Экономика • 20 Қыркүйек, 2021

Ауыл әйелдеріне кәсіпкерлік негіздерін оқытады

221 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысының Ескелді ауданында «Әлеуметтік осал санаттағы әйелдерді микро-бизнес негіздеріне оқыту» жобасының танымалдылығы артып келеді. Жобаны «Белес-Жетісу» қоғамдық қоры «Шеврон» компаниясы мен Орта Азия-Еуразия қорының қолдауымен Qolda 3.0 жедел көмек бағдарламасы аясында іске асыруда.

Ауыл әйелдеріне кәсіпкерлік  негіздерін оқытады

Аз қамтылған және көпба­лалы отбасыларды қол­дау­дың мемлекеттік бағдар­ла­маларының ережелеріне сәйкес тегін оқытудан өтетін әйел­дер автоматты түрде аз қам­тылғандар мәртебесін жо­ғал­тады және осыған байланысты ай сайынғы азық-түлік жиынтығы, сондай-ақ мектеп пен спорт формасына арналған чек сияқты көмек түрлерінен айырылады. Аталған жобаның ерекшелігі – атаулы әлеуметтік көмектен (АӘК) айырмай, әйелдердің әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету.

Әйелдер курсқа үлкен қы­зы­­ғу­шылық танытты. Ниет біл­діру­шілердің өтінім­де­рі кон­­курстық негізде ірік­тел­ді. Бүгінгі таңда курсқа қаты­су­шылардың саны 41 адамды құрайды, бір отбасының бірнеше мүшесі қатысқан жағ­дай­лар бар, олардың басым көп­шілігі – ересек қыздары бар аналар.

Курсқа қатысушылардың бірі – «Алтын алқа» иегері, 10 баланың анасы Әйгерім Сәдуа­қасова. Ол жоба аясында өтіп жатқан «Бизнес консультация» курсында бірнеше әлеуметтік бағдарланған компаниялардан грант алудың қосымша мүмкіндіктерінің бар екендігі туралы білді. Атап айтқанда, Алматы облы­сының кәсіпкерлік және ин­дус­триялық-инновациялық да­му басқармасынан 2-5 млн теңге мөлшерінде қаржы алуға мүмкіндік бар. Әйгерім жұ­байымен бірге «Еңбек» бағ­дарламасы бойынша 505 мың теңге мөлшерінде қайта­рым­сыз грантты жеңіп алды.

Әйгерім отбасымен бірге үйде киім жөндеумен және тігумен айналысуға ниетті. Бұл курс оған киім тігу дағды­ла­рын игеруге тамаша мүм­кіндік береді. Көпбалалы ана ретінде ол балаларына 10 дана үй киімін өз қолымен тігу ар­қы­лы отбасылық бюджетті ай­тар­лықтай үнемдейтінін біледі.

Жобаны іске асыру бары­сын­да жоба командасы Ес­келді ауданы әкімдігімен келіс­­сөздер жүргізді. Кездесу бұл жобаның жұмыссыз әйел­дер­ге арналған әлеуметтік көмек орталығына айналуы мүм­кін екенін көрсетті. Әкім­дік оқыту курстарын жүр­гізу үшін ғимарат бөлді, ол «Атамекен» ӨКП аудан­дық өкілдігімен, сондай-ақ аудан­дық жұмыспен қамту орта­лығымен бір ғимаратта орна­ласқан. Әкімдікпен серіктестік арқылы жоба командасы жоба­ның мақсаттары мен мін­дет­те­рін кеңейтті.

Сондай-ақ әкімдік аза­мат­тардың әлеуметтік осал санаттарын ақпараттық қол­дау шаралары бойынша, оның ішінде Egov.kz электронды үкі­мет­пен жұмыс бойынша тегін ақпараттық кабинет ашты. Бұл шара қаты­су­шы­ларға, сондай-ақ басқа әйелдерге кәсіпкерлік қызметпен айналысу үшін өз мүмкіндіктерін объективті ба­ға­лауға мүмкіндік береді.

«АӘК желісі бойынша не­гізгі қолдаудан айырмай қол­дау көрсетіле бастағаны бізді қуантады. Бұл бізге аяқ­қа тұруымызға мүмкіндік береді», деді Ә.Сәдуақасова.