Руханият • 20 Қыркүйек, 2021

Жеке пьеса жазуға лайық

568 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жұматай Жақыпбаевтың тақырыпсыз өлеңі бар. Джоконданың жамалы, қасиеті туралы айтып келе жатады да, Ләйләні жырлап кетеді. «Джоконда миығында – жымиыс, қарайды енді ол басқа арулар заманын» дейді. Тура сол сияқты, өнер, сұлулық сияқты Тәңірінің берген артық қасиеттері қай заманның болсын құрдасы болып жүре беретіні белгілі. Келер заманға Джокондаға ұқсап картинадан сығалауы мүмкін, өлең, ән болып сырласып, тіпті тіл бітіп сахнадан сөйлеп шыққанын да көрдік. Мұндай құбылысқа әсіресе, театрда көп ұшырасамыз.

Жеке пьеса жазуға лайық

Осыдан бірер жыл бұрын Рахымжан Отарбаевтың «Фариза мен Мұқағали» спек­таклін тамашалап отырып, Фариза апа­мыздың өр мінезіне тағы бір куә бол­ған­дай күй кешкенбіз. Ақынның кей­пі­не еніп, ақындық өр мінезін танытқан С.Сейфуллин атындағы академиялық Қа­зақ драма театрының әртісі Дина Заи­то­ва болатын. Ол – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың бастамасымен қолға алын­ған «100 жаңа есім» жобасының биыл­ғы, төртінші маусымының жеңім­паз­дарының бірі.

Биыл «100 жаңа есім» жобасына әр саладан республика бойынша 5 мыңнан астам үміткер қатысыпты. Солардың ара­сы­нан 193 үміткер іріктеліп, жеңімпаз атан­ған. Сондықтан, «жүзден – жүйрік, мың­нан – тұлпар» шыққан өнерпаздың ор­ны бөлек театр әлемінде.

Үздіктер қатарында сап түзеген Дина Заито­ваны бүгінгі театрсүйер қауым жақ­сы білуге тиіс. Білгені былай тұрсын, бел­гілі режиссер, өнер майталмандары ара­сын­да мойындалып қойған атаулы әртіс, таңдаулы өнерпаз. Белгілі режиссер Дина Жұмабаева осы жақында ғана берген сұхбатында: «Қо­йыл­ған қойылымның сахна­да шынайы өмір сүруі әртіске тікелей бай­ланысты. Елі­міздегі театр әртістерінің іші­нен Нұркен Өтеуілов, Дина Заитова, Жанар Ма­қашева, Олжас Жақыпбектің жұ­мыс­та­рын, жауапкершіліктерін, сахна­да­ғы жанкешті өмірлерін ерекше атар едім», депті. «Сахнадағы жанкешті өмір» деген тіркестің өзі біраз жайдан хабар беріп тұрған жоқ па?!

Дина әртіс ретінде бізді де тәнті еткен. «Фариза мен Мұқағали» қойылымында апа­мыздың асқақ ақындығы мен өр міне­зін алып келген көз алдымызға. Өмір­ден өтіп кеткен ақынның жан дүниесі мен сана-сезімін жүрегінен өткізіп барып үн қатпаса, жүрекке жетпес еді ғой. Сахнадан Фариза болып сөйлеп, Фариза болып тіл қатқан. Тұтас бір спектакльді өзі алып шыққандай әсер қалдырған. Мұ­қаң­ның «Фариза, Фариза жан, Фариза қыз» өлеңінің құпиясы да сонда ашылған. Динаның Фаризасы арқасында.
«...Қарайды енді ол басқа арулар заманын» дегендей, Фариза апамыз Динаға, Дина Фаризаға айналғаны есімде. Жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев атындағы ІІІ республикалық театр фестивалінде Дина Заитова Фаризаны сомдағаны үшін «Ең үздік әйел адам рөлі» аталымын жеңіп алғанын кейін естідік. «С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық Қазақ драма театры Р.Отарбаевтың «Фариза мен Мұқағали» лирикалық драмасын сахналады. Режиссері – Н. Жұманиязов. Бұл қойылымда қазылар алқасы Фаризаның рөліне (Дина Заитова) ерекше тоқталды» деп жазды «Ана тілі» газетіне Қарагөз Сімәділ.

Ел таныған, өнерге ден қойғандар ерекше атап, жоғары бағалаған Динаның театр әлеміне есік ашуы да қызық. 2002 жылы Т.Жүргенов атындағы өнер ака­де­мия­сынан профессор Гүлдана Сапар­ға­лие­ва келеді Қарағандыға. Ака­де­мияға ауыл, аудандардан жас та­лант­­тар іріктеп әкетпек болады да, Қа­ра­­ғандының өнер мектептерін аралап, көңі­лі көншімей, аудандарға жөнеледі. Қарқаралыға бар­ған профессордың көзі бірден Динаға түседі. Болашақ әртіс мектеп бітіргелі отырған кезі екен. Мектеп бітірген бойда міндетті түрде Алматыға келуін өтініп, аты-жө­нін жазып алады. Ол аз болғандай, қайтарында сол кездегі С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық Қазақ драма театрының директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Жұмабековке қайта-қайта тапсырып кетеді. «Көз жазып қалмай, маған жеткіз» деп өтінген. Біздің кейіпкер Алматыға солай барған. Көзінде оты, сөзінде жалыны бар баланы заманында өнер академиясының проректоры, профессордың өзі таңдап алып кеткенін бүгін біреу білсе, біреу білмес. Сөйткен Дина Алматыдан оқуын аяқтай сала Қарағандыдағы Сәкен театры­на маңдай тірепті. Содан күні бүгінге атал­ған өнер ордасында. Шақырған рес­пуб­ли­калық театрлардың біріне бар­ма­ған. Мұнда жүргенде де қабілет-қарымын танитын Ә.Оразбеков пен Д.Жұмабаева және Д.Арғынғазина сынды жақсы-жақсы режиссерлер кездескен бағына қарай. Олар әлемдік драматургияның інжу-маржандары У.Шекспир, А.Чехов, Жан Ануя, П.Мериме, Т.Уильямс, Ғ.Мүсіреповтердің айтулы пъесаларынан рөлдер ұсынып, талант иесінің жолын аша білген. Өзі де әрбір кейіпке енген сайын құстай түлеп, жаңа қырынан та­нылып отырған. Әртістік әлемнің есі­гінен енді аттаған талантты жасқа Әлімбек Оразбеков француз дра­матургі Жан Ануяның «Бозторғай» тра­гедия­сын­дағы әйгілі Жанна ДʼАрк рөлін сеніп тапсырады. Бір жағынан бұл – екінің бірінің қолына түсе бермейтін бақыт болса, екінші жағынан – жас әртіске үлкен жауап­кершілік. Сол кездегі өнер­та­ну­шылар Дина өз Жанна ДʼАркін сомдап шыққанын айтады. «Ресейдің «Бастау» фильміндегі И.Чурикова ойнаған Жанна ДʼАрктай Қарағанды сахнасында да аты аңызға айналған, үлкен жүректі кішкентай Жанна ДʼАрктың образы ұмытылмастай болып сомдалды. Жас талант Дина Заитованың үлкен өнердегі алғашқы жеңісінің баспалдағы еді», деп жазды ол жайында Кеңес Жұмабеков.

Содан бері құлдырамай да, қатарда жүрмей де, тек қана шеберлік биіктерден көрінген Динаны көреміз. 2014 жылы Ақтөбе қаласында өткен республикалық театрлар фестивалінде «Ең үздік әйел рөлі» аталымы Қыз Жібекті сомдағаны үшін беріліпті. Аталған атақ 4 жыл қа­та­ры­нан Динаның қыр соңынан қалмай іздеп тауып отырған. Жоғарыда Фариза рөлін ойнаған 2019 жылға дейін.

Ол бірде бір елдің ұлттық мақтанышы Жанна ДʼАрк болып көрінсе, бірде махаббаттың жаршысы Қыз Жібектің кей­піне еніп шығады. Енді бірде М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясындағы Маржан болып мұңаяды, тағы бірде Фариза Оңғарсыновадай ақындық асқақ мінез танытады. Ал Шекспирдің «Король Лирінде» Гонерильяда кейпіне еніп, тірі балықтың басын тісімен қыршып жұлып тастап, білегіне сорғалаған қанын жалап тұрып, өршелене сөйлейді. Сіз тек қайран қалып қарап отырасыз.

«Дина қатарынан төрт фестивальде ең мықты әйел рөлін жеңіп алды. Был­тыр «Самғау» халықаралық фестивалі өтті. Қазылар Ресейден, Тәжікстаннан келді. Барлық өнертанушы Динаны көріп таңғалды. «Мынандай актрисаға бөлек пьеса жазылуы керек», деді. Баға ма, баға! Және оны жұмысқа шақырмаған театр жоқ. Мұндай бағадан соң...», деп былтыр ғана жазыпты Кеңес Жұмабеков. Біз де осы ойды қуаттаймыз. Жеке шапқан жүйрікке жеке қойылым керек-ақ!