцина алу үшін өтінім білдіретін Doctolib сайтының жұмысына жүктеме көбейген. Өйткені тиісті қызметкерлердің көпшілігі бірден екпеге жазыла бастаған. Алайда мемлекеттің талабы күшіне енгеніне қарамастан, әлі де вакцина алудан бас тартып отырған мыңдаған адам бар. Енді олардың барлығы жұмысқа жіберілмесе, медицина қызметінің сапасы не болады деген мәселе туындап тұр.

Францияның оңтүстігіндегі Ниццадағы бір аурухананың өзінде 450-ге жуық қызметкер жұмыстан шеттетілген. Олар ғимарат сыртында шеруге шығып, наразылығын білдірген. Оңтүстіктегі тағы бір қала – Монтелимарда ауруханада вакциналанған анестезиологтардың жетіспеуінен шұғыл емес операциялар тоқтатыла бастағанын AFP агенттігі хабарлаған.

Жалпы, вакцина пайда болғаннан бері, әлемде екпеге күмәнмен қараған елдердің қатарында осы Франция болған. Ipsos сауалдамасына сәйкес, елдегі вакцина алуға құқылы халықтың тек 40 пайызы ғана екпе салдыруды жоспарлап отырғанын айтқан. Одан бөлек, BBC Monitoring жүргізген зерттеу көрсеткендей, француз тілінде вакцинаға қарсы хабар тарататын парақшаларға жазылушылар саны 2020 жылғы 3,2 миллионнан 4,1 миллионға дейін өскен. Дегенмен шілдеде Еуропада арнайы «денсаулық паспорты» енгізіліп, вакцина алуды міндеттей бастағанда Франция әлемдегі ең вакциналанған елдердің біріне айналды. Ересектердің 90 пайызы екпенің кем дегенде бір компонентін алғаны хабарланған. Франция сонымен қатар 12 жастан асқан балаларды да вакциналауды енгізіп, егде жастағы және осал топқа жататын азаматтарға үшінші дозаны салдыра бастады.

Үкімет таратқан соңғы мәлімет біршама наразылық тудырса да, бұл шешімнің нәтиже бергенін көрсетеді. 14 қыркүйекке дейін мемлекеттік ауруханалар мен қарттар үйлері қызметкерлерінің 89 пайызы және жеке медициналық қызметкерлердің 95 пайызы вакцина салдырып үлгерген.

Франция – Еуропада вакциналауды міндеттеп отырған жалғыз ел емес. Италия да 15 қазаннан бастап барлық қызметкерден COVID-19-ға қарсы вакцина алғандарын дәлелдеуді сұрап отыр. Немесе қызметкерлер індет жұқтырмағанын көрсететін талдаудың нәтижесін ұсынып отыруы керек.

Ал Грекияда вакцина салдырмаған мемлекеттік және жеке сектор қызметкерлері өз есебінен аптасына бір немесе екі рет COVID-19-ды анықтайтын сараптамадан өтіп отыруы керек. Бұл ереже 13 қыркүйекте күшіне енді.

Өткен аптада АҚШ федералдық қызметкерлер мен мердігерлер үшін, сондай-ақ 100-ден астам қызметкері бар барлық кәсіпорын үшін вакциналауды міндетті етті. Ол бойынша шамамен 100 миллионға жуық жұмысшы екпе салдыруы шарт. Өзге елдердегідей вакцина салмаған қызметкерлер апта сайын медициналық сараптамадан өтіп отырады. АҚШ президенті Джо Байден бұл – бостандық немесе жеке таңдау мәселесі туралы емес, өзін және айналасындағыларды қорғауға бағытталған шешім екенін қадай айтты.

Франция билігі елде індет жұқтырған адамдардың саны азая бастауына байланысты кейбір қауіпсіздік шараларын жеңіл­де­туді қарастыратындығын айтқан болатын. Ел президенті ден­сау­лық сақтау кеңесімен 22 қыркүйекте, сәрсенбіде кездесуі керек. Тал­қы­лау барысында вирус ең аз тараған елді мекендердегі ере­же­лер­ді жеңілдету мүмкіндігі қарастырылуы мүмкін.